Пайғамбарымыздың (с.а.у.) дүниеге келуі
Пайғамбарымыздың (с.а.у.) дүниеге келуі
1 ай бұрын 2803

Әбдімүттәліптің тәуекелі мен Аллаға шын берілгендігі және Әбраха мен әскерінің басынан өткен жағдайлар ауыздан-ауызға тарап аңызға айналды (піл оқиғасын қараңыз). Елдің санасы оянып, Әзіреті Ибраһим мен Әзіреті Исмайылдың дұға етіп, жалбарына жүріп салған Қағбасына ешкімнің қол сұға алмайтын баршаға сабақ болды. Міне, енді әлем осы дұғалардың қабыл болып, орындалатын уақытына дайындалып жатты.

Соңғы пайғамбар – Мұхаммед пайғамбарға жүткі болған Әмина аяғы ауыр басқа әйелдердей қиналмады. Жанын рақым самалы желпіп, жүктілік мерзімі жеңіл өтті. Оның үстіне кейде соншалық жағымды үнмен құлағына бір дауыс келіп сыбырлайтын. Бір күні ол дауыс: «Сен үмбеттің басшысына жүктісің. Сәбиді "залымның жамандығынан бір Құдайға тапсырамын және Соның қорғауына қалдырамын" де. Атын «Мұхаммед» деп қой» деген аян береді[1].

Әмина қатты толқыды. «Үмбеттің басшысы болады» деген не сөз? Оның үстіне «Мұхаммед» деген есім де ерекше көрінеді. Ол кезде бұл есім көпшілікке таныс емес еді. Бүкіл Хижазда тек үш адамның ғана есімі «Мұхаммед» болатын. Үшеуінің де әкелері патша сарайларындағы әһли кітап иелері. Бәрі әйелдері жүкті кезінде өмірден өткен. Қайтыс болардан бұрын егер ұл бала дүниеге келсе, атын «Мұхаммед» деп қоюды әйелдеріне өсиет етіп кеткен, өйткені олар ақырзаманда келетін соңғы пайғамбардың аты да «Мұхаммед» болатынын және оның жұлдызының туатын кезі жақындағанын да білетін[2]. Міне, осы жағдай енді Әзіреті Әминаның басынан өтіп жатты.

Құрсағындағы аманаты туралы түстерді жиі көретін оның осыдан кейін жүгі жеңілдегендей болды. Бір күні Әмина түсінде денесінен бір үлкен нұрдың шыққанын көреді және осы нұр арқылы Басра мен Шам өлкелеріндегі сарайлардың нұрланғанына түсінде куә болады[3].

571 жылдың 20-ші сәуірі болатын. Піл оқиғасынан арада елу күн уақыт өткен. Ай күнтізбесі бойынша «Рабиуль-Әууәл» айының он екісі. Дүйсенбі күні. Таң енді қылаң бере бүкіл қараңғылықты жарыққа қауыштыратындай керемет жағдай болды. Әзіреті Әминаның қасында Әбдірахман ибн Ауфтың анасы Шифа деген әйел мен Осман ибн Әбуль Астың анасы Фатима бар еді. Айы-күні жетіп отырған Әмина босанып, ғасырлар бойы ауыздан-ауызға жалғасып, аты аңызға айналған соңғы сұлтан әзірет Мұхаммед саллаллаһу алейһи уә сәлләм жарық дүние есігін ашты. Өмірге жаңа келген Әминаның ұлы өзгелердің балаларына мүлдем ұқсамайтын. Еріндері қимылдап, бір нәрселер айтқандай болатын. Әбдірахман ибн Ауыстың анасы Шифа құлақ салып тыңдаса: «Алла сені рахымына бөлесін!» дегенін естиді. Бөлменің іші бір сәтте нұрланып сала берді, шығыс пен батыс осы нұрмен нұрланды. Тіпті, осы нұр грек сарайларында байқалды[4]. Осман ибн Әбуль Астың анасы Фатима деген әйел кісі де мұндай кереметке куә болады. Үйдің барлық бұрышы нұрға бөленіп, сәуле шаша бастаған еді. Дәл бір көктегі жұлдыздар жақындап келіп, үстіне төгілердей болып көрінген еді[5].

Дереу Әбдімүттәліпке хабар жіберілді. Қағбада құлшылық жасап жатқан атасы аптығып, асығып үйіне келеді. Әлем күткен нұрды құшағына алған кезде қуанғаннан сақалы жасқа толады. Жауырындарының арасындағы белгі баршаның назарын аударды, өйткені бұл діндарлар айтқандай, келетін соңғы нәбидің пайғамбарлық мөрі болатын.

Әбдімүттәліп Жаратушы Раббысына алғысын білдіру үшін немересін алып, Қағбаға барды. Сол жолы алғаш рет Қағба өзінің сыңарымен қауышқан еді. Абдулланың баласына неге мұндай ат қойғанын сұрағандарға Әбдумүттәліп: «Түсімде күміс шеңбер көрдім, ортасынан бір тірек пайда болып, бір жағы көкке, екіншісі жерге кіріп, бір жағы шығысқа, екінші жағы батысқа қарап көтерілді. Бір кезде ол бір ағашқа айналып кетті. Әр жапырағы нұрға толы екен. Шығыс пен батыстағылардың баршасы осы ағашқа бет бұрып, содан ұстануға ұмтыла бастады», - деп жауап береді[6].

Түсін жорытқанда олар «тегіңнен шығатын бір адам шығыс пен батысқа сүйеу болып, барлығы соның жолын ұстанып, ізінен ереді. Көк пен жердегілердің барлығы оны пір тұтатын болады» деп жорыды. Әбділмүттәліп бұларды Әзіреті Әминаның айтқандарымен ұштастырап, немересінің есімін нық сеніммен «Мұхаммед» деп қояды.

Арада жеті күн өткеннен кейін Әбдумүттәліп немересін сүндетке отырғызады[7] .

Пайғамбарымыздың бір апталық кезінде (екінші сүт анасы Халимадан бұрын) Әбу Ләһәбтің күңі Сүәйба емізді. Немере інісінің туылғанын айтып сүйінші сұрағанда Әбу Ләһәб бұл күңді азат еткен болатын. Немере інісінің Исламды уағыздауына қарсы болып, ат құйрығын кесіскен көкесінің тек осы күңді азат еткен игілікті әрекеті үшін ғана ақырет азабы аз да болса жеңілдейтіні туралы айтылады. Әбу Ләһәбтің қайтыс болғанынан бір жыл өткеннен кейін бауыры Әзіреті Аббастың түсіне кіріп, өкініштен зар илеген Әбу Ләһәбтан:

- Саған не болды? – деп сұрағанда, Ол (Әбу Ләһәб):

- Сендерден кейін қайырлы еш нәрсе көрмедім, тек Сүәйбаны азат еткенім үшін бір жұтым су алу мүмкіндігім болды, - деп жауап берген екен[8].

Сүт ана Сүәйба одан бұрын Әбдумүттәліптің тағы бір баласы және Пайғамбарымыздың көкесі Әзіреті Хамзаны да емізген. Осы тұрғыдан әзірет Хамза мен Алла елшісі сүт бауыр да болып саналады[9].

Шартараптан жеткен хабарлар

Құтты сәбидің дүниеге келгенінен шартарап хабардар болып үлгерген еді. Бұл жағдай оның адамзаттың соңғы сұлтаны және ғалам ағашының ең кемел жемісі болуымен байланысты болса керек. Болмыстың жаратылуының себебі де дүниеге келген осы сәби. Адамзат баласының болашағы да ақырғы пайғамбардың әкелетін жолдауының мазмұнына тәуелді еді, сондықтан күллі жаратылыс Пайғамбарымыздың жарық дүние есігін ашқаны туралы өздігінше сыр шертіп, түрлі табиғат құбылыстары орын алып, адамдардың назарын осы қасиетті туған күнге аударды.

Қағбадағы пұттардың өздігінен құлауы

Әуелі Қағбадағы пұттардың сол күні жерге құлап, қирағанына бүкіл Мекке куә болды. Кімнің жасағанын және неге бұлай болғанын ешкім түсінбеді. Содан соң әр жерде түрлі құбылыстар орын алып, өздеріне тән тілмен пайғамбарымызға «қош келдің» деп жатты.

Жаңа жұлдыз

Яһуди дінінің дін басылары арасында кең тараған түсінік бойынша, ақырзаман пайғамбарының дүниеге келетін уақыты жақындаған болатын және осыған белгі болар жұлдыздың да туатын кезі келген. Онсыз да ұзақ уақыттан бері көк жүзінде дәл бір от шашу басталғандай, жұлдыздар ағып, аспанда әрдайым доғалар сызып жататын. Бұрын дәл бұлайша жұлдыздардың ағуы байқалмайтын, сол түннен кейін де болған емес. Сол күнге дейін Хижазда кең тарап кеткен көріпкелділіктің (бақсы, балгерлік) бұдан кейін дәурені бітіп, уахимен шатастырылмауы үшін көріпкелдерге келетін хабарлар да тоқтатылды.

Меккеде бір яһуди саудагер бар еді. Пайғамбарымыз дүниеге келген күні сол Яһуди дініндегі адам құрайыштарға жар салып:

- Уа, құрайыш қауымы! Бүгін түнде бір бала дүниеге келді ме? – деп сұрайды. Бұдан әлі ешкімнің хабары жоқ болатын.

- Уаллаһи, білмейміз, - десті құрайштықтар.

Сосын әлгі кісі әуелі тәкбір айтып, сосын оларға былай деп ескертті:

- Жақсылап қараңдар, менің айтқанымды ұмытпаңдар. Осы түні үмбеттің соңғы нәбиі Ахмед дүниеге келді. Егер мұнда жоқ болса, онда ол Палестинада. Екі жауырын сүйегінің арасында бетін түк басқан қарақошқыл түсті пайғамбарлық мөрі болады.

Меккеліктер бұл кісінің айтқандарына таңырқап бір-біріне қарасады, бірақ олар мұндай баланың туғаны туралы ештеңе білмейтін. Жиын лезде тарап, бірақ барлығы сол түні Әбдімүттәліптің немересінің дүниеге келгенін және оның атын «Мұхаммед» деп қойғанын естиді. Одан да қызығы, яһуди дін басының айтқанындай, бұл баланың екі жауырының арасында айтылған мөрдің бар екенін де естіп біледі. Осы жағдайды сұрап бір кісі сол яһуди ғалымға қайта барады.

- Сен біздің арамызда бір баланың дүниеге келетіні туралы айтып едің, есіңде ме, сол бала біздің елде екен.

Мұны естіген яһуди дін басы қатты толқып, тез арада балаға апаруын сұрайды. Әзіреті Әминаның қасына барып, кішкентай Мұхаммедттің жауырыны арасындағы мөрді көргенде, есінен танып қалады. Есін жиғаннан кейін:

- Енді пайғамбарлық міндеті Исрайыл елінің еншісінен кетті. Енді пайғамбарлықтың берекесі арабтарда. Алда сендер ғажап күндерге қауышатындарың сонша, соңғы елшінің даңқы шығыс пен батысқа түгел тарайды, - деп сүйіншілейді.[10]

Дәл осыған ұқсас жағдай Ясриб (Медине) қаласында да орын алды. Ол кезде сегіз жастағы атақты бала ақын Хассан ибн Сәбит бұл жағдайды бірнеше жылдан кейін былай деп сөз етеді:

«Мен ол кезде жеті-сегіздердегі бала болатынмын. Ясриб қамалдарының бірінің үстінде бір яһуди ғалымының былай деп айқайлап тұрғанын көрдім: «Уа, Ясриб халқы! Уа, Ясриб халқы!». Аң-таң болып, дауыс шыққан жаққа құлағын түре барған жұртшылыққа әлгі кісі қарап тұрып: "Бүгін дүние есігін ашқан Ахметтің жұлдызы туды", - деген болатын[11]...

"Жүрек төрінен орын алған теңдессіз тұлға Мұхаммед (с.а.у.) атты кітаптан. 
Аударған: Ғалымбек Тобашев.


[1] Ибн Кәсир: «әл-Бидая уән –Ниһая». 2/263.
[2] Ибн Сайидиннас, Уюнуль Әсәр, 1/88.
[3] Ахмад ибн Хәлбәл: «Мүснәд», 4\127, 5/262, 1/293.
[4] Қасталани: «Мәуәхиб». 1/122.
[5] Қады Ияз, Шифа, 1/267.
[6] Әбу Заһра: «Хатамун Нәбиин».
[7] Мүбаракфури: «әр-Рахиқұл Мәхтум»: «Пайғамбарымыздың сүндеттеліп дүниеге келгені немесе оны сүт анасының қасында болған кезде «шаққы садр» (көкірегін жару) оқиғасы кезінде Жәбірейілдің сүндеттегені туралы да біраз риуаяттар бар. Алайда, барлық жағынан да кемелдіктің көрінісі және барлық жағымен үбтетіне үлгі болатын Тұлға үшін сүндет мәселесінде мұншама даурығу дұрыс болмаса керек. Сонымен қатар бұл риуаяттар мамандар тарапынан зерттеліп, туралығы жөніндегі күмәндардың болғаны анықталған. (Қараңыз: Ибн Кәсир, әл-Бидая уән –Ниһая» т.б.).  Сондықтан да біз туылғаннан жеті күннен кейін сүндеттелгенін көрсететін риуаятты негізге алдық. Пайғамбарымыз (с.а.у.) немересі Әзіреті Хасанды да жеті күн болғанда сүндеттеген.
[8] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари»; Ибн Хишам: «Сира»; Ибн Сағыд: «Табақат». Сүәйбаның Пайғамбарымыз Меккеде болған кезде оған барғандығы және сол себептен де Әзіреті Хадиша анамыздың оны азат еткісі келгені, алайда Әбу Ләһәбтың бұған келіспегені туралы да риуаяттар бар. Онда ол тек хижреттен кейін ғана азат етілген. Қараңыз: Ибн Сағыд. Табақат. Тақырыпқа қатысты риуаяттарды қарағанда Сүәйбаның мұсылман болу ықтималдығы өте аз болып көрінеді.
[9] Әзіреті Хамзаны қысқа уақыт болса да Халима да емізген. Осылайша ол Алла елшісімен екі бөлек жолмен сүт бауыр болып отыр. («Сахих Бұхари»).
[10] Ибн Сағыд: «Табақат». 1/162, 163.
[11] Қасталани: «Мәуахиб», 1/122.

0 пікір