Иса пайғамбардың анасы Мәриям бибі (ғалейһәссәләм) жайында
Иса пайғамбардың анасы Мәриям бибі (ғалейһәссәләм) жайында
2 ай бұрын 4432

Бұл қиссада иманды, тақуа қыз Мәриям туралы және ол дүниеге келген отбасы жайлы баяндалады. Мәриям – Иса пайғамбардың (аләйһис-сәләм) анасы.

Мәриям Алла тағалаға құлшылық жасаумен көркемделген, сенiмi мықты отбасында дүниеге келді. Отбасының үлкен-кiшi әрбiр мүшесi Алла тағалаға сенiп, Оны жақсы көретiн. Алла тағала бұл отбасын бүкiл адамзат атаулының отбасылары iшiнен ең абзалы етiп таңдады. Бұл отбасы Құран Кәрiмде «Имранның отбасы» («Әлі Имран» сүресі) деп аталған. Алла бұл отбасының ерекшелiгi жайында Құран Кәрiмде осы есiммен аталған «Әлі Имран» сүресiнiң 33-34-аяттарында:

«Расында, Алла Адамды, Нұхты, Ибраһимді және Имран отбасын бүкiл әлемде ардақты етiп таңдап алды. Олар – бiр-бiрiнен тараған ұрпақ. Алла – әр нәрсенi Естушi, Бiлушi», – делінген.

Мәриямның анасы

Мәриямның анасы алғашқыда перзент көтермей, ұзақ уақыт өмiр сүрдi. Әрбiр адам баласының бұл дүниеде перзент сүйіп, оларды жақсы көрiп, мейiрiмдiлiкпен тәрбиелеудi армандайтыны даусыз. Имранның әйелi де өзінің бір перзентінің болуын, оны Алла тағаланы жақсы көрiп, Оған бойсұнушы етiп тәрбиелеудi және қартайған шағында өзіне көмек беруін қалап, Алла тағаладан бiр нәресте беруiн сұрап дұға жасады. Қолдарын көкке көтерiп, аспан мен жердiң Раббысына жалбарынып, бұл арманының iске асуын өтіне отырып: «Егер Алла тағала маған бiр ұл перзент беретiн болса, мен оны Мақдис қаласындағы ғибадатханада қызмет етуге арнаймын», – деп ниет еттi.

Әйелдің бұл ниеті оның ықыласының, иманының беріктігінің көрінісі еді. Ол Алла тағаладан тек бұл дүниеде ғана қуанатын бала сұрамады. Керісінше, өзi бұл фәниден өтiп кеткеннен кейiн де, перзентiнiң Алла тағалаға бойсұнып, өмiр бойы ғибадатханада құлшылығын жасап әрi ғибадатхананың қызметiн атқарып өтетiн iзгi перзент болуын сұрады. Бірнеше күн өткен соң Алла тағаладан соншалық ықыласпен, шын жүрекпен дұға жасаған Имранның ізгі әйелiнiң дұғасының қабыл болғаны жайлы оны шаттыққа кенелтiп, қуанышқа бөлейтін хабар жетті. Бір жұмсақ, әдемі үнмен әйелге: «Ей, мүмін әйел, қуан! Алла тағала сенiң дұғаңды қабыл еттi. Таяуда саған армандаған перзент берiледi», – деген дауыс естілді. Мүмін ананың бұл қуанышты хабарға қаншалықты қуанғанын елестету мүмкін емес еді.

Бүкiл дүние оның көз алдында жарқырап, нұрланып кеткендей болды. Оның қуанышы қойнына сыймай:

 «Уа, Раббым! Саған сансыз шүкiр айтамын! Ей, үлкендердiң де, кiшiлердiң де Раббысы! Саған мадақ болсын!» – деп қайталай берді.  

Мәриямның дүниеге келуі

Уақыт өте келе Имранның әйелi арманының жүзеге асқанын сезiндi. Өйткенi оның бойына бала бітті. Күннен-күнге оның қуанышы артып, тiлi тоқтаусыз Раббысын мадақтап, дәрiптеумен болды. Ол таяуда дүниеге келетiн перзентi үшiн қажеттi жабдықтарды дайындай бастады. Жас нәресте де шыр етіп, дүние есігін ашты. Ана Алла тағала нәсіп етiп берген нәрестесiне бiр көз тастап қарағысы келдi. Ана басынан кешкен босану қиындықтарын ұмытып, көзiн ашып, қасында жатқан нәрестесiне қарады. Бiрақ ол өзi күтпеген жағдайға тап болып, шошып кеттi. Бұдан кейiн оның жүзін мұң басқандығы айқын бiлiндi. Неге? Ана не туралы ойланды?

Жаңа босанған ана көзiн аспанға тiге қарап, дұға жасап тұрғандай:

 «Уа, Раббым! Мен қыз туыппын ғой», – дедi. Ол туылатын нәрестенiң қыз болуын мүлде ойламаған-ды. Оның бүкiл ойы, арманы өзi ниет етiп арнағандай ғибадатхана қызметiн атқаратын ұл перзент едi. Ал дүниеге келген нәресте қыз бала болып шықты. Қыз бала ұл баладай ғибадатхана қызметiн атқаруға жарамайды ғой. Ана бұл сөздi айтып, сан қилы ойды ой елегiнен өткiзiп, көзi аспанға қадала қарап жатты. Әрбiр нәрсенi Естушi Аллаһтан сол сәтте: «Алла оның не туғанын бiледi», – деген жауап келдi.

Иә, расында, Алла тағала дүниеге келген перзенттің қыз бала екендігін бiледi. Бiрақ Алла тағала Өзiне ғана аян белгiлi бiр себеппен бұл анаға қыз бердi. Өйткенi дінді насихаттауда, иманды қоғам орнату жолында қыз баланың да тигізер үлесi зор. Имранның әйелi сөздерiн жалғастырып: «Ұл бала қыз баладай емес. Мен оны Мәриям деп атадым. Мен оны және оның ұрпағын шайтаннан сақтауыңды сұраймын», – дедi. Алла тағала оның дұғасын қабыл етiп, оның бағыштаған арнауын, қыз бала болса да, қабыл алды. Бұл ананың қайғысын сейілтіп, ол қайтадан қуанды. Ол перзент көрудi сұраған едi, перзент Алла тағаланың қалауымен дүниеге келдi. Перзентi ұл бала болуын армандаған едi, ол қыз бала болып туылды. Әрi ол перзентiн Алла тағала жолында арнаймын деп ниет еткен едi. Алла тағала оның ниетiн қабыл алып, оған нығметтерiн түгелімен бердi.

Мәриямның ғибадатханадағы өмірі

Күндер өте келе ана қызы Мәриямды алып, ғибадатханаға келдi. Есiктi қағып, iшке енiп, ол жердегi дiн басшыларына: «Бұл қызды біраз уақыт бұрын Алла тағала маған нығмет етiп берген-ді. Мен туылатын перзентiмдi ғибадатхананың қызметi үшiн Алла тағала жолына арнаймын деп ниет еткен едiм. Мен сол ниетiмдi орындау үшiн қызымды сiздердiң қастарыңызда аманат етiп қалдырамын. Ол сiздердiң тәрбиелерiңiздi алып, иманды болып өссiн», – дедi. Дiн басшылары аманатты қабылдап, Мәриямды көтерiп алып қалды. Ал ана ниетiн орындағаннан кейiн үйiне қайтты.

Анасы қызы Мәриямды қалдырып кеткеннен кейiн, дін басшылары ғибадатханада осы бір кiшкентай нәрестеге мейiрiмдiлiкпен, аяушылықпен қарады. Олардың әрқайсысы қызды өз тәрбиесiне алуды қалады. Тiптi олар өзара таласып та қалды. Олардың таласуларының себебі де бар. Өйткенi нәресте – Имранның қызы. Анасы – Имранның әйелi. Оның дүниеге келген отбасы – атақты «Имранның отбасы». Сондай-ақ бұл қыз Алла тағала жолында ғибадатхананың қызметiне арналды. Әрине, мұндай қызды өз қарамағына алып тәрбиелеу кiмге болса да бедел, атақ-абырой әкелерi сөзсiз еді.

Ғибадатшылар арасында Алла тағаланың елшiсi Зәкәрия да болды. Оның бұл нәрестеге туысқандық жақындығы бар едi. Туысқандығы жағынан және ғибадатшылар арасында беделдi болғандығынан Зәкәрияның Мәриямды өз қарамағына алуына толық құқы бар болатын. Бiрақ әділдік болу үшін ғибадатшылар ортасында жеребе тасталды. Таңдау Зәкәрияға түсті. Сонымен, Зәкәрия Мәриямды өз қарамағына алып тәрбиелей бастады.

Бiраз уақыт өткеннен кейiн Зәкәрия Мәриямға жеке бiр бөлме құрып бердi. Мәриям бұл бөлмеде жалғыз өзi тыныш, жайбарақат Алла тағалаға құлшылығын жасап, өмiр сүрiп жатты.

Бөлмеде

Бұл бөлмеге Зәкәриядан басқа ешкiм кiрмейтiн. Ол уақытымен Мәриямға қажетті тамақ-сусын әкелiп, оған хабарласып тұратын. Алайда Зәкәрия Мәриямның қасына қашан келсе де, оның алдында жаңа ризық-несiбе толып тұратын. Оған басқа артық ештеңенiң де қажетi болмайтын. Мұны көрiп, Зәкәрия таңғалатын. Өйткенi Мәриямның қасына өзiнен басқа ешкiм кiрмейтiн еді. Ақыры Зәкәрия Мәриямнан: «Ей, Мәриям! Күнделiктi бұл ризық-несiбе қайдан келiп жатыр?» – деп сұрады. Сонда Мәриям: «Бұлар – Алла тағаланың қасынан. Алла қалаған кiсiсiне есепсiз ризық-несiбе бередi», – деп жауап бердi. Зәкәрия бұл жауапты естiп, сүйсiнiп кеттi. Ол қолдарын аспанға көтерiп, Раббысынан өзiне хақ дін шақыруын жалғастыратын бiр перзент беруiн сұрап, дұға қылды. Алла тағаланың барлық іске шамасы жетедi. Және пенделерiне ризық бередi. Алла тағала Зәкәрияның дұғасын қабыл еттi.   

Мәриям ана

Бiр күнi Мәриям бөлмесiнде құлшылық жасап отырған кезiнде кездейсоқ бiр оқиға болды. Алла тағала Мәриямның бөлмесiне бiр перiштенi адам бейнесiнде жiбердi. Мәриям бұл кездейсоқтықтан таңданып, не iстерiн бiлмей сасып қалды. Шындығында, мұндай оқиға бұрын-соңды Мәриямның өмiрiнде болмаған едi. Дәл осы сәтке дейiн оның қасына қамқоршысы Зәкәриядан басқа ер кiсi кiрмеген-ді. Сондықтан да Мәриям бұл келiп тұрған кiсiнi көрiп, таңданып, шошып, қатты қорқып, денесi дiрiлдеп кеттi. Ол бұл кiрiп келген кiсiнi бұзықтық жасау үшiн келген арам пиғылды адам шығар деп ойлады. Сөйтіп, Алла тағаладан қорғаныш сұрап, қашпақшы болды. Мәриям бүкiл өмiрiн тыныштықта өткiзiп, абыройын сақтаған пәк әйел болғандығынан да, ол кiсi тарапынан өзiне бiр жамандықтың келуінен қорықты.

Алла тарапынан жiберiлген бұл перiште Мәриямның қатты шошып қалғанын бiлiп, оның қорқынышын басып, тыныштандырмақ болып:

«Қорықпа, ей, Мәриям! Мен бұзақы емеспiн. Мен саған ешқандай жамандық ойлап тұрған жоқпын. Мен – перiштемiн. Алла менi саған сүйiншi хабар жеткiзуiм үшiн жiбердi. Сен жақында перзент көретiн боласың. Оның есiмi Иса болмақ», – дедi.

Перiштенiң бұл сөзiн естiген Мәриямның қорқынышы, таңдануы үдей түстi. «Бұл кiсi не деп тұр өзi? Келуiмен бiр шошытты. Ендi, мiне, бұл сөздерiмен тағы шошытты. Ол маған перзент көресiң деп сүйiншiлеп тұр ғой. Бұл не? Сонда мен бала көтеремiн бе? Мен Иса есiмдi бала тумақпын ба? Жоқ, мүмкін емес. Бiрақ бұл кiсi Аллаһтың жіберген перiштесімiн дейді. Демек, оның сөзі жалған емес. Сонда қалайша тұрмыс құрмаған, бұзықтық iстерге жоламаған әйел бала тумақ?»

 Мәриямға сан қилы ой келді. Ол аздап тынышталып, істің мән-жайын періштеден сұрамаққа бекінді. Мәриям перiштеге: «Мен қалайша перзент көрмекпiн? Мен тұрмыс құрмаған болсам, пәк болсам, қалайша бала бітпек, ей, перiште! Бұл мүмкiн бе?» – дедi. Перiште оған бұл iстiң Аллаһтың қалауы болғандықтан, сөзсiз жүзеге асатындығын, Алла үшін оның еш қиындығы жоқ екендiгiн баяндап: «Ей, Мәриям! Аллаһтың әрбiр нәрсеге күшi жетушi екендiгiн бiлмейсiң бе? Алла бiр нәрсенi қалап, «бол» десе болатындығын бiлмейсiң бе? Сенiң бұл балаң Аллаһтың құдiретi, қалауымен туылады. Және ол басқа адамдардай емес, бесікте жатып-ақ үлкен кісіше сөйлейді», – дедi.

Уайым және сенім

Перiште бұл сөздi айтты да, кетіп қалды. Мәриям сауалдарына тиiстi жауабын алып, бұрынғыдан да таңданып, уайымдап жалғыз өзi қалды. Ол естiгенiн ой елегiнен өткiзiп, қорытындылады. Егер жүктi болып, бала көтерсе, адамдардың өзi туралы не дейтiндерiн елестетiп көрдi. Олардың: «Бұл бала қайдан келдi? Мәриям зина жасапты», – дерi сөзсiз. Ешкiм ол баланың Алла тағаланың мұғжизасы екенiне сенбейдi. Иә, мүлде сенбейдi. Мәриям не iстерiн білмей, мұңайып, көп қайғырды. Ақырында, Мәриям Алла тағаланың жазғанына көнiп, болашақ күндерде не болатынын күттi. Мәриям адамдардан алыстады. Өйткенi олардың бұл iстiң мұғжиза екенiне сенбей, оның абыройына дақ түсiрiп, оған «бұзақы, зинақор» деп жала жабуы сөзсiз. Сол үшiн де Мәриям Алла тағала қалаған iс соңына жеткенге дейiн, үй iшiнен, қауым адамдарынан жырақта болуды қалады. Күн өткен сайын оның уайымы арта түстi.

Жасыруға тырысқанымен де, бұл iс бәрiбiр ашылады. Бiрнеше айдан кейiн бала дүниеге келiп, адамдар оны көретiн болады. Бұл уақытта Мәриям өзiн Алла тағалаға тапсырып, бойсұнуынан басқа ешқандай амал жасай алмайды. Тек оның иманы мен тақуалығы ғана қайғысын жеңiлдетеді. Өйткенi ол Алла тағала Өзi қолдап, бұл қиындықты жеңiлдiкке, қорқынышты қуанышқа, уайымды тыныштыққа алмастырып беретiнiне күмәнсiз сенедi. Мәриям туылатын баласының адамдар үшiн мұғжиза болып, дүниеге келген алғашқы күндерiнде-ақ сөйлейтiнiн бiлдi. Бұл да оның пәктiгiн дәлелдеп, ақиқатты айқын көрсетiп, адамдардың жаласын қайтаруына көмектесетiн болады.

Исаның дүниеге келуі

Мәриям Алла тағаладан жеңiлдiк сұрап, құрма ағашының алдында жалғыз өзi тұрды. Ол өзiнiң хал-жағдайын, уайым-қайғысын ешкiмнің көрмеуі үшiн адамдардан алыстап кеткен-ді. Толғағы басталып, ол бiрнеше сәттен кейiн босанатындығын сезiп, құрма ағашының астына жақындады. Бiрақ бұл жерде оған босануына көмектесетiн ешкiм жоқ едi.

Мәриям қураған құрма ағашының түбiнде жалғыз өзi босану ауыртпалығын басынан кешiрдi. Ендi оған тамақ, дәрi-дәрмек және қасында отырып, дертiн жеңiлдетер серiк керек. Ол бөтендiк, қиындық, жалғыздық тауқыметiн тартты. Қашанға дейін осы бір азапты сәт жалғаса бермек?

Бiрер сәттен кейiн кең, байтақ далада жас нәресте дүниеге келiп, шырылдап жылай бастады. Мәриям ендi жалғыз емес. Қураған құрма ағашының астында баласымен бiрге. Ол балаға қарап, өкiнiп, өзiнiң әкесiз туылған бұл балаға ана болмай тұрып бұ дүниеден әлдеқашан өтiп кеткен болуын армандап: «Мен бұл күнiмдi көрмей тұрып өлiп, мүлдем ұмыт болып кеткенiмде…» – деп қайғырды.

Ендi ол не iстейдi?! Оның басынан бұл қиындық қашан кетедi. Қазiр ме? Әлде кейiн бе, уа, Раббымыз? Мәриям осылай күрсiнiп, басына түскен қайғы-қасiреттiң ауыртпалығынан өлiп кетудi армандап, ойға берiлiп, жылап отырған. Кенет оның құлағына әлдебiр дауыс келiп, оның ой-пiкiрiн бөлiп жiбердi. Ол жан-жағына қарап, дауыстың қайдан келiп жатқанын барлады. Бiрақ бұл қазiр ғана дүние есігін ашқан жас нәрестенiң дауысы-тұғын. Нәресте анасына:

«Ей, анашым! Жыламаңыз, қайғырмаңыз. Алла тағала сiздi ұмытпайды. Бұл – Алла тағаланың мейiрiмi. Ей, анашым! Қасыңыздағы мынау кiшкене арықты көрiп тұрсыз ба? Одан су iшiңiз, мүлде шөлдемейтiн боласыз. Алла тағала менi мұғжиза еттi. Және сiздi есепсiз ризық-несiбеге бөледi. Мынау қураған құрма ағашын сiлкiңiз. Алла тағаланың құдiретiмен тәттi, пiскен жемiстер түседi. Ей, анашым! Жыламаңыз, қамықпаңыз. Алла тағаланың нығметтерiнен iшiп-жеп, демалыңыз. Ал адамдармен кездесе қалсаңыз, оларға: «Мен мейiрiмдi Алла тағала жолында ораза тұтуды ниет еткенмiн. Бүгiн ешкiмге сөйлемеймiн», – деп өзiңiздiң бiрде-бiр сөз айтпайтындығыңызды жариялаңыз. Сонда Алла тағаладан жеңiлдiк, қуаныш келедi. Алла тағала сiздi ешқашан ұмытпайды», – дедi.

Бұл хикаядан шығар қорытынды: бiздiң ой-санамызда, жүрегiмiзде, тiлiмiзде үнемі Алла тағаланың әрбiр нәрсеге күшi толық жететiндiгi, егер бiр нәрсенi қалап, «бол» десе, болатындығы және әке-шешесiз Адамды жаратқан Алла тағаланың, әкесiз Исаны жаратуға да шамасы келетiндiгi жүруі шарт. Мәриям ана мен оның дүниеге шыр етіп жаңа келген сәбиінің тағдыры қалай жалғасқаны келесі хикаяда баяндалады.

"Құрандағы хикаялар". Аударған: А. Ахмад.

0 пікір