|
Ауғанстанда мемлекеттік қызметкерлерге смартфон ұстауға тыйым салынды
|
Ауғанстанның жоғарғы көсемі, билік басындағы тәліптер қозғалысының жетекшісі Хайбатулла Ахунзада қозғалыс мүшелері мен мемлекеттік ызметкерлерге смартфонды пайдалануға басы бүтін тыйым салды. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде KabulNow ақпарат көзіне жөн сілтеген IslamNews агенттігіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Afghanistan International телеарнасының қолындағы құжат талаптарына сәйкес жоғарғы көсемнің бұл тараптағы ауызша жарлығы әділет министрлігі арқылы елдің сегіз аймағындағы әскери соттарға жөнелтілген. Таяудағы мағлұмдамаға (директива) сәйкес мұндай шектеу полиция басшылары мен барлау құрылымынына да енгізілген. Жарлыққа сай бұл тыйымды елемеген мемлекеттік құпияға қатысы бар тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылады және әскери сот үкімімен жазаға тартылады. Мемлекеттік қызметкерлер бір-бірімен байланысуы үшін кәдімгі байланыс құралдарын, соның ішінде термелі телефонды қолдануға рұқсат етілген. Бұл ереженің орындалуын бақылау үшін арнеайы тізім жасалды: оған қадағалаудағы әр тұлғаның аты-жөні, лауазымы, қызметі, мобилді операторы, телефон нөмірі енгізіледі. Ауған билігі мұндай сақтық шараға ең алдымен қызметтегі құпияның жария болмауы үшін барып отыр. Таяу шығыс аймағындағы шиеленіс кезінде смартфонмен байланысты түрлі қауіп-қатерді ескере отырып әрі мемлекеттік құпияның қолды болмауы үшін осындай мәжбүрлі, шектеу шараларын жүзеге асыруға ден қойды. Оның үстіне, смартфон тыңшылық етудің құралына айналғанын алға тартуда. Осы орайда өткен аптада білім беру министрлігі де мектеп оқушылары мен медресе шәкірттеріне смартфон пайдалануға тыйым салу қарастырылған директива қабылдағанын айта кетпекпіз.