Имам Раббани - тирания алдында тізе бүкпеген ғалым
Имам Раббани - тирания алдында тізе бүкпеген ғалым
14 күн бұрын 2346

Исламға сіңірген еңбегі үшін Ахмад Фаруқи ас-Сирхинди, яғни Имам Раббаниді - «Исламның екінші мыңжылдығының жаңартушысы» деп атаған. 

Имам Раббани (1564–1624) қазіргі Үндістан аумағындағы Сирхинд қаласында дүниеге келген. Ол кезде бұл өңір Үндістандағы Ұлы Моғолдар империясының қарамағында болатын. Имам Раббани «Фаруқ» деген атпен танылды, себебі ол осы лақаппен белгілі Омар ибн Хаттабтың ұрпағынан тарады.

Имам Раббани дін ілімін жақсы меңгерді. Ол әуелі өз әкесінен, кейін Маулаана Камал Кашмири, Шейх Якуб Кашмири, Бахлул Бадахшани сияқты ғалымдардан сабақ алды. Ол Құран тәпсірін, хадистерді, ислам құқығын және сопылықты оқыды. 20 жасында Имам Раббани Хаджи Баки Билла атты сопы шейхтың шәкірті болды. Бұл ұстаз Нақшбандия тариқатын Үндістанға таратқан болатын. Оқу мерзімі біткен соң, ол ұстазынан шәкірт тәрбиелеуге рұқсат алып, халифа (рухани өкіл) болды.

Көп ұзамай Имам Раббани Үндістандағы ең беделді сопылық шейхтардың біріне айналды. Оның мыңдаған шәкірті болды, олардың арасында патшалық билікке жақын адамдар да бар еді. 

Дәл оның ықпалының арқасында император Акбар ұсынған «дин-и илахи» атты жаңа діни бағыт кеңінен тарамай қалды делінеді. Бұл діни бағыт индуизм, ислам, христиандық және басқа сенімдердің элементтерін біріктірмек болған. Имам Раббани бұған қарсы күресіп, өзіне жақын билік адамдарына, тіпті тікелей императордың өзіне де хат жазып, бұл діннің жалған екенін ескерткен.

Имам Раббанидің Жахангирдің билігі кезіндегі күресі

Кейін, Акбардың ұлы – Жахангир билікке келгенде, Имам Раббани патшаның әкесінің бастамаларын түзету үшін күресін жалғастырды. Ол Жахангирге үндеу жасап, одан (Жахангирден) әкесінің жаймақ болған дінге қайшы бағытын өзгертуді талап етті.

Бірақ көп ұзамай Жахангирге айналасындағылардан: "Имам Раббани өте ықпалды адам, оның соңынан ергендер, әсіресе әскер арасында көбейіп барады, бұл – қауіп" деген хабар жетеді. Сол себепті Жахангир 1618 жылы Имам Раббаниды түрмеге қамауға бұйрық береді.

Алайда бір жылдан соң, яғни 1619 жылы, ол бостандыққа шығады. Бірақ бірнеше жыл өткеннен кейін, 1622 жылы Имам Раббани қайтадан түрмеге түседі. Біраз уақыттан кейін, Жахангир оны екінші рет бостандыққа шығарып, одан соң тіпті оған құрмет көрсеткені де айтылады. 

Зерттеушілер бұл оқиғаларға қарап, Имам Раббанидің әрекеттері сәтті болған деп тұжырымдайды. Себебі Жахангир біртіндеп өз саясатын өзгертіп, Имам Раббани сынаған бағыттардан бас тарта бастаған.

Еңбектері мен ойлары

Имам Раббани бірнеше шығарма жазған тұлға, алайда оның ең танымал еңбегі – «Мактубат». Бұл – әртүрлі адамдарға әр кезеңде жазылған үш томдық хаттар жинағы.

Имам Раббанидың негізгі ойы сопылыққа бағытталған. Алайда ол өз хаттарында шариғатсыз сопылықты түсіну мүмкін емес екенін айта келе: "ең алдымен шариғатқа еріп жүруді" өсиет етеді.

Ғалым бұл дүниеде де, болашақ өмірде де адамды биікке көтеретін кішіпейілділіктің не екенін түсіндіреді. Сондай-ақ, құтылу тек сүнниттік бағытқа еру арқылы мүмкін екенін жазады.

Ол өз шәкірттеріне білім алуға кеңес беруімен қатар, фанатизммен және екіжүзділікпен күресуге үлкен мән береді. Сонымен бірге, надан адамдардан ештеңе үйренуге болмайды деп насихаттайды.

Имам Раббани бойынша, ең алдымен сенімді (ақиданы) түзету керек, содан кейін ислам құқығын (фиқһты) оқуға болады.

Сонымен қатар, ол өз еңбектерінде Алланың бар екенін, Оның жалғыз екенін, Оның сипаттарын, сондай-ақ иман, Құран ахлағы, шын көңілмен ықыластылық таныту, шайтанмен және нафспен (эго, ішкі құмарлық) күресу, пайғамбарларға және төрт халифаға ерудің қажет екенін баса түсіндіреді.

Шәкірт тәрбиесі және сопылықтағы орны

Ұлы шейх Имам Раббани көптеген шәкірттер дайындады, оларды Үндістанның әр аймағына жіберіп, халықты тәрбиелеп, дін үйретуді тапсырды.

Ол сопылық терминдерінің ауқымын кеңейтіп, жаңа түсініктер мен ұғымдар енгізді. Сол себепті оны «Исламның екінші мыңжылдығының жаңартушысы» (муджаддид әлф-и сани) деп атаған. Бұл – Ислам тарихында әр мыңжылдықтың басында дінді жаңғыртатын ұлы ғалымдарға берілетін атақ.

Кейбір ғалымдар оны муджтахид деп те санайды – яғни өз бетінше діни пәтуалар бере алатын жоғары деңгейдегі ислам ғалымы.

Имам Раббани Нақшбандия тариқатының өкілі ғана емес, сонымен қатар оның жаңа тармағы – Муджаддидия бағытының негізін қалаушысы. Бұл – кейін кең таралған сопылық тармағының бірі болды.

Сонымен қатар, Имам Раббани Қадирия және Чиштия тариқаттары арасында да құрметке ие болған, яғни олар да оны үлкен шейх ретінде мойындаған.

Қайтыс болуы және рухани мұрасы

Имам Раббани 1624 жылы, туған жері Сирхинд қаласында 60 жасында дүниеден өтті. 

Оның кесенесі «Рауза-йи Шариф» деп аталады. Оған зияраттап көптеген мұсылман елінен зиратшылар келеді. Бұл жерде 300 жылдан астам уақыт бойы оның дүниеден өткен күніне арналған "Урс" деген атпен рухани шара – атап өтіледі. Бұл шараға Индия, Пакистан, Афганистан,, Индонезия, Бангладеш сынды мұсылман елдерінен мыңдаған мұсылман жиналып, Имам Раббаниға құрмет көрсетеді.

Дереккөз: Исламсфера
Қазақшалаған: islam.kz

0 пікір