Абайдың: "Уайым – ер қорғаны, есі барлық" деген сөзі төңірегінде
Абайдың: "Уайым – ер қорғаны, есі барлық" деген сөзі төңірегінде
2 жыл бұрын 3596

 

«Уайым» дегенде, ең алдымен «Уайым түбі – тұңғиық, батасың да кетесің» деген мәтел еске түседі. Мұнда уайымның кеселді жағы айтылған. Алайда Абай атамыз «Бір дәурен кемді күнге бозбалалық» деген өлеңінде «уайым – ердің қорғаны, есі барлық» деп көңілдің осы бір күйіне екінші қырынан қараған. Ақынның айтпақ ойына тоқталмас бұрын уайымның Ислам дініндегі орнын қысқаша бағамдап алу маңызды.

Уайым дегеніміз – адамдық пен сүйіспеншілік, жанашырлық пен жауапкершілік, үміт пен үрейден пайда болатын көңілдің күйі. Дін мен Отан үшін қызмет ету, жұртқа жақсылық жасау іштей сол елдің жағдайына алаңдаудан, жанашырлықтан туындайды. Егер кісінің иманыкәміл болса, қоғамымыздағыкейбір келеңсіздіктер мен небір азғындықтарды көріп күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылар еді. Өйткені пенде өзіне қалағанды досына да қаламайынша толық иманды бола алмайды.

Халифа Омар ибн Абдулазиз мұсылмандардың күйін ойлағанда көз жасына ие бола алмайды екен. Жұбайы Фатима келіп неге сонша таусыла беретінін сұрағанда халифа былай деп түсіндіреді екен: «Мына үмбеттің ең үлкен жүгі қазір менің мойнымда. Халық арасындағы аш-жалаңаш, міскін мен науқастарды, жетім-жесір мен әділетсіздікке душар болған жандарды көргенде батпандай ауыр жүктің астында қалғандай күй кешем. Ертең Алла тағала олардың жайын менен сұрағанда не деп жауап берем» (Ибн Касир, 9 том, 201-б.). Сол уайымның нәтижесінен болса керек, Омар ибн Абдулазиз дәуірі садақаға мұқтаж адам қалмаған Исламдағы ең бақытты кезеңнің бірі болғанын бүгінде тарихшылар жарыса жазып жатыр.

Сондай-ақ бүгінгі адамзат баласының, соның ішінде мұсылман үмбетінің қиын ахуалы, иман, ар-намыс, көркем мінез секілді рухани құндылықтардың бірте-бірте ұмытылып бара жатқандығы, табиғат байлығының күн санап күйреп жатқандығы есі бар кісіні уайымға салмай қоймайды. Кешегі Асан бабамыздың азан шақырып қойған атына «қайғы» деген сөздің қосылуы тегін емес. Қазақтың елдігін ойлап, Алаш баласына шұрайлы мекен іздеген жыраудың санасына дамыл бермеген – ұрпақ жайы еді.

Ал ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бүкіл өмірі уайым-қайғымен өтті. Өз қыздарын тірідей көміп, тырдай жалаңаш күйде Қағбаны тәу етіп, меңіреу пұттарға ессіз табынып жүргендерге қарап қайғыдан қан жұтты. «Қайтсем адамдарға тура жолды көрсетем, Құран ақиқатына қалай қауыштырам» деп көз жасын құрғатпай ғұмыр кешті. «Адамзатты осы күйден құтқара гөр!» деп Жаратқанға жалынумен өмір сүрді. Оның өз үмбетіне деген мейірімі мол еді. Қасиетті Құранда пайғамбарымыз жайлы мынадай аят түсті:

«Шындығында, сендерге өз араларыңнан бір пайғамбар келді. Сендердің қиналуларың оның жанына қатты батады. Ол сендерге ынтық, ерекше мейірімді» («Тәубе» сүресі, 128-аят).

Уайым – ұлы Жаратушы иеміздің алдында әлсіздігімізді, дәрменсіздігімізді мойындаудың да белгісі. Адам баласы ақыретіне алаңдап, елі мен діні үшін қам жегенде ғана Алланың шексіз рақымына қол жеткізе алады. Және де қамкөңіл жанның бұл дүние қызығына мақтанбай, ойлы келетіні анық. Осы тұрғыдан жүректегі уайымды бос күлкіге, жеңілтектікке, мақсатсыз бекер іске жібермейтін рухани күш деп те бағалай аламыз.

Мысалы, жер бетіндегі адамзат баласының қамын ойлап, қайғырып, түндерін Аллаға дұға етумен өткізген адамның Алла алдындағы қадірі де биік болады. Абай қара сөздерінің бірінде: «Әрбір уайым-қайғы ойлағыш кісі не дүние шаруасына, не ақырет шаруасына өзгеден жинақырақ болса керек» дейді. Уайым ұйқышыл адамды сергектікке, жалқауды еңбекқорлыққа, бейқам жанды жинақылыққа тәрбиелейді. Пайғамбарымыздың білгенін білгенімізде аз күліп, көп жылар едік. Көзді арбайтын өмірдің қызылды-жасылына алданбай, бұл күндері халі мүшкіл дін Ислам үшін көбірек қам жер едік. Мына дүниеден Алланың хикметін оқып, қазіргіге қарағанда анағұрлым ойлы болар едік. Заманында елге сөзін ұқтыра алмай, мыңмен жалғыз алысып надандықтың құрбаны болған хәкім Абай жастарға мынадай өсиет қалдырды:

«Уайымсыз салғырттық деген бір нәрсе бар, зинһар, жаным, соған бек сақ бол. Ол әуелі Құдайдың, екінші халықтың, үшінші дәулеттің, төртінші ғибраттың, бесінші ақылдың, ардың – бәрінің дұшпаны».

Асылбек Әуезханұлы, «Даналық ойдан дән ізде».

 

0 пікір