Араб елі он жылға арналған «жасыл визасын» беруге кіріседі
Араб елі он жылға арналған «жасыл визасын» беруге кіріседі
29 күн бұрын 485 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті

Біріккен Араб Әмірлігінің министрлер кабинеті резиденттік визаның жаңа түрін мақұлдады: қоршаған ортаны қорғауға елеулі үлес қосқан шетелдіктерге «Жасыл виза» (Blue Residency)  он жылға беріледі. Бұл жайында islam.kz порталы The National ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Визаның жаңа түрін енгізу туралы Әбу-Дабидегі Қасыр әл Ватан сарайында өткен федералдық үкімет отырысында БАӘ вице-президенті және премьер-министрі және Дубай билеушісі, мәртебелі шейх Мұхаммед бен Рашид әл Мақтұм мәлімдеді. Оның айтуынша, экономиканың тұрақтылығы қоршаған ортаның жағдайына тікелей байланысты. Визалар теңіз және жер үсті ортасын қорғайтын, сондай-ақ, тұрақтылық пен ауа сапасын жақсарту технологияларын әзірлейтін шетелдіктерге беріледі. Таяуда Дубайдың тақ мұрагері, мәртебелі шейх Хамдан бен Мұхаммед әл Мақтұм әмірліктегі өмір сүру сапасын жаңа белеске көтеретін «Дубайдың 2033 жылға дейінгі өмір сапасының стратегиясы» деп аталатын ауқымды бағдарламаны жүзеге асыратынын жариялады. Бағдарлама Дубайда 200-ден астам жаңа саябақ құрылысын, әйелдер жағажайларын, жабайы табиғатты қорғаудың жаңа нысандарын, т.б. қамтиды. 200-ден аса жоба қамтылған стратегия аясындағы бастамалар 2024-2033 жылдар аралығында үш кезең бойынша жүзеге асырылады. Ол тұрғындардың әл-ауқатына қатысты 10 негізгі бағытты қамтиды: мәдениет және ойын-сауық, табиғи орта, қалалық орта, ұтқырлық, қоғам және отбасы, экономикалық орта, жұмыспен қамту және еңбек жағдайлары, білім беру, қауіпсіздік және денсаулық.

0 пікір
Мұрағат