Елде жеке көмекші қызметінің ақысы мен көрсету тәртібі бекітілді
Елде жеке көмекші қызметінің ақысы мен көрсету тәртібі бекітілді
26 минут бұрын 22 kaz.inform.kz Назым Бөлесова, Назерке Сүйіндік, Алпамыс Файзолла

KAZINFORM – 2026 жылдың басынан бері елімізде мүгедектігі бар азаматтарға жеке көмекші арқылы 24 мыңға жуық көмек көрсетілді.

Жеке көмекші қызметі мүгедектігі бар адамға күнделікті қажетті жерлеріне баруына, түрлі жұмыстарын атқаруына және өз бетінше жүріп-тұруына көмектесуге бағытталған.

Қызмет көрсету үшін үш тарап арасында келісімшарт жасалады. Оған мүгедектігі бар адам, жеке көмекші және жергілікті атқарушы орган қатысады. Келісімшартта қызметтің қалай көрсетілетіні, сондай-ақ әр тараптың құқықтары мен міндеттері жазылады.

Маман тек нақты көрсеткен қызметі үшін ақы алады. Бір қызметтің құны АЕК мөлшерінің 54,56%-ына тең. Бір реттегі қызмет көрсету уақыты 4 сағаттан аспауы керек. Бір ай ішінде 60 қызметке дейін көрсетуге болады.

Бұл ретте жергілікті атқарушы органдар өңірдің ерекшелігі мен бюджет мүмкіндігіне қарай көрсетілетін қызмет санын қайта қарауы мүмкін.

Жеке көмекшінің еңбекақысы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы автоматты түрде төленеді. Қаражат қызметтің нақты көрсетілгенін растайтын актіге сәйкес аударылады.

Қызмет көрсетілетін күн мен уақытты мүгедектігі бар адам жеке көмекшімен өзара келіседі. Азамат өзіне ыңғайлы кестені алдын ала белгілей алады.

Қызмет алушы жұмыс сапасын бағалауға құқылы. Егер көмек толық көрсетілмесе немесе қызмет сапасына қатысты негізді шағымы болса, азамат орындалған жұмыс актісіне қол қоймай, тиісті шағымын бере алады.

Ал жеке көмекші өз жұмысын өзі ұйымдастырады. Оның міндеті — келісімшартта көрсетілген қызметтерді уақытында әрі сапалы орындау.

Егер келісімшарт талаптары сақталмаса, атқарылған жұмыс үшін ақы төленбейді. Сондай-ақ адамға жеке көмекші қажет емес деп белгіленген жағдайда да төлем қарастырылмайды.

Үш тарап арасындағы келісімшарт осы бағытта жұмыс істейтін барлық маманға қолданылады. Оның ішінде бұған дейін де осындай жұмысты атқарып жүргендер де бар.

Мүгедектікті анықтау кезінде қандай құжаттарды қайта тапсырудың қажеті жоқ 

KAZINFORM — Елордада мүгедектікті анықтау және әлеуметтік қолдау алу кезінде мемлекеттік жүйелерде бар кей құжаттарды қайта тапсыру қажет болмайды. Бұл туралы Астана қаласы бойынша Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаменті басшысының орынбасары Ләззат Сартымбетова айтты. 

Оның сөзінше, медициналық ұйымдар, медициналық-әлеуметтік сараптама және әлеуметтік қорғау органдары азаматқа қажетті мәліметтерді өзара алмасады.

— Азаматтар мемлекетте бар құжаттарды қайта ұсынуға міндетті емес. Медициналық тексерулер, стационардан алынған үзінді көшірмелер және диагностикалық зерттеулердің нәтижелері туралы мәліметтер ведомстволар арасында автоматты түрде берілуі мүмкін. Медициналық ұйым, медициналық-әлеуметтік сараптама және әлеуметтік қорғау органдары өзара байланыста жұмыс істейді, — деді спикер.

Ләззат Сартымбетованың сөзінше, бұл тәсіл, әсіресе мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған отбасылар үшін маңызды. Бұған дейін ата-аналар әртүрлі әлеуметтік қолдау шараларын алу үшін белгілі бір құжаттар топтамасын бірнеше рет жинауға мәжбүр болатын.

— Жаңа тәртіп бойынша мемлекеттік органдарда бар қажетті мәліметтер тиісті мекемелерге автоматты түрде беріледі. Соның нәтижесінде азаматтың бір құжатты қайта-қайта жинап, әр мекемеге жеке жүгіну қажеттілігі азаяды, — деді ол.

Айта кетейік, ведомство мәліметінше, 2026 жылғы 25 тамыздағы мәлімет бойынша, Астанада 43 403 мүгедектігі бар адам тұрады. Оның 5 346-сы — бірінші топтағы, 11 733-і — екінші топтағы, 13 339-ы — үшінші топтағы мүгедектігі бар азаматтар. Сондай-ақ елордада 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар 12 985 бала бар.

0 пікір
Мұрағат