Қазақстандағы медицина саласына қатысты жаңалықтар
Қазақстандағы медицина саласына қатысты жаңалықтар
6 жыл бұрын 6356
Мемлекеттік грантта оқыған дәрігерлер ауылда еңбек етуге міндеттелуі мүмкін

Бюджет есебінен оқыған мамандар бірнеше жыл мемлекет бекіткен жерде жұмыс істеуге міндеттелуі мүмкін. Қазақстан өңірлеріне дәрігерлер жетіспейді.

Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты, деп хабарлады Sputnik Қазақстан.

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстанда медицина мамандары жетіспеу мәселесі бар.

Мемлекеттің медициналық мамандықтарға бөліп жатқан гранты жеткілікті болғанымен, өңірлерде кадр тапшылығы бар. Өйткені тегін оқып шыққан түлектердің мемлекет алдында ешқандай міндеті болмағандықтан, олар қалада жұмыс табуға тырысады.

“Бұрын болған тәжірибені қайта енгізуге болады. Яғни, мемлекет есебінен оқыған адам бірнеше жыл мемлекеттік комиссия жіберген жерде жұмыс істеуге міндеттеледі”, — деді Біртанов.

Оның айтуынша, мұндай тәжірибе медициналық оқу орнының түлегіне мамандығын іс жүзінде меңгеріп, біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Қателік жіберген дәрігерлер қылмыстық жауапкершілікке тартылмауы мүмкін

Денсаулық сақтау министрлігі дәрігерлік қателік жіберген медициналық қызметкерлерді қылмыстық жауапкершілікке тартпауды ұсынды.

Бұл туралы Sputnik Қазақстан тілшісі денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Елжан Біртановтың айтуынша, қазіргі қолданыстағы заңнамада дәрігерлік қателікке жол берген мамандардың қылмыстық жауапкершілігі қарастырылған.

“Біздің министрлік осы жайттарды қайта қарау керек деп есептейді. Дәрігерлік қауымдастықтармен тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр”, — деді Біртанов журналистерге.

Министрдің пайымынша, мұндай норма денсаулық сақтау саласын медициналық кадрлармен қамтамасыз етуге теріс ықпал етіп отыр. Салдарынан қауіп-қатері жоғары акушер-гинекология, реанимация секілді салаларда мамандар тапшылығы бар.

“Біз денсаулыққа қасақана зиян келтірілмеген жағдайды назарға алуымыз керек. Дәрігерлік қателік үшін жазалауға болмайды, бұл біздің қатаң ұстанымымыз. Өйткені дәрігерлердің қателік жіберуге құқысы бар. Жүз пайыз науқастың диагнозды, емдеу жолын білу мүмкін емес”, — дейді Біртанов.

Оның айтуынша, денсаулық сақтау жүйесі дамыған көптеген елде қателескен дәрігерлер жазаланбайды, есесіне қажетті шаралар қолға алынады.

“Қателіктер қарастырылады, персоналды оқытуға бағытталған тиісті шаралар қолға алынады, бірақ дәрігерлер жазаланбайды. Егер біз дәрігерлік қателік үшін жазалай берсек, онда дәрігерсіз қалатынымыз анық. Өзім бұрынғы дәрігер-реаниматолог ретінде айтарым, адамдардың қателеспеуі мүмкін емес”, — дейді министр.

“Мына жағдайларды нақты ажырата білу керек: дәрігердің медициналық көмекті дұрыс көрсетуге мүмкіндігі болды, бірақ ол салдыр-салақтық немесе немқұрайдылық танытып, саналы түрде өз мүмкіндіктерін пайдаланбады, екінші жағдайда дәрігер көмектесуге бар күшін салғанымен,  қателік жіберіп алды”, — деп түйді сөзін Біртанов.

Биыл электрондық пациент кабинетi енгiзiледi

Биыл, маусымда электрондық денсаулық паспорты мен пациенттiң жеке кабинетiн пилот түрiнде енгiзу жоспарланып отыр. Бұл туралы «Денсаулық сақтау саласын цифрландыру» тақырыбындағы Үкiмет сағатында ҚР Денсаулық сақтау министрi Елжан Бiртанов айтты, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi. 

«Министрлiк цифрландыру саласындағы проблемалық мәселелердi шешу үшiн 2018 жылға бiрқатар шараны жоспарлап отыр. 2018 жылдың қаңтарында елiмiздiң 4 өңiрi, атап өтсек, Ақмола, Қарағанды, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарында медициналық құжаттаманы «қағазсыз жүргiзу» жүйесi енгiзiле бастады. Аталған жоба аясында қағаз құжаттардан кезең-кезеңмен бас тартылуда. 2018 жылдың маусымында Интеграциялық платформа, оның iшiнде электрондық денсаулық сақтау паспорты мен пациент кабинетiн пилот түрiнде енгiзу жоспарланып отыр», - дедi Бiртанов.

Министрдiң айтуынша, жыл соңына дейiн әкiмдiктермен бiрiгiп, медициналық ақпараттық жүйелермен барынша қамтамасыз ету көзделiп отыр. Себебi, ауылдық жерлерде медициналық қызметкерлердiң төмен компьютерлiк бiлiмi үлкен проблемаға айналуда. Осы мақсатта медициналық жоғары оқу орындарының оқу бағдарламасына денсаулық сақтау саласындағы ақпараттық технологияларға бағытталған пәндердi енгiзу де жоспарланған.

0 пікір
Мұрағат