Халықаралық түркі телеарнасы бес тілде ақпарат тарататын болады
Халықаралық түркі телеарнасы бес тілде ақпарат тарататын болады
9 жыл бұрын 2904

Baq.kz ақпарат көзінің BNews.kz порталына сілтеме жасай отырып, таратқан хабарына қарағанда, Астанада түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің ақпарат және медиа саласындағы министрлерінің кездесуінде халықаралық түркі телеарнасы тұжырымдамасының жобасы мақұлданды, сондай-ақ ұлттық телеарналар арасында ынтымақтастық хаттамасы мен ақпараттық агенттіктер арасында меморандумға қол қойылды.

Бүгін Астанада түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің ақпарат және медиа саласындағы министрлерінің тұңғыш кездесуі өтіп, оның аясында өзара ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Оның ішінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бірлескен түркі телеарнасын құру жөніндегі бастамасы қарастырылды.

«Осы бағытта біз Түркия, Әзербайжан, Қырғыз елінен келген әріптестерімізбен телеарна құру мәселесін талқыладық. Бұл телеарна ақпараттық-танымдық болады деп жоспарланып отыр, онда біздің елдерге ортақ түркі мәдени құндылықтарын, мұнымен қатар, әрине әлемдік құндылықтарды насихаттайтын боламыз», - деп хабарлады ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің байланыс, ақпапаттандыру және ақпарат комитетінің төрағасы Талғат Қазанғап.

Оның сөзінше, халықаралық телеарна түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің құрамындағы төрт елдің тілінде және ағылшын тілінде ақпарат тарататын болады.

«Телеарнаның қашан ашылатыны жөнінде айтуға әлі ерте, өйткені қаржыландыру және өзге де мәселелердің басы әзірге ашық», - деп нақтылады комитет төрағасы.

Бүгінгі кездесудің қорытындысы бойынша бірлескен түркі телеарнасын ашу бойынша жұмысты жалғастыру шешімі қабылданды. Жалпы, халықаралық түркі телеарнасы тұжырымдамасының жобасы мақұлданды, сондай-ақ ұлттық телеарналар арасында ынтымақтастық хаттамасы мен ақпараттық агенттіктер арасында өзара байланыс жөніндегі меморандумға қол қойылды. 

0 пікір
Мұрағат