Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) неден қайтыс болды?
Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) неден қайтыс болды?
1 жыл бұрын 15953
Дайындаған Абдусамат Қасым

Ардақты Мұхаммед пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хижри жыл санауы бойынша 11 жылы (миләди 633 жыл), Рабиуль-әууәл айының он екісінде, дүйсенбі күні дүние салды.

Қайтыс болмай тұрып 15 күндей ыстығы көтеріліп, қатты басы ауырып, сырқаттанады. Сахаба Абдулла ибн Мәсъуд жағдайын сұрап бөлмесіне кіргенде қатты ыстығы көтеріліп, қалтырап жатыр екен. Сахаба оған:

- «Уа, Расулалла! Ыстығыңыз қатты көтеріліп жатыр ғой», - дейді. Алла елшісі (с.а.у.):

- «Иә. Екі науқас ер адамның ыстығындай ыстығым көтеріліп жатыр» - деді. 

- «Ол үшін сізге екі есе сауап беріле ме?» - деп сұрайды жас сахаба. Ол (с.а.у.):

- «Иә» - деп жауап береді де, артынан сөзін жалғап: «Бір мұсылманға ауру-сырқау т.б. сол сияқты қиындық келсе, оның күнәлары - ағаштың жапырағы жерге түскендей түседі» дейді»1.

Деректерге қарағанда сырқаты Сапар айының 28-29 күндері басталып, күннен-күнге арта түседі де, ақыры келесі айдың 12-інде сәске уақыттарында бақилық болады.

Өліміне себеп улы ет болды...

Ендігісі «Мұхаммед пайғамбар неден қайтыс болды» дегенге, Ислам тарихшылары үш жыл бұрын болған оқиғаны себеп ретінде көрсетеді. Ол оқиғада «Хайбарлық» бір яһуди әйел Алла елшісіне уланған ет алып келеді. Алла елшісі еттен ауыз тиген заматта, уланған ет екендігін бірден біліп, ауызға салған етті әрі қарай жұтпай шығарып тастайды да: «Мына сүйек маған еттің уланғандығын хабар беріп тұр» дейді. Алайда еттен ауыз тиіп үлгерген үш сахаба көз жұмады. (Яһуди - йудаизм дінінің өкілі).

Улаған әйелді шақырып, неге олай істегенін сұрағанда, ол: «Егер сен жәй ғана қарапайым патша болған болсаң, біз сенен құтылған болар едік, ал егер шын мәнісінде пайғамбар болсаң, саған еттің уланғандығы білдіріледі деп ойладық», - деп жауап береді ол2. Алла елшісі ол әйелді жазаламай босатып жібереді3.

Дегенмен, удың күштілігі соншалықты, үш жылдан кейін барып, бәрібір әсерін тигізбей қоймады. Бұған қатысты жұбайы Айша анамыз (р.а.) былай әңгімелейді:

«Алла елшісі (с.а.у.) қайтыс болар алдындағы сырқат кезінде былай деді: «Уа, Айша! Хайбарда жеген астан туған ауруды әлі күнге дейін сеземін. Дәл қазір сол удан күре тамырым үзілгендей күй кешіп жатырмын» деді» - дейді мүміндердің анасы.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) аурудың ауырлығынан ара-тұра есінен танып, талып қалып жатты. Сонда қасындағылар оны отырғызып қойып үстінен су да құйды. Ыстығының себебі өкпесіне суық тигендіктен болар деп, аузының бір ұртынан дәрі ішкізді. Алла елшісі (с.а.у.) қолмен ишара жасап, дәрі бермеулерін бұйырды. Есін жиғаннан кейін: «Алла Тағала ол ауруға (яғни, өкпе ауруы немесе суық тию) менің үстімнен билік берген жоқ, бірақ мені (яғни, мені құртқан) Хайбарда жеген ас» - дейді4.

Кейіннен Имам Зүһри де (р.а.): «Пайғамбарымыз (с.а.у.) шейіт кетті» дей келе, Алла елшісінің қайтыс болуының негізігі себебі, үш жыл бұрын жеген улы ет болғандығын білдірген.

Алланың құдіреті - қастандық ұйымдастырған қаскөйлер: «егер пайғамбар болса, ол еттің уланғанын біледі, оған зиян тимейді» деген еді. Алла Тағала оған сол мезетте удың зиянын тигізбеді, осылайша оның пайғамбар екендігіне көздерін жеткізді. Бірақ арадан үш жыл өтісімен Құдай Тағала удың әсерін тигізді де «шейттік мәртебесін» сыйлады. Және де қастандық жасаған яһудилер Пайғамбардың сол күні қайтыс болғанын қалаған болатын, ал бірақ Алла Тағала керісінше үш жыл өмір сүргізді. 

Айналып келгенде, бәрі - Жаратушы Алла Тағаланың ісі екендігі даусыз. Қалған нәрселер жәй ғана себеп. Сүйікті пендесі Мұхаммед пайғамбарға (с.а.у.) бұл өткінші өмірдегі уақытының аз қалғандығын одан бұрындары да білдіріп келген еді. Бірақ әркімге әрқалай өлім сыйлайтын Алла Тағала, сүйікті пайғамбарының жәй қайтыс болмай, шейіт болып дүниеден өтуін нәсіп қылған болды.

Алла Тағала о дүниеде Мұхаммед пайғамбарымыздың шапағатын бұйыртсын. Әлхәмдулилләһи Раббиль аләмин!   


1  Сахих Бұхари; Сахих Мүслім.
2  Ибн Һишәм: Сиратун нәбәуия; Сахих Мүслим: Китабут Тыйб; Сахих Бухари; Тирмизи т.б..
3Кейбір деректерде қайтыс болған сахабаның туыстары қысас жазасына сай әлгі әйелді өлтіргендіктері айтылған.
4  Ибн Ражаб әл-Хәнбәли: «Ләтаифуль Маъариф».

 

 

 

0 пікір