Атеист болып жүріп иманға келген ғалымдар
Атеист болып жүріп иманға келген ғалымдар
2 ай бұрын 6435

Бисмилләһир рахманир рахим

1) Lawrence D. Brown. Америкалық дәрігер. Иманға келуіне өлім аузындағы кішкене қызының бір кереметтің күшімен аман қалуы себеп болған. Өлім аузында жатқан кішкене қызын «атақты дәрігер» бола тұра құтқаруға қауқарсыз екендігін ұғып, бір құдірет күштің жәрдеміне мұқтаж екендігін сезеді де, Құдайға жалбарынуға мәжбүр болады: «Уа, Құдай! Егер, шынымен бар болсаң, қызымды құтқаршы!»- деп атеисттердің дұғасымен құдайға жалбарындым» дейді ол өз сөзінде. Одан кейін 15-20 минуттай уақыт өтіп, реанимацияға келіп, өледі деген қызының (өйткені денесінің жарымы көгеріп кеткен болатын) бір құдіреттің күшімен аман қалуын көргенде есеңгіреп қалған Лоуренс, сол мезеттен бастап Құдайды хақ деп сене бастаған. Одан кейін әлемдік діндер жайында зерттеуге бел сыбанып кіріскен ол, ақыр соңында Ислам дінінің ақиқаттығына көзі жетіп, мұсылманшылықты таңдаған екен. Одан соң есімін «Абдулла» деп өзгертеді (Алланың құлы). Абдулла Браун. 

Доктор Абдулла Лоуренс Браунның иманға келуі жайында толығырақ төмендегі бейнебаяннан өз аузынан тыңдап көруге болуда (ағылшынша және арабша аудармасы https://www.youtube.com/watch?v=1sQ9fVUYs28 

2) Профессор, доктор Артур Элисон (Arthur Allison).

Адамның рухы жайында ұзақ жылдар зерттеу жүргізіп жүріп, қол жеткізген нәтижесінің Құранда ашық айтылғанын көреді. Ақыры ұзақ зерттеуден соң мұсылманшылықты қабылдауға шешім шығарады. Оның қалай Исламға келгені жайында айтқан әңгімесін мына бейнебаяннан көруге болады: https://www.youtube.com/watch?v=6gxlPLWBZ2w 

 

3) Энтони Флю. 80 жастан асқан ғалым ұзақ жылдар бойы «ғылыми атеизмнің» белді мүшесінің бірі болып келді. Ол «атеизмнің» мүйізі қарағайдай өкілі тұғын, тіпті атеизмнің тіректерінің бірі саналатын. «Құдай жоқ» деген тезистің негізінде кітаптар шығарып, ғылыми лекциялар оқып келді. Өмірінің 54 жылын атеизмге арнаған Флю, 2004 жылдан бастап бірқатар ғылыми жаңалықтар себепті өзінің атеистік көзқарастарын өзгертуге мәжбүр болған.

Флю өзінің қателескендігін және әлемнің өздігінен пайда бола алмайтындығын ашық айтты: «Әлемнің біз ойлағаннан да күшті бір құдірет иесі тарапынан жаратылғандығы айдан анық» деді ол. Флю, басқа атеист ғалымдар секілді, о баста өлі материядан алғашқы тірі материя өздігінен пайда болды деп сенетін. Кейіннен ондай тұжырымның қате екендігін түсінген: «Бүгін де өмірдің пайда болуы мен бірінші репродуцияланатын организмнің пайда болуына қатысты құрылған атеистік теорияны елестету мүмкін емес» - деді ол. 

Ол кейіннен өзінің сонша жыл атеизмді насихаттап келгеніне өкініш білдіріп, онысын түзеткісі келетінін айтқан: «Адамдар мені тыңдайтын болғандықтан, мен өзім жасаған үлкен зиянды түзетуге тырысқым келеді» - дейді Энтони Флю бір сөзінде. 

4) Мартин Лингс (Martin Lings.1909-2005 ж). Ағылшын жазушысы, әдебиетші әрі философ (бұрынғы атеист). Исламды қабылдағаннан кейін есімін: Әбу Бәкір Сиражуддин деп өзгертеді. Исламға келгеннен кейін Мұхаммед пайғамбардың (ғалейһиссәләм) өмірбаяны жайында кітап жазады. Кейіннен ол еңбегі үшін оған Пакистан басшысының сыйлығы беріледі.

 

5) Джеффри Ланг (Jeffrey Lang). «Канзас» университетінің математика саласы бойынша профессоры. Жастайынан атеист болған Джефри Лингс сауалдарына жауаптар іздеуден де қашпады. Оның Құдай жайында туындаған сауалдарына жауап табуға көмектескен мұсылман достары болды. Олардан Құранның аудармасын алып оқып, ақыр соңында Ислам дінін қабыл етеді. Ол бір сөзінде: «Ислам – адамның ақыл-парасаттылығына сөйлейді», - дейді. Құран жайында да былай деген: «Құранды оқып отырып: «Ол мені оқып отыр» деген ойға келдім».

Құдайға бет бұрған ғалымдардың қатары бұлармен шектелмейді. Құдайды таныған әлемде көптеген ғалымдар баршылық. Олардың ішінде атеист болып жүріп, кейін ол көзқарасынан қайтқандары қаншама. Оларды ондай қадамға - сау ақыл мен объективті көзқарас және соқырсенімділіктен ада көңіл жетелеген деуге болады.

Әйтсе де, атеистік көзқарасты ұстанатын білім адамдары да жоқ емес. Бірақ олардың ол жолда жүруі Құдайдың жоқ екендігіне дәлел бола алмасы сөзсіз. Тіпті, ақиқатты іздесе, көпшілігі Құдайға жол табар еді деуге болады. Өйткені, шын көңілмен, ақиқатты табайын деген жанның  көкірек көзін Алла Тағала ашып қояры анық. Өйткені, «Құдай жоқ» деуге нақты дәлел жоқ. Осы уақытқа дейін ешкім «Құдай жоқ» дегенге қатысты нақты айғақ әкелген емес. Құр теориялар ғана. Қайта, ақыл жүгіртіп, шын ойланған кісіге бір құдірет күштің бары жөнінде көптеген дәлелдер бар. Және де мынаны ұмытпау керек: Алла Тағала пенденің хидаят жолына түсуіне мұқтаж емес. Қайта пенде хидаятқа бастауы үшін Аллаға мұқтаж. 

Жазбамызды қасиетті Құран Кәрімнің мына бір аяты-кәримасымен аяқтайық, ақыл иелері ғибрат алсын:

 إِنَّ فِي خَلْقِ السَّمَاوَاتِ وَالأَرْضِ وَاخْتِلافِ اللَّيْلِ وَالنَّهَارِ وَالْفُلْكِ الَّتِي تَجْرِي فِي الْبَحْرِ بِمَا يَنفَعُ النَّاسَ وَمَا أَنزَلَ اللَّهُ مِنَ السَّمَاء مِن مَّاء فَأَحْيَا بِهِ الأَرْضَ بَعْدَ مَوْتِهَا وَبَثَّ فِيهَا مِن كُلِّ دَابَّةٍ وَتَصْرِيفِ الرِّيَاحِ وَالسَّحَابِ الْمُسَخَّرِ بَيْنَ السَّمَاء وَالأَرْضِ لَآيَاتٍ لِّقَوْمٍ يَعْقِلُونَ

«Сөзсіз, көктер мен жердің жаратылысында, күндіз бен түннің ауысуында, адамдарға пайдасы бар нәрселермен теңізде жүзген кемелерде, Алланың көктен жаңбыр жаудырып, онымен өлген жерді тірілтуінде, жер бетінде әр алуан жан-жануарды таратуында, желдің бағытын өзгертіп соғуында, аспан мен жердің арасындағы бағынылған бұлттарда – «ақыл иелері» үшін (Алланың бар екендігіне дәлел болар) белгілер бар». (Құран Кәрім, «Бақара» сүресі, 164 аят).

Дайындаған: А. Қасым.

0 пікір