Пайғамбарымыз (с.а.у.) дүниеге қызықпаған!
Пайғамбарымыз (с.а.у.) дүниеге қызықпаған!
4 жыл бұрын 6862

Пайғамбарымыздың зүһд өмірі. 

Зүһд деген – мансап пен дүние-малға мән бермей, оған деген қызығушылықты жүректен алып тастау деген сөз.

Алла Расулі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) дүниеге қызықпағандықтан өте қарапайым өмір сүретін. Тапқан-таянғанын ішім-жеміне, киіміне қолданатын, (отбасының нәпақасына жұмсайтын), бірақ ол (қара) жерге отыруға ұялмайтын. Ол өмірден өтерде Оның құрған Ислам мемлекетінің шекаралары Йеменнен Сирияға дейінгі аумақты қамтыды, бірақ онда да киімінде екі жамау бар еді.

Бір ретінде Пайғамбарымызды (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) күйеу баласы Әзіреті Әли (радияллаһу анһ) үйіне шақырған. Әлидің үйіне келгенде Әзіреті Фатима (радияллаһу анһә) үйдің қабырғаларын жапқыштармен сәндеп қойған екен. Оны көрген Алла елшісі тамақ жеместен қайтып кетеді. Әзіреті Әли мұның себебін сұрағанда Ол (с.а.у.):

«Сәнді жерге кіру бізге жараспайды!» - деген еді[1].

Тағы бір жолы сапардан қайтқанда Әзіреті Айша (радияллаһу анһә) үйдің төбесін орамалдармен сәндеп қойғанын көріп, оларды дереу алдыртып тастаған.

Пайғамбарымызға (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) жібектен тігілген киім сыйлыққа берілген еді. Оны арқасына жамылып, намаз оқыпты, бірақ намаздан кейін:

«Тақуалар мұндай нәрсені пайдаланбауы керек», - деп шешіп тастаған[2].

Ибн Мәсғұд (радияллаһу анһ) айтады:

«Бір күні Расулалланың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) бөлмесіне кірдім. Алашаның үстіне ұйықтапты. Ал алаша Оның қасиетті денесіне батып, із қалдырған екен. Мен: «Уа, Расулалла! Алашаның үстіне бір нәрсе салайық па?» - деп едім, Алла елшісі (с.а.у.):

«Дүние мені қызықтырмайды. Дүние мен менің мысалым - бір ағаштың астында біраз уақыт демалған соң, ол жерден кетіп қалатын жолаушы сияқты», - деп айтты», - деп әңгімелейді сахаба.[3]

Әзіреті Мұхаммед пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) мектебі – зүһд пен қанағаттылық мектебі. Ол мектеп - күніне бір дирхам (күміс ақша) ғана жұмсап, қала мен мемлекет басқаратын үлкен басшы мен әкімдерді, әрі әулие құлдарды тәрбиелеген. Осыған дәлел болар бір мысал бере кетелік.

Ибн Хишамның Зәйд ибн Әсләмнан (радияллаһу анһ) жеткізген риуаятында, Алла Расулі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) сахабаларының бірі Үсәйд ұлы Аттаб есімді сахабаны Меккенің әкімі етіп тағайындап, оған айлық ретінде күніне бір дирхам бергендігі айтылған. Меккенің жаңа әкімі Үсәйд халыққа құтба оқып былай дейді:

«Ей, адамдар! Алла біреудің мұқтажын толықтырды. Алла елшісі маған күніне бір дирхам береді. (Сондықтан) Мен біреудің сыйлығына (көмегіне) мұқтаж емеспін» - деп ескертеді.

Бұл сөз бізге - бір дирхаммен, яғни, ең төменгі күн көріс мөлшерімен өмір кешкен және осыны қанағат тұтып, өмірін ұлы миссияға атаған ұлы адамды елестетуде.

Расулаллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) бір күні мешіттен шыққанда Әзіреті Әбу Бәкір мен Әзіреті Омарды жолықтырады (радияллаһу анһума). Олардан не үшін сыртқа шыққандарын сұрайды. Олар: «Аштықтан» дейді. «Мен де солай», - дейді Алла елшісі (с.а.у.). Үшеуі бірден Әбу Хәйсәмнің үйіне барады. Әбу Хәйсәм пышақ сұрап алып, бір қой сояды. Құрма ағашына іліп қойған торсығындағы тәтті суды да әкелді. Олар дастарханға отырып, ет жеп, су ішті. Сонда Расулалла (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) сол жерде:

«Бүгінгі тамақтың да есебін бересіңдер», - деп айтады[4].  

Қатты жақсы көретін қызы Әзіреті Фатима анамыз да кедей тұратын. Қол диірменімен ұн тартып, құдықтан су алып таситын. Тіпті осындай шаруалардан қолдары жараланған кездері де болған. Бір күні ол Пайғамбарымыздан (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) жорықта қолға түскен тұтқындардың біреуін көмекші ретінде беруін сұрайды. Алла елшісі қызының бұл тілегін орындамайды. Әзіреті Әлиге:

«Асхабу Суффа сондай таршылық көріп жүргенде, сендер мұндайды қалай сұрай аласыңдар?» - дейді[5].

Ұтба ұлы Аун айтады:

«Байлармен араласып тұратын едім. Менікінен де жақсы киімі барларға немесе жақсы көлігі барларға қызығатынмын. Сондықтан менен артық қайғыратын ешкім жоқ еді. Кейін Расулалла (саллаллаһу алейһи уә сәлләм):

«Егер өздеріңнен бақуатты, тұрмысы жоғары біреуді көрсеңдер, сол кезде өздеріңнен төмен тұратын жандарға көз салыңдар. Бұл Алланың сендерге жүктеген нығметтеріңді кем көрмеулерің үшін керек", - дегенін естіген соң, кедейлермен достық қарым-қатынас құрып, жаным жай тапты» - дейді.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) дүние нығметтеріне (игіліктеріне) құмар да, әуес те емес еді. Ол: «Адам баласына бұл дүниеде керек нәрселер – тұратын үйі, киер киімі және тамағы мен суы», - дейтін[6].

Алла елшісі мен сахабалары үшін байлық пен кедейшіліктің өлшемі мына хадыс тұғын:

«Кімде-кім малы мен жаны қауіпсіз екенін біліп, дені сау әрі бір күндік тамағы болса, бүкіл әлем соның қолында тұрғандай болады»[7].

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) бен сахабаларының адамзатқа үйреткен зүһд пен қанағаттылық осы.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) байлық пен дүниеден қорықса да, кедейліктен қорықпайтын. Қажетсіз ақша жинауды жақсы көрмейтін. Өзі қарыздарынан басқа, үйіндегі екі алтынның үстіне үшіншісін сақтамайтындығын айтатын.[8]

Әбу Умаратуль Ансари (радияллаһу анһ) айтады:

«Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) жанында дүние жайлы сөз болды. Ол: «Естімедіңіздер ме? Бәзәзә мен қарапайым киім кию – иманнан», - деді. (Бәзәзә – киім мен мал-мүліктегі қарапайымдылық).[9]

Алла елшісі тамақ мәселесінде де зүһд пен қанағаттылықты ұстанатын. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) бір сөзінде: «Адам баласына денесін тік ұстап жүруге жарарлық бірнеше жұтым ас жетеді», - деген еді. 

Қызметшісі сахаба Әнәс (радияллаһу анһ) айтады:

«Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) үшін қамыр иленіп сапалы нан пісірілгенін және Оның бай дастархан басында отырып, тамақ жегенін ешқашан естігенім де жоқ, көргенім де жоқ».

Алла елшісінің зүһд түсінігі мынадай еді:  

«Дүниедегі зүһд, ол – өзіне халал нәрсені харам деп тыйып, мал-мүліктің көзін жою емес еді. Шынмәнісінде, Зүһд ол – Алланың қолындағысына (Алланың ризығына) өз қолындағысынан да артық сену және бір бәлеге кез болғанда (сынаққа ұшыраған кезде), кеткен малдан гөрі сынаққа сабыр еткені үшін берілетін сауапқа көңіл бөлу».

Пайғамбарымыз (с.а.у.) құрған мемлекеті әлемнің ең бай мемлекетінің біріне айналған кезде де және өзі сол мемлекеттің басында тұрса да дүниеге еш құмартпаған. Астына көрпеше төсемей, көбінесе жерге отыратын. Бай болғаннан гөрі кедей болып өмір сүргенді жақсы көретін. Таңертеңге дейін аштықтан белі бүгіліп кетсе де ертесіне қайтадан ораза ұстаудан бас тартпайтын. «Мен үшін жігерлі пайғамбар достарымен қауышудан және олардың төзгендеріне төзуден артық абыройлы нәрсе жоқ» - дейтін Ол (с.а.у.).

Оның кедейшілік әрі зүһд өмірді таңдауы - ештеңе таба алмағаннан немесе ештеме болмағаннан емес, дүниеге қызықпайтындығынан еді.

«Пайғамбарымыз (с.а.у) және Оның күнделікті іс-әрекеттері» атты кітаптан.
(«Хикмет» баспа үйі).


[1] «Асры саадат», ІІ, 90.
[2] Бұхари, Либас, 12.
[3] Тирмизи, Зүһд, 44.
[4] Әбу Дәуід: «Атғим», 54; Тирмизи, зүһд, 39.
[5] «Асры сағадат», ІІ, 70.
[6] Тирмизи, Зүһд, 30.
[7] Тирмизи, Зүһд, 34.
[8] Бұхари, Зекет. 

0 пікір