Пайғамбар (ғ.с.) мен сахабалардың әзілдесулері
Пайғамбар (ғ.с.) мен сахабалардың әзілдесулері
2 ай бұрын 5454

Аллаһ елшіснің әзіл-қалжыңды қабылдауы

Әбу Һұрайра (р.а.) былай әңгімелейді:

«Бірде сахабалар Расулаллаға: «Уа, Расулалла! Бізбен әзілдесуге қалай қарайсыз?» – деп сұрады. Сонда Расулалла: «Әзілдессем де, тек шындықты ғана айтам», – деді»[1].

Алла елшісінің әлдекіммен әзілдесуі

Әнәс ибн Мәлік былай әңгімелейді:

«Біреу Алла елшісін түйесіне мінгізіп, қошемет көрсеткісі келді. Сонда Алла елшісі (с.а.у.): «Біз де сені түйенің ботасына мінгізсек деп едік», – деді. Әлгі адам: «Уа, Алланың елшісі! Мен ботаға қалай мінемін?» – деген еді, Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Барлық түйе ұрғашы түйеден тумай ма?» – деді»[2].

Расулалланың бір кәрі әйелмен әзілдесуі

Хазірет Хасан былай әңгімелейді:

«Бірде жасы келген бір кейуана Расулаллаға былай деді:

- Уа, Алланың елшісі! Аллаға мені жаннатына кіргізсін деп дұға ет.

Пайғамбар (с.а.у) болса оған:

- Уа, пәленшенің анасы, қарт әйел кісілер жаннатқа кіре алмайды», – деді. Әзілдің астарын түсінбеген әйел жанарынан жасы мөлт-мөлт үзіліп, өз жөніне кетеді.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) қарт ананың әзілін түсінбегенін ұғып:

- Кейуанаға айтыңдар: «Мынадай қарт күйінше жаннатқа кіре алмайсыз, өйткені Алла тағала: «Осылайша оларды жаннаттықтар үшін жас қыздар, жұбайларымен қатарлас ғашықтар қылдық» (Уақия, 56/36-38) деген», – деді»[3]. (яғни, жас күйінше кіреді деген сөз).

Ауф ибн Мәліктің Пайғамбарымызбен әзілдесуі

Ауф ибн Мәлік әл-Әшжаъи (р.а.) былай әңгімелейді:

«Тәбук шайқасында Расулаллада әлдебір шаруам болып, ол отырған шатырға келдім. Сәлем бердім. Ол (с.а.у.) сәлемімді алды да: «Ішке кір!» – деді. Шатыр құрқылтайдың ұясындай шағын болғандықтан: «Уа, Расулалла, барлық денеммен кірейін бе?» – дедім. Ол: «Барлық денеңмен кір!» – деді»[4].

Нұғайманның Суәйбитті әзілдеп құл ретінде сатып жіберуі

Үммі Сәләма (р.а.) былай әңгімелейді:

«Хазірет Әбу Бәкір (р.а.) сауда жасау мақсатымен сапарға шыққан болатын. Нұғайман мен Суәйбитті де қасына ертіп алды. Екеуі де Бәдір соғысына қатысқан. Жол азығы Суәйбитте болғандықтан, Нұғайман:

- Қарным шұрқырап кетті», – деді.

Суәйбит:

- Әбу Бәкір келсін, сосын тамақтанамыз», – деді.

Нұғайман әзілқой адам болатын. Далада мал бағып жүрген малшыларға барып:

- Менің күш-қайратым бойына сыймаған бір құлым бар, аласыңдар ма? – деді.

Малшы:

-Иә, аламыз, – деді.

Нұғайман:

- Бірақ ол сөзге мерген, сендерге құл емеспін деуі әбден мүмкін. Егер оған сеніп, өзін босатып жіберетін болсаңдар, қазірден бас тартыңдар, – деді.

Малшылар:

- Жарайды, алдық, – деді.

Нұғайман Суәйбитті он інгенге сатты (інген – айыр өркешті түйенің ұрғашысы). Ойда-жоқта олжаға кенелген Нұғайман он інгенді алдына салып, айдап алып кетті. Малшыларға Суәйбитті көрсетіп: «Міне, мынау манағы айтқан құл, алып кетіңдер», – деді.

Суәйбит:

- Оған сенбеңдер, жалған айтып тұр. Мен құл емеспін!– десе де, малшылар:

- Біз сен туралы естідік, осылай айтатыныңды біліп едік, – деді де екі сөзге келмей байлап-матап алып кетті.

Әжептәуір уақыт өткен соң Әбу Бәкір (р.а.) болған жайды естіп достарымен бірге малшыларға барып, түйелерді иесіне қайтарды да, Суәйбитті босатып алды. Олар Мәдинаға келгенде, болған оқиғаны Алланың елшісіне (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) айтып берді. Бұны естіген Расулалла  пен сахабалар көпке дейін күлкісін тия алмады. Тіпті бір жыл бойы осы оқиғаны ұмыта алмай, еске түсірген сайын күлісіп алатын[5].

"Сахабалар салған сара жол" атты кітаптан. 
"Көкжиек" баспасы. Алматы-2011 ж.


[1] Тирмизи, Сүнән, 4/357 (1990)
[2] Ибн Кәсир, әл-Бидәя, 6/46; Ибн Сағыд, Табақатул-Кубра, 8/224
[3] Хайсами, Мәжмауз-зәуәйд, 10/776
[4] Ибн Кәсир, әл-Бидәя, 6/46
[5] Ибн Хажар, әл-Исәба, 2/98

0 пікір