Тәні 104 жастағы кемпірдікіндей қыз қаза тапты
|
Ерте қартаю дертіне шалдыққан Хейли Окинс есімді 17 жастағы бойжеткен қаза тапты. Сирек кездесетін осы дертіне байланысты күллі әлемге танылған оны «айналдырған ауру ақыры алып тынды».
Біз сөз етіп отырған Ұлыбритания тұрғыны Хатчинсон-Гилфорд синдромынан азап шегетін еді. Өмірден озған сәтінде оның тәні 104 жастағы кемпірдікіндей болған. Оның қаза тапқанын ешкім білмес пе еді, егер анасы Facebook әлеуметтік желісінде хабарламағанда. «Менің қызым өзіне жақсы мекенге кетті»,- деп жазыпты жүрегі қарс айырылған анасы Керри Окинс. Бұрын дәрігерлер оның 13 жылдан артық өмір сүрмейтінін айтқан болатын. Алайда, дәрігерлердің айтқаны келмеді, қыз олар айтқан мезгілден төрт жыл кейін қаза тапты. Хейли Окинс қартаю процесін тежейтін дәрі-дәрмектерді қабылдап келген болатын. Қатты әлсіреп, пневмониямен ауырған ол үйінде жатып, дүниеден өтті. Бұл жайында The Telegraph ақпарат агенттігі хабар таратты. Осы қамшының сабындай қысқа ғұмырында ол бірнеше деректі фильмге түсіп үлгерді. Өзі туралы, өзінің басындағы қасіреті жайында сыр шертетін. 14 жасында өмірбаянын хатқа түсіріп, жарыққа шығарды. Ауруын, сол сырқаттың кесірінен пайда болатын түрлі уайым-қайғыны серпіп тастап, әлеуметтік жұмыстардың бел ортасында жүрді. Ол дельфиндермен бірге жүзді, саяхатқа шығып, әлемді шарлады. Атағынан ат үркетін тұлғалармен танысты. Сөз реті келгенде айта кетейік, сирек кездесетін мұндай сырқатқа әлем бойынша шамамен 50 адам шалдыққан. Бұл кесел адам өмірге келгенде байқалмайды. Есейе бастаған шағында, яғни, уақыт өте келе белгі береді. Шашы түсіп, терісіне әжім қаптайды, сүйегі өспейді. Мұндай сырқатқа шалдыққандар қарт адамға тән кінәраттар мен кемістіктерге ұшырайды. Әдетте ерте қартайған адамдар 13 жасына дейін ғана өмір сүреді.
Өлім хақ!
Еегер тірі қалса әлемнің жартысын билеген патшалар мен жұз ұрпағына жететін байлығы барлар өлмес еді ғой!