Сахабалардың бір жерге әкім болып тағайындалған кездеріндегі қарапайымдылықтары
Сахабалардың бір жерге әкім болып тағайындалған кездеріндегі қарапайымдылықтары
1 жыл бұрын 3907

Сахабалардың әкім болып тағайындалған кездердегі қарапайымдылықтары

Ардақты сахабалар кішіпейілділік пен қарапайымдылықтың үлгісі еді. Аллаға деген махаббат пен Оның елшісіне деген сүйіспеншілік жүректерінде үстемдік құрды. Сол себепті, оларды ешқандай дүние де, мәртебе де, мансап та қарапайымдылық пен кішіпейілділік, әділдік пен адалдық жолынан ауытқытпады. Төменде сахабалардың әкім болып тағайындалған кездеріндегі қарапайымдылықтарына мысал болар екі-үш мәлімет бере кетелік:

1. Әзіреті Омар (Алла оған разы болсын).

Деректерге қарағанда, Әзіреті Омар халифа болып тұрған кезінде, Шам (Сирия) өлкесіне бару керек болып, қасына қызметші жігітін ілестіріп жолға шығады. Екеуіне бір түйе болғандықтан, халифа кезек-кезек мінуді жөн санайды. Сөйтіп Әзіреті Омар әр «фәрсах» жүрген сайын, түйесінен түсіп, қызметші жігітті отырғызады, өзі түйенің шылбырын ұстайды. Кейін бір фәрсах қашықтықты артқа тастағаннан кейін, өзі отырады. Осылай әр фәрсәх өткерген сайын, кезекпен бірі мініп, екіншісі түйенің шылбырынан ұстап жетектеп жүреді. (Фәрсәх - шамамен 5 км). Ақыры Шам қаласына жақын қалған кезде, түйеге отыру кезегі қызметші жігітке келеді. Жігіт түйеге отырып, Әзіреті Омар болса түйенің шылбырын ұстап жетектейді. Жолда су кездеседі. Әзіреті Омар аяқ киімін шешіп, сол қолтығына қыстырады да, түйенің шылбырын ұстаған күйі суды кешіп өтеді, ал қызметшісі түйенің үстінде отырады. Алдынан қаланың әкімі Әбу Убәйдә ибн Жәррах (р.а.) шығады. Халифаның күйін көріп:

- «Уа, мүминдердің әміршісі. Алдыңыздан Шамның игі-жақсылары қарсы алуға келе жатыр. Сізді осы күйіңізде көргендері жарамас» - дейді. Сонда Әзіреті Омар (р.а.):

- «Алла Тағала бізді Исламмен абыройлы қылды. Одан басқа адамдардың анау-мынау әңгімелері бізге қызық емес» - деп, түйені жетектеген күйі қалаға кірген екен.

Тәбиғин Қайс ибн Әбу Хәзім былай әңгімелейді:

«Бірде Әзіреті Омар Шам қаласына келгенде қаланың ғалымдары, ұлылары қарсы алады да Әзіреті Омардың алдынан бір арғымақты көлденең тартып:

- Мына арғымаққа мініңіз, адамдар сізді жоғарыдан көрсін, - деп айтады. Сонда Әзіреті Омар (р.а.) оларға:

- Сендер әмірді сол жөннен көресіңдер, негізінде бұйрық мына жөннен деп көкті көрсетіпті. Сосын: «Жолымнан былай тұрыңдар» деп жаяу кете беріпті.

2. Сәлмән әл-Фәриси (Алла оған разы болсын).

Сәлмән Фәрисиге қатысты мынадай бір әңгіме айтылады. Сәлмән Фәриси (р.а.) Медине қаласына әкім болып тұрған кезінде, бір кісі қаланың лауазымды адамынан бір зат сатып алады. Сол сәтте жандарынан сахаба Сәлмән Фәриси өтіп бара жатады. Әлгі адам Сәлмән Фәрисиді бөтен ұлтты жұмысшылардың бірі деп ойлап қалып, оған:

- Сен, бері кел. Мына затты ал, - деп айтады. Сәлмән Фәриси әлгі адам айтқан затты алып, ол айтқан жөнге қарай апара жатады. Адамдар көріп қалып: «Басшымызды Алла жарылқасын! Сіздің орныңызға біз көтерейік, беріңіз!» - деп жабысса да, ешқайсысына бермейді. Сонда әлгі адам өз-өзіне: «Қараң қалайын! Мен әкімді іске жегіп қойыппын ғой!» деп, Сәлмән Фәрисиден кешірім сұрайды: «Кешіріңіз, Алла жақсылығыңызды арттырысын! Мен сізді жұмысқа жегіп қойыппын ғой. Танымай қалдым» деп, жалпақтайды. Сәлмән Фәриси оған «жүр» деп, оның затын үйіне дейін апарып тастайды. Сосын, бұрылып кетіп бара жатып оған: «Ешқашан ешкімді жұмысқа жекпе!» - деп ескертеді.

3. Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын).

Халифа Әзіреті Омар сахаба Әбу Һурайраны «Бахрейнге» әкім қылып жібереді. Әбу Һурайра Бахрейн қаласына есегіне мініп келеді. Есегіне мінген күйі қалаға кіріп, көшедегі қалың жұртшылыққа: «Әкімге жол беріңдер! Әкімге жол беріңдер!» деп қала көшесімен діттеген мекен-жайға есегімен кете барыпты1

Міне Пайғамбар мектебінен тәрбиеленіп шыққан сахабалар осындай еді. Олардың мінез-құлықтары қарапайымдылықпен және адалдықпен көмкерілген болатын. Сахабалар кейінгі мұсылман үмбетіне шынайы мағынада мұсылман қандай болуы керектігінің үлгісін көрсетіп кетті. Алла оларға разы болсын!


 

1Әбу Ләйс әс-Самарқанди: «Тәнбиһуль Ғофилин».

0 пікір