Сәһл ибн Саъдтан (радияллаһу әнһу) жеткен маруф (пайғамбарымызға тікелей тірелетін) хадисте:
«Мүміннің абыройы — түнде намазға тұруында, ал оның қадірі — адамдардың қолына қарамауында»1.
Мүміннің шынайы абыройы мал-дүниеде немесе мансапта емес, оның Аллаға жақындығында екен. Ал бұл жақындықтың ең үлкен көріністерінің бірі — түнде намазға тұру болып табылады (тәһәжжүд оқу). Өйткені, түн мезгілі — риядан (көзбояушылықтан) алыс уақыт. Сондықтан бұл уақытта жүрек Аллаға ықыласпен жөнеледі және бұл ғибадат мүмінді сабырлылыққа әрі нәпсімен күресуге тәрбиелейді.
Хадистің жалғасында: «...ал оның қадірі — адамдардың қолына қарамауында» делінді. Арабша нұсқасында «истиғнәә» сөзі қолданылған, яғни, «адамдарға мұқтаж болмау» деген сөз. Оны қазақшаға «адамдардың қолына қарамау» деп аударып отырмыз.
Қадір, қасиет болса — тәннің ірілігінде немесе қатарының көптігінде емес. Керісінше, мүміннің адамдарға жалтақтамай, тек Аллаға тәуекел етуінде жатыр. Аллаға тәуекел етіп, өзінің шама-шарқынынша нәпақа тауып, тапқанына қанағат қылуында. Оның жүрегі өзгелерге емес, тек Аллаға ғана арқа сүйеуі керек. Ондай адам, өзгеден нан сұрап немесе тамақ сұрап, өзгелердің алдында өзін төмендетпейді.
Демек, адамдардың қолына қарамау, яғни, өзгеге мұқтаж болу — қадірлі болудың себебі, ал ашкөздік — иесін қор қылады.
Тағы да Сәһлден жеткен басқа бір риуаятта былай делінеді:
Бір кісі Пайғамбарымызға (с.а.у.) келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Маған сондай бір амалды көрсетші, егер оны істесем — мені Алла да жақсы көрсін, адамдар да жақсы көрсін», – деді. Сонда Алла Елшісі (с.а.у.): «Дүниеге қызықпа (зуһд қыл) — сонда сені Алла жақсы көреді. Адамдардың қолындағы нәрсеге көз тікпе — сонда сені адамдар да жақсы көреді», – деп жауап берді2.
Бұның сыры мынада: адам баласының жүрегі жаратылысынан дүниеқұмарлыққа, дүниені сүюге бейім. Ал бұндай дүниеге деген махаббат — сол дүниеге таласқан өзге адамдарды жек көруге итермелейді. Егер пенде адамдардың қолындағы дүниеден нәпсісін тыйып, пәк ұстаса, олардың алдында қадірі артады. Өйткені адамдар оның тарапынан өздеріне ешқандай қауіп жоғын біліп, оның көреалмаушылығы мен қастығынан аман екендігіне көз жеткізеді.
Адамның иманының кемелдігі және жан-дүниесінің мәрттігі — Алланың өзгелерге берген нығметіне қызғанышпен қарамауында жатыр. Біреудің дүниесіне көз тікпей, оған қызықпай (зуһд етіп), Алланың өзіне бұйыртқан несібесіне риза болса, одан бақытты адам жоқ. Бұл — қанағатшылдықты және адамдардан тіленіп сұраудан арылуды қамтиды. Ол өзгелердің артықшылығына іштарлық қылмайды және өзгелердің дүниесін сұрап өзін қор қылмайды.
Адамдардың қолындағы нәрсеге қызықпау (зуһд) — жалпы дүниеге қызықпаудың өзімен тікелей байланысты. Өйткені бұл қасиет жүректің дүниеқұмарлықтан және Жаратқанның орнына жаратылған құлдарға байланудан азат (еркін) екенін көрсетеді.
Әбу Саъид әл-Худриден (радияллаһу әнһу) жеткен риуаятта Пайғамбарымыз ﷺ былай деген:
«Кімде-кім арлы болуға ұмтылса, Алла оны арлы қылады. Кімде-кім ешкімге мұқтаж болмауға тырысса, Алла оны ешкімге мұқтаж қылмайды»3.
Яғни, адамдардың мал-дүниесінен және олардың қолындағы нәрселерден өзін алыс ұстап, арын сақтаса, Алла Тағала оған шынайы пәктік пен қанағат сыйлайды.
Сондай-ақ, кімде-кім адамдарға алақан жаймай, ешкімнің қолына қарамай, мұқтаж болмауға тырысса, Алла оны байытады және оның жүрегіне «жан-дүниенің байлығын» (көңіл тоқтығын) ұялатады. Кімде-кім өзінің байлығын Алладан деп білсе, Алла оны ешкімге мұқтаж етпей байытады және оның дәрежесін биіктетеді4.
1Табарани риуаят еткен, хасан хадис.
2Ибн Мәжә: «Сүнән».
3Имам Бұхари: «Сахих Бұхар»; Имам Мүслім: «Сахих Мүслім».
4«Құран мен сүннеттен бақыттылық заңдары» кітабынан ықшамдап аударылды. (Араб тілінде. Авторы: Доктор Хусейн Мұхаммед Ъамир»).