Жаһан жаңалықтары: «Порномен» бопсалаушы жазаға кесілді
Жаһан жаңалықтары: «Порномен» бопсалаушы жазаға кесілді
9 жыл бұрын 3727

АҚШ-та «порнолық» сайттың иесі Кевин Боллертке бопсалау бабы бойынша айып тағылып, 18 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл жайында The San Diego Union-Tribune ақпарат көзі хабар таратты. Сот төрағасы Дэвид Гилл оның бұдан да қатаң жазалау керектігін мәлімдеді, өйткені, оның порталынан талай адам зардап шеккен. Сондай-ақ, сот төрағасы қылмыскерден өзінің құрбаны болға ндарға айыппұл төлеуін талап етті. Тарқатып айтсақ, темір тордың ар жағына тоғытылған Кевин Боллерттің сайтында 10 мыңнан аса адамның порнографиялық фотосуреті болған. 28 жастағы жігіт 21 рет персоналдар мәліметін ұрлап, алты рет бопсалап, ақша талап еткені үшін айыпталған. Оның UGotPosted.com сайтында құрбандарының жалаңаш суреттері ғана емес, сонымен қатар, олардың жеке басының мәліметтері, мекен-жайы, аты-жөні болған. Оларды қылмыскер өзінің арам мақсатына пайдаланған, яғни, бопсалап, ақша талап еткен. Өзінің бұл талабын орындамағандардың жалаңаш суретін әлеуметтік желілерге орналастырып отырған. Бұған қоса, қылмыскердің бұдан бөлек тағы бір порталы болған. Кем дегенде 250 доллар төлегендердің порнолық суретін осы портал арқылы жойып отырған. Бұдан түсірген табысы да қомақты: 30 мың доллардан асады. Сотта оның күш қолданып, зорлық-зомбылыққа жол бермегені ескеріліп, жаза мерзімінің жартысын өтегеннен кейін мезгілінен бұрын бостандыққа шығуы жөнінде шағым түсіруіне мүмкіндігі болады. Сотта оның неліктен мұндай қадамға барғанын айыпкерден сұрағанда ол: «Алғашқыда бұл қызық көрінді, қазір өмірімді бүлдіргенін көріп отырмын»,- деп жауап қатна екен. Оның сотына қылмыскердің де әке-шешесі қатысқан болатын. Олар ұлының бұл әрекетін құптамайтынын айта келіп, болашақта түзелеріне сенім артып отыр.

 

Католик мектебі мұсылман оқушыларына ультиматум қойды

Бельгияның Антверп провинциясына қарасты Мехелен қаласындағы католик мектебінің әкімшілігі шариғат талабына сай киінген мұсылман оқушыларынан етек-жеңін қысқартуды, мұны орындамаса мектепке келмеуін талап еткен. «Сабақ кезінде математикадан беретін мұғалім: «Сендердің киімдерің мектепке жарамайды, оны мешітке киіп барыңдар»,- деп айтты»,- деді мұсылман оқушыларының бірі Morocco World News ақпарат көзінің тілшісіне. «Мені сабақтан қуып жіберді әрі директордың кабинетіне шақырды. Сондай-ақ, олар менің ата-анама телефон шалды»,-деді ол сөзін сабақтап. Аталмыш мектеп әкімшілігі алдымен діни ерекшелікті еске түсіретін қандай да бір киім киіп келуге тыйым салса, енді жаңа ереже бойынша оқушылар етек-жеңі шолтиған киім келуі тиіс. Бұлай киініп келмегендерді кіреберісте тосып алып, белдемшелерін көтеруді және жеңдерін қайыруда талап еткен. Бұл талаптарына құлақ аспағандарын үйлеріне қайтаруда. Мектеп әкімшілігі ұзын етекті белдемшенің оқушылардың жүрісіне кедергі келтіретінін желеу етіп отыр. Олар құлап қалып, жазатайым жарақат алса, «біз жауап береміз» дегенді алға тартып отыр. Қызық болғанда, осы мектеп қабырғасында сабақ беретін ұстаздардың арасында мұрын желбезегіне пирсинг тағып алғандары да бар.

 

Жиені өзіне күйеуге шықпағаны үшін 10 туысқанын өлтіріп тастады

Пәкістан тұрғыны жиені Гүл Ахмет Канның өзіне күйеуге шығудан бас тартқаны үшін ашу үстінде он туысқанын өлтіріп тастады. Бұл жайында Geo TV телеарнасы хабар таратты. Бұл қайғылы оқиға кеше таңертеңгісін, яғни, жексенбіде Пәкістанның солтүстігінде орын тепкен Хайбер-Пахтунхва провинциясында орын алған. Ал қолын қандаған жігіт қазіргі уақытта қашып жүр. Ол өзінің ағасын, әпкесін, сегіз жиенін атып тастаған. Өзі сөз салған жиені де оның қолынан қаза тапқан. Мұндай жағдай бірінше орын алып отырған жоқ. Өткен жылдың қараша айында жиенінің өзіне күйеуге шығудан бас тартқаны үшін жігіт өзінің әке-шешесін және екі бауырын атып тастаған болатын.

0 пікір
Мұрағат