Әзірбайжанда қымбат құлпытастар мен ескерткіштерге тыйым салынатын болды
|
Әзірбайжанның діни ұйымдармен жұмыс істейтін мемлекеттік комитеттің төрағасы Мүбрайыз Құрбанұлының мәлімдеуінше, құлпытастарды орнатуға қатысты мәселелерді ретке келтіру керек. «Қымбат құлпытастарды орнатудың тәртібі мен ережесін қалыптастыратын уақыт келді. Аталмыш мәселе тек діни ұйымдармен жұмыс істейтін мемкомитеттің құзырына ғана кірмейді, мәселені қоғаммен бірге шешу керек», - деді ол. Оның айтуынша, кейбір шетелдерде құлпытас орнату мәселесі нақты ережелермен реттеледі. «Мәселен, осы ережелерге сәйкес құлпытастар бір-бірінен ерекшеленіп тұруы тиіс. Біз қазіргі уақытта осы жобамен жұмыс істеп жатырмыз. Мазар ашу, оны басқару, жерлеу шараларын ұйымдастыру және қабірлерді тізімдеп, тіркеу, сондай-ақ, қымбат құлпытастың көлемі ережемен реттелуі тиіс. Бұл жағдайда ешкім де шектен тыс қымбат құлпытас орната алмайды. Құлпытас өлген адамның әлеуметтік мәртебесін анықтау өлшеміне айналмауы қажет», - деді ол. Айтса айтқандай, бұл мәселе бізде де шешімін табатын уақыты келді. Бейіт соғып, құлпытас орнатудағы бәсекелестік дінімізге қайшы келетіні жөнінде халық арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек шығар.