Елімізден 1000-нан астам бала жетімдіктің азабынан құтылды
Елімізден 1000-нан астам бала жетімдіктің азабынан құтылды
9 жыл бұрын 3084 Baq.kz

Осыдан екі жылдай уақыт бұрын елімізде «Ана үйі» деген атаумен жаңа жоба жұмысын бастаған болатын. Мақсат - еліміздегі тастанды балалардың санын азайту. Бүгінде осы бастаманың арқасында 1007 бала жетімдіктің азабынан құтылған. Бұл жайында жобаның негізін қалаушылардың бірі, BI Group компаниясының жетекшісі Айдын Рахымбаев Астанада өткен баспасөз мәжілісінде айтты. 

«Екі жыл бұрын бұл жобаны қолға алғанда біз мұндай көрсеткішке ие боламыз деп ойламадық. Бүгінде осы бастаманың нәтижесінде 6 сәбилер үйі жабылды. Бізге келген 1007 баланың 4-нен ғана аналары бас тартты. Бұл жақсы көрсеткіш. Ал, қазір 410 баланы қабылдауға мүмкіндігіміз бар. Әр ана мен балаға жылына 216 мың теңге қаражат бөлінеді. Алда тағы да 2-3 аналар үйін ашу жоспарда тұр», - дейді А.Рахымбаев.

Айта кетейік, қазіргі таңда еліміздің 17 қаласында 27 жас аналарға арналған дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Оларға тек баспана мен тамақ қана беріліп қоймай, психологиялық көмек те көрсетіледі.

Сонымен қатар, «Ана үйі» жобасы негізінде Көкшетау қаласында  да жаңадан «Жас ана» орталығы 1 қыркүйектен бастап өз жұмысын бастады. Бұл үй кәмелет жасқа толмаған жас аналарға арналған. Бүгінде онда 9 жас ана тұрып келеді.

Сондай-ақ, биылдан бастап осы орталықтарда жас аналар мамандық алу мүмкіндігіне ие болып отыр. Олар компьютермен жұмыс істеу, қонақ үй бизнесі, бухгалтерия, шаштараз, тігіншілік курстары бойынша білім ала алады. Соңынан сертификат беріліп, жұмысқа орналасуға жағдай жасалады.

Назерке Сүйіндікова

0 пікір
Мұрағат