Ғұлама Әбуль-Хасанат әл-Ләкнәуи – қырыққа толмай жатып кемеңгерлікке жеткен ғұлама
Ғұлама Әбуль-Хасанат әл-Ләкнәуи – қырыққа толмай жатып кемеңгерлікке жеткен ғұлама
3 сағат бұрын 142 islam.kz/
Нуруд-Дин Қалләлә
Ғұлама Әбуль-Хасанат әл-Хинди әл-Ләкнәуи – Қырыққа толмай жатып кемеңгерлікке жетудің үлгісі

Үндістан — Исламның еңселі бекіністерінің бірі болып саналады. Мұнда үмбеттің көптеген салиқалы, дінге адал әрі берік ғұламалары өмірге келіп, дінге аянбай қызмет етті. Бұл өлке - өз үлестерімен ислам кітапханаларын байытқан, ислам ғылымдарының өркендеуіне орасан зор еңбек сіңірген данышпандардың мекені болды. Біз бүгінгі күнге дейін олардың сапалы еңбектерінің нұрын сезініп келеміз. Солардың бірі — фиқһ, хадис және тұлғатану (таражим) саласының білгірі, Үндістанның ірі тұлғалары мен Ислам әлемінің бірегей кемеңгерлерінің бірі — Ғаллама Шейх Әбуль-Хасанат әл-Хинди әл-Лакнауи (Алла рахымына бөлесін). 

Тұлғаның тегі

Ғалымның толық аты-жөні: Имам, Шейх Мұхаммед Абдул Хай ибн Мұхаммед Абдул Халим әл-Ансари әл-Лакнауи әл-Хинди, Әбуль-Хасанат әл-Ференги Махалли. Ол — кейінгі буын ғалымдарының мақтанышы, әділ зерттеушілердің сирек кездесетін үлгісі. Ол бір бойына мынадай қасиеттер мен мамандықтарды жинаған:

• Мухаддис (хадисші) және Фақиһ (ислам заңгері);
• Усулші (әдістемеші) және Мантықшы (логиканы меңгерген);
• Мутакаллим (теолог) және Муаррих (тарихшы);
• Назар (теоретик), зерттеуші және сыншы.

Ол өз заманының бірегей ғалымы, біліктілігі мен көшбасшылығына (имамдығына) бүкіл ғалымдар қауымы куәлік еткен Ғаллама Мұхаммед Абдул Халим әл-Ансари әл-Лакнауидің ұлы. Оның тегі Алла елшісінің (с.ғ.с.) жақын сахабасы — Әбу Айюб әл-Ансариге барып тіреледі.
Шейх Әбуль-Хасанат — Үндістанның ұлы ғұламаларының бірі ретінде Мұхаммед Уазых ән-Надуаи немесе Мұхаммед Әнуар Шах әл-Кашмири секілді алыптармен деңгейлес тұлға болып саналады.

Туған жылы, тегі және өскен ортасы

Үндістанның ғұламасы Шейх Әбуль-Хасанат хижри 1264-жылы (мәтіндегі 1246 — баспа қатесі болуы мүмкін, тарихи деректерде 1264 ж. көрсетілген) Зүл-қада айының 26-сы, сейсенбі күні Үндістанның Банда қаласында дүниеге келген. Оның толық шежіресі: Абдул Хай ибн Абдул Халим ибн Аминулла ибн Мұхаммед Акбар ибн Әби ар-Рахм ибн Мұхаммед Яқуб ибн Абдул Азиз ибн Мұхаммед Саид ибн әш-Шаһид Кутбуддин әл-Ансари әс-Сахалауи әл-Лакнауи.
Лақап аттарының мәні:
• «Әл-Ләкнауи»: Солтүстік штаттың астанасы, Гомти өзенінің қос жағалауында орналасқан Ләкнау қаласына қатысты берілген есім.
• «Әл-Ансари» немесе «Әл-Айюби»: Ол Ансарлар тайпасынан шыққан. Оның шежіресі 43 буын арқылы әйгілі сахаба, Мәдинада Алла елшісін (с.ғ.с.) алғаш күтіп алған қонақжай иесі — Әбу Айюб әл-Ансариге (Халид ибн Зейд) барып тіреледі.
• «Ференги Махалли»: Бұл «Еуропалықтар сарайы» деген мағынаны білдіреді. Оның ата-бабалары кезінде осы ғимаратты мекен еткендіктен, әулеті осылай аталып кеткен. Қазіргі таңда Ференги Махалл — Лакнау қаласындағы аудандардың бірі.

Ілім жолы 

Ол Құран Кәрімді бес жасында жаттай бастап, он жасында қари атанған. Бала кезінен оған зеректік пен есте сақтау қабілеті дарыған, тіпті ол қырық жасқа таяған шағында: «Маған жас кезімнен есте сақтау қабілеті берілді, тіпті мен барлық болған оқиғаларды көз алдымда тұрғандай жатқа білемін», – деп айтқан.

Құран жаттаумен қатар, алғашқыда әкесінен кейбір парсы тіліндегі кітаптарды, шығарма жазуды және каллиграфияны үйренді. Осыдан кейін ол шариғи ғылымдар мен оларға қажетті қосымша пәндерді меңгеруге кірісті. Ол түрлі ілім саласы бойынша оқулықтарды оқып шықты:

• Тіл білімі: Сарф (морфология), наху (синтаксис), мағани, баян (риторика);
• Ойлау ғылымдары: Логика (мантық), хикмет (пәлсапа);
• Практикалық ғылымдар: Медицина, аруз (өлең құрылымы);
• Дін ілімдері: Фиқһ, фиқһ негіздері (усул), кәләм (теология), хадис және тәпсір.

Бұл ғылымдардың басым бөлігін әкесінен үйренсе, математикалық ғылымдарды нағашы ағасы Шейх Мұхаммед Нығметулладан оқыды.

Ерекше оқыту әдістемесі

Жастық шағынан бастап оның жүрегіне ұстаздық ету мен кітап жазуға деген сүйіспеншілік ұялады. Ол қандай да бір кітапты оқыса, оны бітіре сала басқаларға дәріс ретінде оқытатын. Осы әдістің арқасында ол ғылымдарды өте терең меңгерді. Түсіну қабілеті мен ғылыми деңгейінің жоғарылағаны сондай, ол кейіннен Әбу Әли ибн Синаның «Қанун әт-Тиб» (Медицина каноны) және Тусидің «Шарх әл-Ишарат» секілді (Ибн Синаның философиясына жазған түсіндірмесі) күрделі еңбектерін ешқандай ұстазсыз, өз бетінше оқып меңгеріп кетті.

Мансаптан бас тартуы

Әбуль-Хасанаттың дәрістері шәкірттері арасында үлкен ықыласқа ие болып, ұстаздары мен оны танитын жақын жолдастары оның біліміне жоғары баға берді. Әкесі (Хайдарабад қаласының бас әділет қызметкері болған) қайтыс болғанда, билік өкілдері Шейхке әкесінің орнына жоғары лауазымды қызметке тұруды қайта-қайта ұсынды. Алайда ол бұл ұсыныстан үзілді-кесілді бас тартты. Оның себебі — мемлекеттік қызмет оның дәріс беруіне әрі кітап жазуына кедергі келтіреді деп қорықты. Ол дүниелік байлықтың орнына аз ғана нәпақаға қанағат етіп, өмірін Алла ризашылығы үшін білім таратуға арнады.

Хадис ілімі — дін ілімдерінің ішіндегі ең сүйіктісі болды

Ол ақыл-ой (логика, пәлсапа) ғылымдарында алдына жан салмаса да, барлық ілімдердің ішінде оған ең сүйіктісі — қасиетті Хадис шәріп, хадис фиқһы және басқа да нәқли (жеткен деректерге негізделген) ғылымдар болды. Ол өзі туралы былай дейтін: 

«Мен хадис шәріпті оқытудан, оның фиқһын (хадистен туындаған мән, үкімдер) түсіндіруден және осы салаларда кітап жазудан алатын ләззат пен қуанышты басқа ешбір ілім мен өнерден таба алмаймын».

Ол өте күрделі мәселелер мен шытырман, нәзік тақырыптарды шешуде Алла тарапынан берілген ерекше дарындыққа ие еді. Өзі айтқандай: 

«Алла Тағаланың маған берген сыйларының бірі — Ол менің жолымды әсіре сілтеу (ифрат) мен тым жеңіл қараудың (тафрит) ортасында етті. Менің алдыма ғалымдардың пікірі қақ жарылған қандай да бір қиын мәселе келсе де, маған міндетті түрде соның "орта жолы" жүрегіме білдірілетін. Мен шариғи дәлелдерге қайшы келсе де, фақиһтардың сөзін соқыр сеніммен ұстанатын "тым қатып қалған тақлид" жолындағылардан емеспін. Сонымен қатар, ғалымдарды кінәлап, фиқһ ілімін мүлдем тәрк ететіндерден де емеспін. Егер бір мәселе анық әрі сахих хадиске қайшы келсе, мен ол пікірді ысырып қоямын, бірақ ол үкімді шығарған мүжтәһид ғалымды қателескені үшін үзірлі санаймын, тіпті ізденгені үшін сауап алушы деп білемін. Дегенмен, мен қарапайым халықтың арасында іріткі шығарушылардан емеспін, керісінше, адамдармен олардың ақыл-өресіне қарай сөйлесемін» деген ғалым.

110 кітап және қырыққа толмаған ғұмыр

Егер жүзден астам кітап жазған авторлар туралы сөз болса, Имам Абдул Хай есімі міндетті түрде тізімнің басында тұрады. Оның жазған еңбектерінің саны 110-ға жуық. Оның небәрі 39 жыл ғана өмір сүргенін ескерсек, бұл көрсеткіш адам сенгісіз дәрежеде көп көрінеді.

Еңбектерінің сапасы мен тереңдігі 

Шейх Абдул Хайдың туындыларын зерттеген кез келген маман олардың мынадай ерекшеліктерін мойындайды:

  • Ғылыми дәлдік: Әрбір еңбегі мұқият зерттеу мен нақты деректерге негізделген.
  • Сирек деректер: Ол өз кітаптарында басқа жерде кездесе бермейтін сирек және шешуші маңызы бар дәйексөздерді шебер қолданады.
  • Терең мамандану: Белгілі бір тақырыпты жазғанда, оны бүкіл ғұмырын тек осы салаға арнаған маман секілді жан-жақты ашады.
  • Қайталаудың болмауы: Оның 110 кітабының ешбірінде бірін-бірі қайталау немесе құр сөзді созу (су ішкендей езу) жоқ. Тіпті Имам Марғинанидің «әл-Һидая» кітабына жазған түсіндірмелері мен «әс-Сиғая» секілді көп томдық еңбектерінде де әрбір сөйлемнің ғылыми салмағы бар.

Шейхтің барлық ғылым салаларын қамтитын өте бай жеке кітапханасы болды. Оның еңбектеріндегі деректердің ауқымдылығына қарап, оның кітапханасында тіпті сол заманда көпшілік ести қоймаған, қолжазба күйіндегі сирек жәдігерлердің болғанын аңғаруға болады. Ол өз еңбектерінде осы көмес жатқан білім қазыналарын оқырманға паш етіп отырған.

Ең танымал еңбектері

Имам Лакнауидің 110-ға жуық кітабы бар. Олардың толық тізімі оның «әр-Рафъ уат-Тәкмил» атты еңбегінің алғысөзінде келтірілген. Бұл кітаптардың басым бөлігі оның көзі тірісінде сол заманның ең сапалы баспа стандартымен, мұқият тексерістен өтіп, көркем түрде басылып шыққан. Оның жарық көрген кітаптарының көбі өзінің тірі кезінде де, қайтыс болғаннан кейін де бірнеше рет қайта басылды. Кейбір еңбектері, мысалы, Марғинанидің «әл-Һидая» кітабына жазған түсіндірмелері (хашия), бүгінгі күнге дейін Үндістан мен Пәкістанның діни оқу орындарында негізгі оқулық ретінде оқытылады.

Шейхтің ең танымал еңбектері келесідегідей:

• «Ат-Таълиқ әл-Мумажжад»: Имам Мұхаммедтің «Муатта» кітабына жазылған терең түсіндірме.
• «Умдат әр-Риғая»: «Шарх әл-Уикая» еңбегіне жазылған маңызды түсініктеме.
• «Әл-Фауаид әл-Баһия фи Тәражим әл-Ханафия»: Ханафи мәзһабы ғұламаларының өмірбаяны туралы іргелі еңбек.
• «Әр-Рафъ уат-Тәкмил фил-Жарх уат-Таъдил»: Хадис іліміндегі рауилерді (жеткізушілерді) зерттеу әдістемесі туралы кітап. Көлемі шағын болғанымен, 150-ден астам дереккөзге сүйеніп жазылған өте құнды еңбек.
• «Әл-Асар әл-Марфуға фил-Ахбар әл-Маудуға»: Ойдан шығарылған (жалған) хадистерді анықтау туралы.
• «Зафар әл-Амани»: Хадис терминологиясына арналған еңбек.
• «Иқамат әл-Хужжа»: Құлшылықта (нәпіл амалдарды) көбейтудің бидғат емес екенін дәлелдейтін туынды.
• «Әл-Ажуиба әл-Фадиля»: Бұл кітапта Шейхтің сирек кездесетін, көбіне қолжазба күйіндегі кітаптардан үзінділерді шеберлікпен суырып алу қабілеті айқын көрінеді.

Ғалымның тұлғалық сипаты

Имам Ләкнауидің кітаптарын оқыған адам одан ешқандай өркөкіректік, тәкәппарлық немесе біліміне мастану нышанын таба алмайды. Керісінше, оқырман оның әр сөзінен биязы сопылықтың лебін, үлкен кішіпейілділікті, терең әдеп пен шариғи парасатты сезінеді. Шейх кітап оқығанда оны жай парақтап шықпай, әр сөйлеміне «сүзгі» салып, ішіндегі ең жасырын әрі құнды білім дүрлерін теріп алатын. Оның еңбектеріндегі сирек дәйексөздер мен нұрлы мәтіндер осы қажырлы еңбектің дәлелі. Бұл — Алланың қалаған құлына беретін ерекше шапағаты. 

Қажылық сапарлары

Алла Тағала Шейхке Өзінің қасиетті үйіне (Қағбаға) екі мәрте қажылық жасауды нәсіп етті. Алғашқы рет 1279-жылы әкесімен бірге барса, екінші рет әкесі қайтыс болғаннан кейін 1292-жылы аттанды. Осы екі қажылық сапарында ол қос қасиетті қаланың (Мекке мен Мәдина) ғұламаларынан өте көп ғылыми ғибрат пен пайдалар жинап қайтты. Сондай-ақ, өзі өткен елдерден көптеген сирек кездесетін қолжазбалар мен баспа кітаптарын сатып алып, білім қазынасын толықтырды.

Дүниеден озуы 

Шейх Әбуль-Хасанат қырық жасқа толмай жатып, 39 жасында пәниден озды. Бұл оқиға хижри жыл санауы бойынша 1304-жылдың 29-рабиуль-әууәл айында болды. Сол күні ол өзі науқастанып жүргеніне қарамастан, туыстарының бірінің қуанышты жиынына (мәуліт немесе мерекелік басқосу) қатысып, соңғы сәтін айналасындағылармен бірге өткізді.

Алла Тағала оны Өз рақымына алсын! Дін іліміне, дінге және Исламға сіңірген өлшеусіз еңбегі үшін Алла оған жақсылығын еселеп қайтарсын!

Әлхәмдулилләһи Раббиль аләмин!


 Дереккөз: islamonline.net/أبوالحسنات-العبقرية-قبل-الأربعين/ , араб тілінен аударылды.

 

0 пікір