Баладағы 8 жасқа дейінгі ерекшелік
Баладағы 8 жасқа дейінгі ерекшелік
10 жыл бұрын 6214
Алдаберген Үсен

Бұл кезең жүктілік кезден 8-9 жасқа дейін жалғасады. Алғашқы жылдары бала әкесінен гөрі анасына көбірек тәуелді келеді. Қажеттілігі жақсы қамтамасыз етілмеген бала кейін өскенде маңайынан шу кетпейтін бақытсыз бала болып өседі. Бұл кезде ананың ең басты міндеті баланы емізу болмақ. Ана сүті арнайы зерттеуден өтіп, оның бала үшін таптырмас витаминдер жиынтығы екендігі дәлелденген. Сондай-ақ, шешенің баланы құшағына қысуы мен емізуі де үлкен мәнге ие. Нәрестесін өбектеу арқылы екеуінің арасында ерекше жақындық, сүйіспеншілік пен айнымас махаббат пайда болады.

Емізу кезінде әйелдің ашулы болуы, тынышының кетуі мен сабырсыздануы немесе емізіп отырып басқа жұмыспен айналысуы омыраудағы баланың ішкі сезім мүшелерінің қалыпты дамуына кері әсерін тигізбей қоймайды. Әрі бұндай келеңсіздіктерден бала өмір бойы арыла алмайды.

Баланы емшектен ерте шығару зиянды. Емшектен өте ерте шыққан балаларда саусақ сору, тырнақ тістелеу, төсекке жіберіп қою секілді жайсыз жайттар байқалады. Бұл кездегі ұйқының да маңызы өте зор. Жаңа туған сәби тіпті 24 сағатын түгелге жуық ұйқымен өткізеді деуге болады. Өскен сайын сәбидің ұйқысы да біртіндеп азая береді. Баланың пысылдап алаңсыз ұйықтауы үшін тазалықпен қатар жайлы да жылы орын әзірленіп, барынша жағдай жасалуы керек.

Әрине, махаббат, сүйіспеншілік, жақсы көру, мейірімге бөлеуді бей-жай қалдыруға болмайды. Анасының махаббаты мен мейіріміне қанып өскен бала өзіне сенімі мол, айналасындағылармен тез тіл табысып, қоян-қолтық араласа кетуі оңай, сүйкімді болып өседі. Өзіне қажетті ана махаббатынан екі жыл мақұрым қалған бала басқалармен тіл табыса басы қосылып ойнауы қиын, адамға жұғымсыздау болып өседі.

Бала бұл кезде маңайында болып жатқан құбылыстарды толықтай сезіне алады. Тіпті әке-шешесінің өзара татулығы мен салқындығын да ажырата алады. Бұл дегеніңіз, балаға көрсетілер мейіріммен қатар ата-ананың өз арасындағы татулығы да айтарлықтай маңызға ие екендігін білдіреді. Отбасындағы ыдыс-аяқтың сылдырлауы, жиі-жиі белең алатын ұрыс-керістер, баласының көзінше шешесін әкесінің былапыт сөздермен балағаттауы, тіпті қол көтеруі нәтижесінде балада үнемі қорқақтық пен үркектік пайда болады. Өмірі бір бітпейтін ырың-жырың, кикілжіңдермен әке-шешесінің түбінде ажырасып тынатындығын ойлау бала жанына жазылмас жара салып, оны іштей үлкен күйзеліске ұшыратады.

Сондай-ақ, бұл жас аралығында бала бойынан өзіндік дене мүшелерін тануға деген әуестік байқалады. Қолдарымен аяқтарын ұстап көріп, ойнауға талпынады. Жүру, секіру, бірдеңеге шығу секілді қимылдармен сыртқы әлеммен там-тұмдап таныса бастайды. Тәй-тәй басып жүре бастаған тұста айналасындағы көзі шалған нәрсенің бәрін ұстап көргісі, өзіне алғысы келеді. Тіпті ары-бері сүйретіп көріп, жыртып я болмаса бірден аузына салады, заттардың орындарын ауыстырып, сындырып, төгіп, қиратып, ішін көруге құмартады. Баланың бұндай әрекеттері- оның қоршаған ортамен біртіндеп танысуы, үйренуі, түйсінуі екендігін ұмытпаған жөн. Көптеген ата-аналар баланың осы кездегі тынымсыз әрекетінен, әр нәрсені бір шұқылап шашуынан мазалары кетіп, оларды ұрсып, ұрып жатады. Ал, баланың әлеуметтік психологиясының қалыптасуы тұрғысынан ата-аналар бұл кезде оларды көп шектей бермеулері керек. Бала бұл кезде өзіндік көптеген тәжірибелерінің арқасында өз-өзіне сенімі нығайғандығын іс-әрекетімен басқаларға көрсетпек болады. Баланың бұл кезде «өзімшілдігі» барынша басым тұрады. Ол “өзін” және “өзімшілдігін” бәрінен жоғары қояды.

Еліктеу – бұл кезде балаға тән басты ерекшеліктердің бірі. Еліктегіш балаға жай сөз, жылы қабақтан гөрі үлкендердің үлгі бола аларлық іс-әрекеті көбірек әсер етері сөзсіз. Балаға көрсетілер іс-қимыл оның бес сезім мүшесін (көру, есту, иіскеу, дәм сезу, ұстап көру) бірдей қанағаттандыра алғаны дұрыс.

Бала қызығушылықтарына ыңғайлы әртүрлі орта ұйымдастыра білген жөн. Бала бойынан еркіндік, өзіне деген сенім мен алға ұмтылыс байқалғанда, оны аз да болса өз еркінде ұстаған жөн.

Бұл кезеңде балада сезімталдық, мендік және қалау еркіндігі, ақыл мен логика бар болғанымен, өте бәсең күй танытады. Сондықтан, бұл кезеңде баламен қарым-қатынас орнатарда, қалауымызды оған білдірерде оны көндіретін қисынды сөздер табудың орнына қайта оның арқасынан жай ғана қағып, көздерінің ішіне қараңыз. Өйткені, бұл арқаға қағу, денесіне жақындау балада сенімділік пен қабылданғандығы жайлы сезім қалыптастырады. Бұл оның жанын жайлы сезімге бөлейді әрі сізбен «ашық қарым-қатынас» құруына жағдай туғызады.

Үйрену мен жетілу бұл кезеңде бес сезім мүшесіне негізделген. Сондықтан, берілетін қандай да бір мәліметтің осы осы бес сезім мүшесіне бірдей қаратылуы өте маңызды.

Бала бұл кезде:

* Бар дүниенің кілтін өзі ұстап тұрғандай сезінеді;

* Биологиялық денесін планеталарға орналастырғысы келеді;

* Өте өзімшіл келеді. Менмендігі күшті болады. Ненің болса да іргетасын «мен» ғып қалайды;

* «Бәрін де істей аламын» деген сенімде болады;

* Баланың бұл кезде үгіт-насихатқа емес, керісінше бай тәжірибе мен үлгілі іс-әрекеттерге, үлгі тұтар адамдарға көңілі көбірек ауады.

Бұл кезеңде бала үшін ең маңызды нәрсе: оны ерекше бір сүйіспеншілікпен арқаға қағып, денесіне жақындау арқылы әсер ету. Баланың туылуымен бірге мидағы ет сезіну орталығы тәмамдалады әрі басқа да ми байланыстары осы орталық арқылы туғаннан кейін жетіле бастайды. Сондықтан, бұл кезеңде денеге әсер ету өте маңызды.

Бұл кезеңде бала үшін екінші қажетті нәрсе:

* Сенімділік;

* Жылылық;

* Төзімді болу;

* Оның қателесуін түзетіп, дүниені тануына жағдай жасау;

* Баланың бес сезім мүшелерін дамытатын, жетілдіретін орта әзірлеу.

Бұл кезеңде бала үшін қауіпті нәрсе: физикалық қорқыту мен үркіту. Баланы томаға-тұйық, бұйығы, жасқаншақ қылып жібереді.

Жаман үлгі, нашар қылықтар. Бала бұл кезеңде көз алдындағы не болса соған еліктегіш келеді. Ол жақсы-жаманын ажыратып жатпастан бірден бойына қабылдайтындықтан, көрген жағымсыз қылықтар оның бойында өмір бойы қалыптасып қалуы мүмкін.

0 пікір