«Бір күлше садақа берген артық па, жүз рәкәғат намаз оқыған артық па?»: Сахаба Әнәстің Пайғамбарымызға қойған 8 сауалы
«Бір күлше садақа берген артық па, жүз рәкәғат намаз оқыған артық па?»: Сахаба Әнәстің Пайғамбарымызға қойған 8 сауалы
2 жыл бұрын 10579

Сахаба Әнәс бин Мәлик былай әңгімелейді:

«Мен Пайғамбарымыздан (саллаллаһу алейһи уә сәлләм):

- Уа, Расулалла! Қайсысы сізге сүйкімдірек: бір күлше садақа бергенім бе, әлде жүз рәкәғат нәпіл намаз оқығаным ба? – деп сұрадым.

- Мен үшін, бір күлше садақа беруің – екі жүз рәкәғат нәпіл намаз оқығаныңнан сүйкімдірек, - деп жауап берді.

- Уа, Расулалла! Сіз үшін бір мұқтаж мұсылманның мұқтаждығын кетірген сүйкімдірек пе, әлде жүз рәкәғат нәпіл намаз оқыған ба? – дедім. Ол:

- Маған бір мұқтаж мұсылманның мұқтаждығын кетіру – мың рәкәғат нәпіл намаз оқығаннан сүйкімдірек» - деді.

Мен (р.а.):

- Сізге харамнан болған бір үзім нанды жемеу сүйкімдірек пе, әлде мың рәкәғат нәпіл намаз оқыған ба? – дедім.

Ол (с.а.у.):

- Маған харамнан болған бір үзім нанды жемеу – екі мың рәкәғат нәпіл намаз оқығаннан сүйкімдірек, - деді.

Мен (р.а):

- Уа, Расуллалла! Сізге біреуді ғайбаттауды тәрк ету сүйкімдірек пе, әлде мың рәкәғат нәпіл намаз оқыған ба? – дедім.

Ол (с.а.у.):

- Ғайбатты тәрк ету – мен үшін он мың рәкәғат нәпіл намаз оқығаннан сүйкімдірек, - деді.

Мен (р.а.):

- Уа, Расулалла! Сізге бір жесірдің мұқтаждығын қамтамасыз ету сүйкімдірек пе, әлде он мың рәкәғат нәпіл намаз оқыған сүйкімдірек пе? – дедім.

Ол (с.а.у.):

- Бір жесірдің мұқтаждығын кетіру – мен үшін отыз мың рәкәғат нәпіл намаз оқудан сүйкімдірек, - деді.

Мен (р.а.):

- Уа, Расулалла! Сізге жанұямен отырған сүйкімдірек пе, әлде мешітте отырған ба? – дедім.

Ол (с.а.у.):

- Жанұямен бір сағат отыру – мен үшін мына мешітімде иғтикаф жасағаннан сүйкімдірек, - деді.

Мен (р.а.):

- Уа, Расулалла! Сізге жанұяға дүние жұмсау сүйкімдірек пе, әлде Алла жолында дүние жұмсау ма? – дедім.

Ол (с.а.у.):

- Маған кісінің өз жанұясына жұмсаған бір күміс дирхам ақшасы – Алла жолында жұмсаған мың алтын динар ақшасынан сүйкімдірек, - деді.

Мен (р.а.):

- Уа, Расулалла! Сізге ата-анаға жақсылық жасау сүйкімдірек пе, әлде мың жыл құлшылық жасау ма? – дедім.

Ол (с.а.у.):

- Уа, Әнәс! «Ақиқат келді, жалған жойылды. Шынында, жалған жойылушы». Маған ата-анаға жақсылық жасау – екі мың жыл құлшылық жасаудан сүйкімдірек» - деп жауап берді[1].

«Аллаһумма салли аля саидинә Мұхаммәд уә алә әәли Мұхаммәд».


[1] Әбу Ләйс әс-Самарқанди: «Тәнбиһуль ғофилин». Тәбиғин Қатаданың сахаба Әнәстан жеткізген риуаят.

 
Абдусамат Қасым
 
0 пікір