Европаны таңғалдырған Ибн Сина
Европаны таңғалдырған Ибн Сина
10 жыл бұрын 13849
Бақ БЕР

Орта Азиядан шыққан, аты аңызға айналған біртуар мұсылман ғалым, ойшыл, астроном, дәрігер, фармацепт Ибн Сина 980 жылы 16 тамызда Бұқара маңында дүниеге келген. Толық аты-жөні Абу Али Хусейн ибн Абдаллаһ ибн Сина, европада Авиценна деген атпен танымал. Поэзия, философия, геология, астрономия секілді білімнің барлық саласына арнап  еңбектер жазған. 456-ге жуық еңбегінің 240 кітабы ғана кейінге жеткен. Атақты ғалым бар болғаны 57 жыл-ақ өмір сүрді (980-1037 ж.).

Ибн Синаның қабірі. Иран, Хамадан

Кішкене кезінен бастап дарындылығымен ерекшеленді, 10 жасында Құранды жатқа білді, ана тілі парсы болса да, араб тілінің грамматикасын тез игерді. Жеке ұстазы Әбу Абдаллаһ Натилидің жетекшілігімен ойлау туралы ғылымды, евклидтік геометрияны, астрономияны оқи бастады. Көп өтпей ілімде ұстазын басып озды. Өмірбаянында бұл туралы өзі былай дейді: «Ол осыған ұқсас нәрсені естімеген, сондай талдау анықтамасын бердім. Ол маған таң қалып, менің ата-анама мені ғылымнан басқа ешнәрсемен айналыспауыма кеңес берді. Евклид кітабымен де солай болды. Мен бес-алты теореманы мұғалімнің көмегімен меңгердім, ал қалғанын өз бетіммен меңгердім. Натилидің мені оқытуға шамасы жетпеді. Мен кітаптарды өзім оқып үйрене бастадым. Осы уақытқа дейін өзі білмеген сұрақтарды, менен үйренді».

Гректің атақты дәрігерлері Гиппократ пен Галеннің еңбектерін де жата-жастана оқыды. Олар айтқан қағидаларды толықтырып, қателерін түзетті, ескірген ұғымдарын алып тастады. Ибн Синаның арқасында Еуропада ұмытыла бастаған Гиппократ пен Галеннің есімдері де қайта жаңғырды.

Жастайынан жаратылыстану ғылымына, әсіресе медицинаға деген құштарлығы ерекше еді.  Сол кездегі атақты дәрігер Абу Сахлем Масихимен танысып, мазмұны ғылыми хат жазысып тұрды. Көп уақыттарын Бұхара кітапханасында өткізді. Өмірінде қиын жағдайларға кезікті. Бірнеше рет қуғынға да ұшырап, абақтыға да қамалды. Үйі тоналып, көптеген еңбектері жоғалды. Бірақ бәрібір зерттеу еңбектерін үзбеді. Кейбір жұмыстарын Ибн Сина ұзақ жол жүрген кезде, ат үстінде отырып жазғаны айтылады.

Медицина бойынша басты еңбегі «Китабүл-қанун фит-тыбб» (Дәрігерлік ғылымның ережесі) деп аталды. Бес томдық бұл энциклопедия   медицина тарихындағы ең әйгілі кітапқа айналды,  Ибн Синаның атын әлемге әйгіледі.

Ауа және су арқылы тарайтын көрінбейтін жұқпалы аурулардың қоздырушысы туралы ғылыми болжамды да алғаш рет Ибн Сина алға тартты. 8 ғасыр өткеннен кейін француз ғалымы Пастер ол қоздырушының микроб екенін дәлелдеді. Бұл турасында: «Бұзылған, иістенген су ішті бұзады, ал бұзылған ауа шешек, оба кеселдерін қоздырады. Аурудан сақтану үшін ауыз суды сүзіп, қайнатып ішу шарт» деген сөзі бар. Ибн Синаның тамырды, көздің бұлшық еттерінің құрылысы туралы зерттеулері де әлі күнге өміршеңдігін сақтап келеді.  

Ибн Сина оба, тырысқақ, сары ауруды анықтап, шығу себептері мен белгілерін талдады. Менингит, асқазан жарасы, диабет секілді басқа да көптеген аурулардың емдеу тәсілдерін қарастырды. Келте кесу (ампутация), шеке бұрғылау (трепанация), қуықтан тас алу, жара таңу, білтелеу, сынық салу амалдарын да анықтады. Ауруды емдеуде дәріні кең қолданды, кеселдерге қажетті дәрі түрлерін анықтады, Гиппократ дәрінің 200 түрін, үнді емшілері 800 түрін пайдаланса, Ибн Сина 2600 түрлі дәрі қолданды. Дәрілердің көбін өсімдіктерден ала отырып, көптеген дәрілерді жасау, дайындау, сақтау әдістерін ұсынды.

Баланы тәрбиелеу мен тамақтандыру, физикалық жаттығулар мен дұрыс тамақтану да ғалымның назарынан тыс қалмады. Ибн Синаның «Дәрігерлік ғылымның ережесі» атты әлемде медицина энциклопедиясы ретінде қабылданып, зор бағаға ие болды. ХІІ ғасырдың өзінде араб тілінен латын тіліне аударылды, көптеген қолжазбамен тарап кетті. Тіпті Еуропада жиі басылып шығуы жағынан Інжілмен бәсекелескендігі айтылады. Бұл кітап 17 ғасырдың соңына дейін Еуропада медицина саласындағы ең негізгі жетекші оқулық ретінде оқытылды.

Басты еңбектері: «Дәрігерлік ғылымның ережесі», «Дауа кітабы», «Өсиеттер мен кеңестер кітабы», «Білім кітабы», «Құтқарылу кітабы», «Тәрбие туралы кітап». Өз кезегінде Ибн Сина шығармалары классикалық парсы, араб, өзбек және орта ғасырлық еврей әдебиетіне де елеулі ықпал жасаған.

Ғаламды жаратушы да, басқарушы да бір Алла деп біліп, ғылыммен шұғылдануды өзіне парыз деп қабылдаған ғалым 1037 жылы 18 маусымда қайтыс болған.

0 пікір