Түркіменстанда шенеуніктер халық санының екі есе азайғанын анықтады
Түркіменстанда шенеуніктер халық санының екі есе азайғанын анықтады
3 жыл бұрын 1023 Ашғабат төріндегі алабай ескерткіші

Түркіменстан халқы 2,7 миллион адамға дейін азайған. Елде халық санағын жүргізуге дайындалып жатқан мемлекеттік органдардың өкілі осындай тұжырымға келген. Бұл ресми көрсеткіштен екі есе төмен. Рас болып шықса, халық саны 1980-жылдардың деңгейіне түскен болады. Бұл жайында azattyq.org ақпарат көзі мәлім етеді. 

Түркіменстанның ресми ақпаратына сүйеніп келген Дүниежүзілік банктің статистикасында 2018 жылы ел халқы 5,8 миллион адам болды деп көрсетілген. Түркімен билігі болса, 2020 жыл ел халқы 6,2 миллион болды дейді. Азаттық радиосы Түркімен қызметінің дереккөздері халық санының бұлай күрт азайғаны билік үшін күтпеген жағдай болғанын айтады.

Азаттық дереккөздерінің сөзінше, 2008-2018 жылдары елден 1 миллион 800 мың адам көшіп кеткен. Түркімендер негізінен Түркияға, Ресейге, Украинаға және Өзбекстанға кетіп жатыр. Ал билік азаматтардың шетелге шығуын мейлінше қиындатып әлек. Мәселен, 2018 жылы жасы қырыққа толмағандарға шетелге шығуға тыйым салды.

Егер Азаттық дереккөздерінің есебі рас болса, ел халқының саны 1980-жылдардың деңгейіне дейін түскен болады. Ал бұл уақытта көрші елдердің халқы өсіп отырған.

Тәуелсіздік алғалы Түркіменстан бар-жоғы екі президентті көрді. Алдымен Сапармұрат Ниязов билік құрып, ол 2006 жылы дүниеден озған соң орнына Гурбангулы Бердімұхамедов келді. Бұл екеуінің тұсында Түркіменстан әлемнің сөз бостандығы, баспасөз еркіндігі және жемқорлық индексі секілді рейтингтерде мейлінше төмен орындарға жетті. Елде экономикалық ахуал қиын.

Ашғабат әлемдегі ең ірі табиғи газ қорының бірін иелене отырып халықты кедейшілікке жеткізді. Елде азық-түлік пен жанармай тапшылығы байқалады. Адамдар мемлекет бекіткен бағамен жұмыс істейтін дүкендерде ұзын-сонар кезекке тұрады. Пәтерақы қымбаттап, әскер күнін көру үшін егін алқабында жұмыс істеуге көшті. Мақта алқаптарында жұмыс істеуге мәжбүрлейді, бала еңбегі қолданылады.

0 пікір
Мұрағат