АІ және геосаясат
АІ және геосаясат
41 минут бұрын 64 Материалды көшіріп басқанда islam.kz сайтына гиперсілтеме берілуі міндетті

IT-индустриясының өкілдері мен сарапшылар ақылды жүйелерге бақылауды жоғалту қаупінің артып келе жатқанын ескертеді. Бағдарламалар адамды айналып өтіп, өз бетінше жетілуге қабілетті деңгейге көтерілген. Бұл жайында islam.kz порталы The Economist ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Жасанды зерденің қарқынды эволюциясы бұрыннан бері әдеттегі технологиялық саланың шеңберінен шығып, Америка құрама штаттары пен Қытай халық республикасы арасындағы қатаң бәсекелестіктің обьектісіне айналды. Осылайшы АІ технологиясы саяси құралға айналып барады. Сарапшылардың ықтимал апатты салдары туралы алаңдатарлық ескертулеріне байланысты технологиялық жарысты уақытша тоқтату туралы ұсыныстар күшейе түсуде. ІТ-индустрияның көптеген өкілдері қуаты адамның қадағалау мүмкіндіктерінен оза алатын жүйелерге бақылауды жоғалту қатерін ашық мойындай бастады. Бұл арада технологияның адамды алмастыру арқылы жұмыстан жаппай қысқарту немесе жасанды зерде тарататын, шын-өтірігін ажырату қиын жалған ақпараттар қаупі турасында ғана сөз болып отырған жоқ, сонымен қатар, бұл арада сөз адамдардың бақылауын айналып өтетін, яғни, өздігінен жетілетін алгоритмдер туралы болып отыр. Сондықтан әзірлеушілер қатаң тәуелсіз аудит пен қорғау ережелерін енгізуді талап етіп отыр. Алайда, Уашингтон кез келген шектеу Американың ұлттық қауіпсіздігіне және технологиялық көшбасшылығына соққы береді, деп қорқады. Штаттар мен Қытай нейрожелілерді жаһандық аренадағы болашақ әскери және экономикалық басымдықтың іргетасы ретінде қарастырады. Рейтер агенттігі баса көрсеткендей, екі мемлекеттің үздік моделдері арасындағы алшақтық тез қысқаруда. Мұндай ахуал әлемді күрделі стратегиялық тұзаққа бастайды. Технологияны тежейтін ережелерді жұмсарту прогресті жеделдетеді, алайда, өлімге әкелетін қателіктер тәуекелін күрт арттырады, ал тежеу бәсекелеске алға шығуға мүмкіндік береді. Ойыншылардың әрқайсысы тәуекелге баруға мәжбүр, себебі, бір тараптың тоқтауы оған стратегиялық жеңіліске кепілдік береді. Дербес жүйелердің әскери салаға ықпалдасуы және аса маңызды инфрақұрылымды басқаруы да ерекше алаңдаушылық туғызады. Кибероперация кезіндегі алгоритмнің қате сигналын қарсылас тікелей агрессия әрекеті ретінде бағалауы мүмкін. Уақыт қысқарған жағдайда адамдарда жаһандық қақтығысты болдырмау үшін санаулы минуттар қалады. Сондықтан сарапшылар ең төменгі сақтандыру жүйесін құруды және негізгі шешімдерді үнемі адам бақылауында ұстауды талап етеді. Жартылай өткізгіштер мен сандық әсер айналасындағы геосаяси бәсекелестік шарықтау шегіне жетті. Әлемдік қауымдастық ғаламшардың қауіпсіздігі мен үстем державалардың амбициялары арасында осал тепе-теңдікті табуы тиіс.

0 пікір
Мұрағат