«Ярмук» соғысында орын алған ғибратты бір көрініс
«Ярмук» соғысында орын алған ғибратты бір көрініс
4 жыл бұрын 5033

Әзіреті Хузайфа (р.а.) баяндаған мына бір оқиғадан сахабалардың бойындағы соңғы демдеріне дейін көрсеткен жоғарғы деңгейлі мінез бен парасаттылықтың нышанын көруге болады.

«Ярмук соғысында болатынбыз. Айқастың табы басылып, оқ пен найзадан жараланған мұсылмандар ыстық құм үстінде жан тапсыра бастады. Осы кезде мен де өз күшімді әрең жинап, немере ағамның ұлын іздедім. Өлім үстінде жатқан жаралылардың арасын біраз аралап жүріп, ақыры таптым. Бірақ шарасыз, қанға боялған ағамның ұлы көз ишарасымен әрең сөйледі. Алдында әзірленген су торсығымды ұзаттым:

«Су ішесің бе?» - дедім.

Ішкісі келетіндігі белгілі еді, өйткені еріндері ыстықтан қуырылғандай еді. Бірақ, жауап қататын шамасы жоқ еді. Бейне бір көзімен аянышты халіне ишарат етті.

Мен су торсықтың аузын ашып, суды оған қарай соза бергенімде арғы жағындағы жаралылардың арасынан Икримәнің дауысы естілді:

«Су! Су! Бір тамшы болса да су!»

Немере ағамның ұлы Харис осы жан дауысты ести сала, өзі судан бас тартып, ымдап суды Икримаға апаруымды сұрады.

Ыстық құмның үстінде жатқан шейіттердің арасынан жүгіре-жүгіре Икримаға барып, торсығымды создым. Икрима торсыққа қолын соза бергенде Ыяштың аянышты дауысы естілді:

«Өтінем, бір тамшы су беріңдерші! Алла ризалығы үшін бір тамшы су!»

Бұл дауысты естіген Икрима қолын тартып, суды Ыяшқа апаруды меңзеді. Харис сияқты ол да ішкен жоқ.

Мен торсықты алып, шейіттердің арасымен жүріп, Ыяшқа жеткенімде, оның соңғы сөздерін естідім. Ол:

«Құдайым! Иманның жолында жанымызды пида етуден ешқашан бас тартпадық. Енді бізден шейіттік мәртебесін аяма. Қателіктерімізді кеш!» - деді. Ыяштың шейіттік шәрбетін ішкені белгілі еді. Менің әкелген суымды көрді, бірақ уақыт қалмаған еді. Иманын үйіріп әрең үлгерді.

Дереу кері қайтып, жүгіріп Икриманың қасына келдім, су торсығын созып жатып, Икриманың да жан тәсілім еткенін көрдім.

Тым болмаса немере ағамның ұлы Хариске үлгерейін деп, жүгіріп оған бардым. Шара нешік, ол да оттай қызған құм ұстінде қуырылып, жан тәсілім еткен екен... Өкінішке орай су торсығы толы қалпында үш шейіттің ортасында қалды[1].

«Көңіл бақшасынан ақтық дем» атты кітаптан.


[1] Әл-Хәким: «әл-Мүстәдрак». ІІІ, 270.

0 пікір