Мыңбұлақ ауылының тұрғыны аш қасқырмен алысып, ауруханаға түсті
Мыңбұлақ ауылының тұрғыны аш қасқырмен алысып, ауруханаға түсті
9 жыл бұрын 4856

Аягөз ауданы Мыңбұлақ ауылының тұрғындарына қасқырлар шабуыл жасаған. Кеше аудандық ауруханаға бет терісі етімен жұлынған, саны мен саусағы, қолдары шайналған екі азамат түсті.

Қасқырмен алысқан ауыл тұрғыны 44 жастағы Аманхан Әміровтың айтуынша ауылға таңға жуық бірнеше аш қасқыр кіріп кеткен. Алдымен ауыл тұрғыны Озат Қырықбаевқа шабуыл жасаған жыртқыштар ауыл ішін еркін аралап жүргенге ұқсайды.

- Таңға жуық жұбайым далаға шығып келейік деген соң үйдің сыртына қарай шықтық. Алыстан бірдеңе көлбеңдегендей болды. Маңайда көк тазы ит жүретін, сол шығар деп ойладым. Қасқыр екенін жақындағанда бірақ түсіндім. Жұбайыма жақындап қалыпты… Бірден қасқырға қарай атылдым, құшақтаған күйі домаладық. Жан ұшырғанда қасқырды тамағынан ала түстім. Оның аузына менің басымда жүрген фонарь шамы ілініп, қатты пластмассадан жасалған фонарьді ызалана күтірлетіп шайнай берді. Қылқындырып, алысып жүріп желке жағына шығып алдым. Күшті екен өзі. Бой бермей құшағымнан сытылып шығып қолдарымды шайнап, білегімді зақымдап жіберді, сұқ саусағым қасқырдың аузында кетті. Тағы бір аунап арқа жағына шығып қатты қылқындыра бастадым, ол басын бір шығарып алып сан етімді жұлып алды. Одан кейін екінші қолым қасқырдың аузына ілініп кетті. Бүйірінен керзі етікпен тепкілеп отырып қолымды жыртқыштың аузынан әрең шығарып алдым. Сосын қолым алқымына ілінді, құлақ, езу тұсы болу керек жанұшырғанда есте де қалмапты жанталасып екі қолмен қылқындыра бастадым. Үстіне мініп бар салмағыммен жаншып тұншықтыра бастадым. Әйтеуір әйелім пышақ әкеліп үлгеріпті. Жүрек тұсынан екі рет батырып едім, үн-түнсіз қалды,-дейді Аманхан Әміров

Қасқырлар сол түні өз үйінің табалдырығында тұрған Озат Қырықбаевқа атылып оның бетін жұлып кеткен. Абырой болғанда 50 жастағы ауыл тұрғыны үйіне жылдам кіріп кетіп аман қалыпты.

Қазыр қасқырдың қанды аузынан аман қалған екі азаматтың да жағдайы қанағаттанарлық. Аурухананың хирургі Ернар Сүлейменовтың айтуынша Аманханның екі қолын да қасқар шайнап тастаған. Бір қолының сұқ саусағы жоқ. Сан етінде үлкен жарақат бар екен. Сонымен бірге денесінің жоғары жақ бөлігінің көп жері жұлынған және тістелген. Ал Озаттың оң жақ бетін қасқыр түгелдей жұлып кетіпті.

Дарын Нұрсапаров

ozgeshe.kz

1 пікір
  • барлык жерде каскырды айели олтирди деп жатыр еди шындыгында олай емес екенгой, Аллага шукир)))
    9 жыл бұрын
Мұрағат