Елімізде донорлыққа қатысты келісімнің шикі тұстары бар болып шықты
Елімізде донорлыққа қатысты келісімнің шикі тұстары бар болып шықты
36 минут бұрын 21 inbusiness.kz Хақназар Жалғас

Қазір 5 мыңға жуық адам ағза трансплантациясына мұқтаж.  

Адам өмірін сақтап қалудың бірден бір жалғыз жолы – қайтыс болған адамның ағза доноры болуға келісімі, солайша келесі бір жанға екінші мәрте жарық өмір сыйлауы, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бүгінде елімізде трансплантациялық үйлестіру жүйесі жолға қойылғанымен, қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім беретіндер саны өте аз. Демек, қоғам әлі ағза донорлығына дайын емес деп тұспалдауға болады.

Трансплантаттауды және жоғары тех­но­логиялық медициналық қыз­метті үйлестіру жөніндегі республикалық ор­талықтың статистикалық мәліметінше, жыл сайын 300 адам кезегі жетпей, "күту парағынан" шығады. Былтыр осы тізімде 4 506 адам болса, оның 342-сі көз жұм­ған екен.

Дәл қазір елімізде 5 мыңға жуық адам ағза трансплантациясына мұқтаж болып отыр,оның ішінде 125 бала да бар. Тізімдегі пациенттердің басым бөлігіне, яғни, 4208 адамға бүйрек трансплантаттауы қажет. Бауыр трансплантаттауын  – 293, жүрек трансплантаттауын – 208,  сонымен қатар өкпе ауыстыруды 30 пациент күтіп отыр.

Дей тұрғанмен, елде трансплантация саны артып келеді екен. Оған дәлел – мына есептер: 2023 жылы 236 операция сәтті өтсе, 2024 жылы – 260, 2025 жылы 310 операция жүргізілген. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында тағы 150 трансплантация жасалды, оның 30-ы қайтыс болған донорлардан алынған. Мәйіттік донорлықты дамыту бағытында оң динамика байқалады. Мәселен, 2023 жылы 49 әлеуетті донор анықталса, 2024 жылы – 86 донор, ал 2025 жылы олардың саны 186-ға жетті. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында тағы 108 әлеуетті донор анықталған еді.

Дәрігерлердің айтуынша, 10 мәйіттік донор арқылы 50 адамның өмірін құтқарып қалуға болады екен. Мәйіттік донордың саны артып келеді деп қуанғанымызбен, алда да халықты ақпараттандыру, қоғам түсінігін қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар қажет. Жыл сайын 300 адамның кезегі жетпей, демі үзілетінін ойға алсақ, мәйіттік донор әлеуетін одан сайын арттыру қажеті анық.

Бүгінде ел азаматтары мәйіттік донорлыққа қатысты шешімін eGov.kz порталына кіріп тіркей алады. Трансплантацияны және жоғары технологиялық медициналық қыз­метті үйлестіру орталығы дирек­то­ры­ның орынбасары Назгүл Жылгелдинаның айтуынша, Қазақстан – әлемде донор болуға келісімді де, қарсылықты да тіркеп қой­ған жалғыз ел. Қазір eGov арқылы 172 мыңнан астам қазақстандық өз ұстанымын ашық көрсеткен. Оның ішінде 16 109 адам қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім берсе, 156 174 адам бас тартқан.

Қайтыс болғаннан кейінгі донорлық туралы шешім – әрине, әр адамның жеке әрі ерікті таңдауы. Алайда мәйіттік донорлыққа қатысты келісім беру жүйесінің шикі тұсы да бар. Мысалы, бұл форманы толтырған, көзі тірісінде мәйіттік донорды қолдаған адамдардың келісімі жойылып кетуі мүмкін. Оған себеп – қайтыс болған адамның жақын туыстарының келісімі де елімізде маңызды орын алады. Егер қайтыс болған адамның туыстары қарсы болса, трансплантация жүргізілмейді.  

Мысалы, 2025 жылғы дерекке сүйенсек, 184 ықтимал донор анықталғанымен, олар­дың 19-ының ғана туысы келісім бер­ген көрінеді. Олардың 18-інің жағдайы меди­ци­на­лық көрсеткіштерге сәйкес келіп, 68 трансп­­лантациялық ота сәтті өткен. Әлемде бір мемлекет "ке­лісім презумпциясын" негізге алса, бас­қа мемлекет "бас тарту презумпциясын" қол­данады, ал елімізде марқұмның көзі тірісінде келісімі бол­са да, нақты шешім туыстардың рұқ­сатымен ғана қабылданып келеді. Дәл осы ережені нақтылай түскенде, ағза трансплантациясына мұқтаж пациенттердің саны азаяр ма еді деген сұрақ туады.

Қазір 16 мыңнан аса адам қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім беріп отыр, алайда мұның өзі – аз көрсеткіш. University Medical Center-дің Меди­ци­на­лық және рет­теуші сұрақтар бойынша департаментінің басты менеджері Сәуле Талғатқызының сөзінше, адам келісім бер­геннің өзінде әлеуетті донор қатарында болмауы мүмкін.

– Донор атану үшін адам реанимацияда болу керек және бас миының өлімі диаг­нозы бірден қойылмайды, арнайы ко­мис­сия бір тәулік ішінде әрбір 2-3 сағат арнайы тексеріс жасайды. Диагноз тіркелгеннен кейін де мәйіт бірнеше мәрте тексеруден өтеді­, егер ішкі мүшелерінде инфекция анық­талса немесе жарамсыз болса, ол адам до­нор бола алмайды, – дейді маман.

Демек әңгіме дәрігерлер консилиумы белгіленген тәртіпке сәйкес донорлыққа қойылатын медициналық өлшем-шарттарға байланысты болып отыр. Ал кейде донордың ағзасын келесі бір қалаға тасымалдау ауа райының қолайсыздығына байланысты ұзаққа созылса, трансплантаттауға жарамай қалуы мүмкін. Мұндай да жағдайлар кездескен. Ұлттық ғылыми онкология орталығының трансплантолог-хирургы Шоқан Айтбаевтың айтуынша, бір адамның өмірін сақтап қалу үшін шамамен 150 маман еңбек етеді. Ал операцияның өзіне кем дегенде 12 адам қатысады.

Елімізде бүгінге дейін тірі донор болу 80-90% жағдайда қолданылып келді. Мамандар тірі адамның ағзасына иек арта беруге де болмайтынын үнемі айтып келеді, себебі, кей науқастың организмі жақындарының да органын қабылдай алмайды. Соның салдарынан бірнеше адамға қауіп төнуі мүмкін. Сол себепті де жалғыз үміт қайтыс болғаннан кейінгі донорлықта болып отыр.

0 пікір
Мұрағат