“Оның ойы Түркі одағын құру…”. Ресейлік mass media Мирзияевтың құпиясын біліп қойды
“Оның ойы Түркі одағын құру…”. Ресейлік mass media Мирзияевтың құпиясын біліп қойды
30 күн бұрын 4281 Думан Бықай

Ресей Орта Азияға көңіл бөлуді қойды. Кремльдің бар назары әзір Таяу Шығыс пен Қара құрлыққа қарай ауды” дейді Dalanews.kz-ке пікір білдірген саясаттанушы Марат Шибұтов.  

Содан болар соңғы жылдары аталған аймаққа ықпалын жүргізгісі келген Қытай қарқынды қимылға көшкен.

«Қытайдың Орта Азияға қатысты ұзақмерзімді стратегиясы бар. Мұның соңы аймақты экспанциялаумен аяқталуы мүмкін. Таяу Шығыс пен Африкаға көбірек көңіл бөліп кеткен Мәскеу Бейжіңнің бұл әрекетіне кедергі келтірер түрі жоқ», – дейді Шибұтов.

Оның пікірінше Өзбекстан бұл одаққа оңайшылықпен өтпейді. Өзбек билігі үшін одаққа түбегейлі қосылғанша, ұйым жұмысын сырттай бақылап отырған оңтайлырақ.

«Одаққа қосылса Өзбекстанға қосымша құжаттар мен міндеттерді мойнына алуға тура келеді. Бұрынғыдай емін-еркін сауда-саясатын жүргізе алмайды. Өзбекстан ТМД-дағы еркін сауда аймағының қызығын көріп отыр.

Өзбектер ұйым қатарына өтсе, Қазақстанға өзбек кәсіпкерлермен бәсекелесу қиынға түседі. Көршіміз еңбек нарығында Қазақстанды шетке ысырып тастауы ғажап емес.

Оның үстіне өзбек билігі Қазақстанда жасалған тауарларды өз нарығына өткізуге шектеп қойып тастаған. Тоқ етерін айтқанда Өзбекстанның одақ қатарына өтуі Қазақстанға тиімсіз», – дейді Шибұтов.

Мирзияевтің арманы орындала ма?

Ресейдің Орта Азиядан алыстап, Таяу Шығысқа қарай ойысып кеткені Кремльдің пропаганда құралдарын да алаңдатып отырған жайы бар. Аймақта Түркияның ықпалы күшейіп, түркілдестердің бірігуінен құрылуынан қауіптенген ресейлік mass-media бұған Өзбекстан президенті Шавқат Мирзияев септесуі мүмкін деген сенімде.

Кремль пропагандашысы Дмитрий Киселев қаржыландыратын «Красная весна» ақпарат агенттігі Ресейдің Орта Азияға жете көңіл бөлмеуі үлкен қателік деп санайды.

Мәскеу аймақты уысынан шығарар болса, Түркия бұл мүмкіндікті қалт жібермейді.

«Ердоғанға бауырластардың басын қосу қиынға соқпас. Ал Ресей бармағын тістеп қала бермек. Геосаяси тұрғыдан аса маңызды аймаққа сергек қарау керек еді», – дейді агенттік.

«Красная весна» ақпарат агенттігінің жазғанындай Мәскеудің бейғамдығын ұтымды пайдаланғысы келген Түркия Орта Азия ғана емес, сонымен бірге түркітілдестер тұратын Ресей аумағында да халифат құрмақ ойы бар.

«Түркия Орта Азия мен Ресейдегі түркітектес ұлттарды бір тудың астына біріктірмекші.  Экономикалық жобалардан бөлек, ғылым-білім саласындағы бағдарламаларды белсенді түрде ендіруде. Біле білсек, мұның астарында «түбі бір – түркі» дүниесін тұтастыруға деген арман-мұрат жатыр.

Түркі дүниетанымын кеңінен насихаттау, түркі одағын құру, түркітілдестерді бір жұдырыққа жұмылдыру идеясы Өзбекстанда ерекше қолдауға ие», – дейді «Красная весна».

Осы мақсатта Ташкентке сапар шеккен  агенттік тілшісі осынау идеяның жүзеге асуына өзбек элитасы айрықша қызығушылық танытып, алақанын ысқылап отырғанын жазыпты.

Оның пікірінше Түркі одағын құруды қолдайтын биліктегі азаматтардың дені Мирзияевпен ым-жымы бір, президенттің тап іргесінде жүрген топ.

«Мирзияевтің Таулы Қарабаққа келгенде бауырлас Әзірбайжанды ашық түрде қолдауының өзі біраз жайттың бетін ашқандай. Бұл ел бұдан бөлек Түркі одағы кеңесінің жұмысына қан жүгіртіп, ерекше белсенділік танытып отыр.

Мирзияевтың маңындағы топтар «түбі бір түркілер» идеясы Орта Азия көлемінде насихаттауға мүдделі. Олар бұл мақсатқа қыруар қаржы бөлуге де қарсы емес. Ал насихат дегеніміз, қоғами-мәдени іс-шаралардан, кино туындылардан бастау алады.

Күні кеше Мирзияевтың төңірегіндегі топтар түркі әлемінің біртұтастығын төтесінен насихаттап, бірігуге үндеген түріктің тарихи сериалы «Мендирман Джалолиддин» туындысын  қолдап шықты», – дейді агенттік тілшісі.

«Красная весна» ақпарат агенттігінің жазғанындай бұған Мирзияев тікелей қолдау көрсетіп отыр.

Өзбекстанның Түркиядан аумайтын латын әліпбиіне көшуі де бұл елдің Кремльден іргесін аулақ салғысы келетінін көрсетеді. Өзбекстан өзінің мәдени һәм біліми кеңістігін Түркиямен байланыстырып, КСРО тұсында қабырғасы қаланған дүниетанымды түбегейлі қиратпақ.

«Бұған жол бермеген жөн. Түркі одағын құру туралы әзір аталған өлкеде қызу талқыланып жатқан тақырыптың бірі. Аймақта түрікшілдіктің желі есетіндей. Ал оның аржағында Анкара тұр. Түркия түркі әлемін тұтастырар болса, Орта Азиядан біржолата басыбүтін айырыламыз.

Бұған дәлелді алыстан іздеп қажеті жоқ. Таяу Шығыста Түркиямен текетіресіп жатқанымыз аздай, енді Кавказдағы дауға да тұмсық тықты.

Алдағы уақытта түрік әскері Өзбекстанға кіріп келсе, таңғалмаңыз», – дейді ресейлік агенттік.

Лавровтың уәжі 

Сол-ақ екен Орталық Азияға қатысты Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров пікір білдірді.

Ресейлік шенеунік Қазақстандағы ұлтаралық татулық туралы айтып, Қазақстан билігі елдегі орыстілді аудиторияның көңілін жықпай, пікірін елеп-ескеріп отыратынын тілге тиек етіпті. 

“Орыстілді ортаның талабы-арызын тыңдап, ой-пікіріне құлақ түру ТМД аясындағы арнайы құжатта тайға таңба басқандай жазылған”, – дейді Лавров.

Ресейдің Сыртқы істер министрі Қазақстанның этникалық көзқарас негізінде қақ жарылуына себеп көріп тұрған жоқ. Қазақстандағы орыстілді аудитория мамыражай күн кешіп жатыр. 

Әйткенмен ол да Түркияны астарлап айтып, «қазақтармен тығыз байланыс орнатқан «олардың» қандай ойы бар бізге беймәлім» деген пікір білдіріпті.

Лавров аймақта АҚШ пен Қытайдың ықпалы күшейгеніне алаңдайды. Айтуынша қоғамдық қордың атын жамылған Американың саяси жобалары аймақтағы ұлтшылдықты қоздырып отыр.

«Қытай да Орта Азияға селқос қарамайды. Экономикалық әлуеті асып-тасқан әзіргі шақта АҚШ-пен кіржіңдесіп, аймаққа «иелік» етпек ойы бар. Бұл Ақ үйге ұнамай отыр», – деген Лавров бұл тайталаста Бейжіңнің сөзін сөйлейтінін, Орта Азияға Ресей мен Қытайдың қатар ықпал етуіне қарсы еместігін астарлап айтқан.

Сөз сарынына қарағанда Мәскеу Орта Азияны уыстан шығармайды.  Ал “Кремль аймаққа көңіл бөлуді қойды” деп аттандап жатқан пропаганда құралдарының алаңдауына негіз жоқ.

«Біз өзімізге берілген мүмкіндікті ұтымды пайдаланатын боламыз. Орта Азия елдері де Ресеймен қойын-қолтықтасып, әріптестік орнатуға кет әрі емес. Әйткенмен біз осы аймақтағы әрбір елмен, оның ішінде Қазақстанмен барлық тараптағы сенімді байланыс орнатқанды қалаймыз», – дейді Лавров.

Бұған дейін…

Бұдан бұрын Dalanews.kz тілшісі өзбек сарапшысы Бахтияр Ерғашевпен сауалдасқан. Сол сұхбатта Ерғашев Өзбекстанда Еуразиялық одаққа қосылу-қосылмау туралы қызу discuss жүргенін айтқан.

Еуразиялық одаққа кіру-кірмеу туралы пікірталас былтырғы жылдың екінші жартысында шарықтау шегіне шыққан. Осынау ұйымның олқылықтары ашық айтыла бастаған. Басым тұстары да тыс қалмаған.

Ергашевтің айтуынша мерзімді басылымдарда, телеарналарда, интернет-кеңістікте одақ туралы пікір білдіруге кеңшілік жасалып, бұл елдегі осы күнге дейін бұғауда жатқан қоғамдық сананы оятқан.

“Билік ешкімнің аузын буған жоқ. Ақыр аяғы бұл бастама нәтижесін берді.

Осыған дейін үкіметтік деңгейде өтіп келген талқылауда “Өзбекстан тездетіп Еуразиялық одаққа қосылады” деген пікір жиі айтылатын. Тіпті кейбір шенеуніктер: “Өзбекстан 2020-2021 жылға дейін осы одаққа өтеді” деп сенімді сөйлеп жүрді.

Алайда, бұл мәселе қоғам талқысына түскеннен әлгіндей әңгіме сап тиылды.

Мирзияев ел ішінде Өзбекстанның осы одаққа қосылғанын құптамайтын, салмақты, санасуға тұрарлық қоғамдық күштің бар екенін көрді. Олар жоғарыға дамудың өзге жолын ұсынды.  Мирзияев олардың уәжін тыңдады және қабыл алды. 

Биылғы жылдың басында Өзбекстан президенті Еуразиядық одаққа қосылуды кейінге қалдыратынын, бұған байыппен, асықпай-аптықпай келу керектігін айтты.

Стратегиялық мәні бар шешімге келгенде өзбек билігі өз дегенінде тұрды”, – деген болатын саясаттанушы.

0 пікір
Мұрағат