Бағдат қаласындағы "Әбу Ханифа" мешіт-медресесі хақында (фото)
Бағдат қаласындағы "Әбу Ханифа" мешіт-медресесі хақында (фото)
1 ай бұрын 2575
Абдусамат Қасым

«Имам Ағзам мешіті» немесе «Әбу Ханифа ән-Нұғман мешіті» - Бағдат қаласындағы үлкен тарихи мешіт-медреселердің бірі. Мешіттің орналасқан аймағы Имам Ағзамның атымен «Ағзамия шағын ауданы» деп аталады. Бұл аудан Бағдат қаласының солтүстігінде, Русафа ауданы жақта орналасқан. Оның қарсысында «Муса Кәзыйм» жерленген өңір - «Казымия шағын ауданы орналасқан».

 
Әбу Ханифа мешітінің сыртқы көрінісі.

Һижри жыл санауы бойынша 375 жылы (миләди 1065 жыл) Имам Ағзам Әбу Ханифаның қабірінің жанынан мешіт соғылды. Кейін һижри 459 жылы (миләди 1066 жыл) селжүк мемлекетінің уәзірі Әбу Саид әл-Харизми, ғалымның қабіріне кесене салдырып, күмбез тұрғызады. Сонымен қатар уәзірдің мұрындық етуімен кесененің жанынан үлкен медресе тұрғызылды – «Әбу Ханифа фиқһының медресесі, ол – ең ескі медреселерден. Қазіргі таңда ол медресе «Имам Ағзам куллиясы (факультеті)» деп аталады.

(Куллия – мешіт жанынан тұрғызылған медресе, кітапхана, аурухана, монша, жатақхана т.б. мешітке қарасты ғимараттардың жалпы атауы. Факультет, институт, университет деген де мағыналарды білдіреді. «Имам Ағзам куллиясы» делінгенде, оның ішіне мешіті мен медресесі және солардың жанынан соғылған кітапхана, сауат ашу курстары, жатақхана, уақыф т.б. мешіт-медресеге қарасты барлық ғимараттар қамтылады).


«Әбу Ханифа» мешітіндегі мінбәр. 2012 ж.

Бағдаттағы «Имам Ағзам Әбу Ханифа» оқу орны бүкіл әлем бойынша ең көне үш университеттердің бірі. Одан бұрын Марокко еліндегі миләди 859 жылы тұрғызылған «Қарауин» университеті мен миләди 972 жылы негізі қалаңған Мысыр жеріндегі «әл-Әзһар» университеті бар. Батыс еуропада ең алғашқы университет, Имам Ағзам медресесінен кейін миләди 1088 жылы ғана бой көрсетті. Ол - Италиядағы «Болония университеті».

Мешіт-медресенің тарихи

Имам Ағзам Әбу Ханифа һижри 150 жылы (миләди 767, 768 жылдары) Аббаситтердің екінші халифасы Әбу Жағфар әл-Мансур заманында қайтыс болды. Денесі Бағдат қаласының солтүстігіндегі, кейіннен Халифа Мәһдидің жұбайы, Харун Рашидтің анасы Хизран бин Атаның атымен «Хизран мазараты» деп аталатын қабірстанға жерленеді. (Қазіргі таңда «Ағзамия мазараты» деген атпен танымал).


Әбу Ханифаның қабірі.

Әбу Ханифа қайтыс болғаннан кейін, жанынан һижри жыл санауы бойынша 375 жылы (миләди 1065 жыл) «Әбу Ханифа мешіті» тұрғызылды. Және бір ғасырға жуық уақыт өтіп, һижри 459 жылы (миләди 1066 жыл) селжұқтық уәзір әл-Харизмидің бұйрығымен, ғалымның қабіріне кесене салынып, күмбез қойылады. Сондай-ақ, үлкен мектеп-медресе соғылады. Кесене орналасқан аудан «Әбу Ханифа махалләсы» (Әбу Ханифа шағын ауданы) деген атауға ие болады. Кесене Селжұқтықтардың құрылыс үлгісінде соғылды.

 
Әбу Ханифа мешітінің намаз оқылатын залы. 2014 ж.

Әбу Ханифа медресесінде шариғат ғылымдарымен қоса, есеп т.б. ғылымдар да оқытылатын. Он екінші ғасырда өмір сүрген географ, теңіз саяхатшысы Ибн Жәбир Әндулиси, миләди 1184 жылы өзінің Бағдат қаласына жасаған сапарында, Бағдаттың шығысын сипаттай келе былай деген:

«Қаланың сыртында, шығыс жағында «Русафа махалләсына» қарама-қарсы жағажайда әйгілі «Бабу ат-Тақ» бар еді. Сол ауданда сәулетті құрылыс орын алған, оның көкпен таласқан ақ күмбезі бар. Оның ішінде Имам Әбу Ханифаның қабірі орналасқан, сол аудан Әбу Ханифаның атымен танымал».

 
Әбу  Ханифа мешітінің кіреберісі. 1919 жыл.

Бағдат қаласын Хулағу басып алған кезде Бағдат қаласы құлап, оның көптеген аудандары жермен-жексен болды. Егер, Әбу Ханифаның қабірі мен медресесі болмағанда, ол аудан да тарих сахнасынан жойылар еді.

Сефевиттер династиясын құрушы ирандық Шах Исмаил (м. 1487-1524 ж.) Бағдат қаласын басып алғаннан кейін, «түрлі ағымдар арасында бүліктері» бой көрсетіп, Әбу Ханифаның кесенесі мен медресесі қиратылып, талқандалды.

Османлы кезеңі

Миләди 1534 жылы, Бағдат қаласы Османлылардың билігіне өткеннен соң Мұхаммед ибн Мансур әл-Хауаризми тарапынан кесене мен мешіт біраз күтім көрді. Ол жыл Сұлтан Сүлеймен тарапынан реформалар жасалған жыл болды. Османлы патшасы Сұлтан Сүлеймен Кануни «Кербелә» мен «Нәжәф» қалаларына сапар шегіп келгеннен кейін, Имам Ағзам Әбу Ханифаның қабіріне зиярат жасайды. Ол заматта қабірі қиранды күйде тұғын. Сұлтан Сүлейменнің бұйрығымен күмбезі қайта тұрғызылып, мешіт пен медресе қайта қалпына келтірілді. Оған қосымша қабірі орналасқан аймаққа қонақүй, монша, елуге жуық дүкен салынды. Одан кейін мешіт пен медресені, және де сол ауданды күзету мақсатында әскери бекініс салды. Бекіністе жүз елуге жуық әскер орналастырылды. Олар түрлі әскери қару-жарақпен жабдықталды.


«Әбу Ханифа ән-Нұғман» медресесінің ұстаздары мен шейх-машайыхтары және отызыншы жылдардағы Ирак мемлекетінің дін ғалымдары. Имам Ағзам мешіті ішінде.  

Шах Аббас (сефевиттер династиясының өкілі) кезінде Бағдат қаласы екінші мәрте ирандық сефевиттердің қолына өткеннен кейін, Имам Ағзам Әбу Ханифаның кесенесі қайтадан талқандалады. Алайда 1638 жылы Османлы падишахы IV Мұрат Бағдатты қайтарып, Әбу Ханифа мешіт-медресесін қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Тіпті онымен бірге «Ъабиид» тайпасы «Ағзамия» ауданына келіп, Әбу Ханифаның жатқан орнын күзетіп, кесене айналасына орналасқан. «Имам Ағзам куллиясы» толықтай 1871 жылы Пертевниял ханша, Османлы сұлтаны ІІ Махмұттың жұбайы, сұлтан Абдульазиздің анасы - Уалида Сұлтан тарапынан тәмәмдалған. Оны 1903-1910 жылдары Сұлтан ІІ Абдульхамид жаңадан соқтырады. 1948-1959 жылдары Ирак билігі мешіт-медресеге реставрация жасап, ескі тәрізі біраз өзгертілді. Кейбір жанындағы ғимараттар бұзылып, қайта соғылды.


Имам Ағзам мешіті. 1953 жыл.

Мәмлүктер кезінде

1757 жылы Мәмлүктердің билигі кезінде, дәлірек айтқанда қала әкімі Сүлеймен Паша Әбу ләйлә заманында Әбу Ханифаның қабірі жаңаланып, күмбез және мұнара тұрғызылады. 1874 жылы Сұлтан Абдульазиздің анасының бұйрығымен мешіттің ғимараты жаңаланады.


Әбу Ханифа мешіт-медресенің 1880-1890 жылдардағы көрінісі.

1911 жылға дейін оқу-жазуды, Құранды т.б. ілімдерді үйрететін шағын сауат ашу курстарын айтпағанда, Имам Ағзам Әбу Ханифа медресесі «Ағзамия» шағын ауданындағы жалғыз медресе болып келді. 1911 жылы мешіт үлкейтіліп, медресе қайта жүйеленіп, бұдан былай оған «медресе» емес «Имам Ағзам куллиясы (факультеті немесе институты)» деген атау берілді. Оқу орнынның ғимаратының құрылысы Османлы мемлекетінің кезеңінде толықтай аяқталды.

 
Имам Ағзам мешіті.

Кейіннен Имам Ағзам куллиясына - «Дәруль улумуд диния уәль арабия» деген атау берілді, одан соң «Күллиятуш шариъа» делінді, бірақ кейін бәрібір «Күллиятуль Имам Ағзам» (Имам Ағзам куллиясы, институты) деген атауын қайта алды.

 
Ирак мемлекеті. ХХ ғасыр. Әбу Ханифа мешіті.

1923  жылы «Ағзамия куллиясын» қайтару қаулысы шығып, оны уақыфтар министрлігіне тіркеп, Ирак еліндегі ең үлген діни медресесі статусы беріледі.

«Имам Ағзам куллиясы (институты)» әлем бойынша әлі күнге шейін жұмысын жалғастырып келе жатқан, ең көне үш университеттің бірі.

 
Әбу Ханифа мешіті. 1953 жыл.

Әлем бойынша ең көне саналатын бес университет бар. Соның үшеуі мұсылмандар елінде, екеуі еуропада. Ислам әлеміндегі және бүкіл әлем бойынша ең көне саналатын үш университет, олар: Мароккадағы Қарауин университеті, Мысырдағы әл-Әзхар университеті және Ирактағы Имам Ағзам Әбу Ханифа институты. Бұл үшеуінен кейін Италиядағы Болония университеті (1088 ж.) және Англиядағы Оксфорд университеті келеді (1099 ж.).

 
Әбу Ханифа мешіті. 1960 ж.

АҚШ әскерінің Бағдат қаласына жасаған соққысынан кейін

АҚШ билігінің Иракқа әскери шабуыл ұйымдастырған кезінде, 2003 жылы сәуірдің 10 күні Бағдат қаласының Ағзамия ауданында әскери қақтығыстар орын алып, Әбу Ханифа мешітінің мұнарасының бір бөлігі және мұнарадағы сағат, сондай-ақ, мазар, мешіттің ішкі жағының кейбір жерлері зардап шекті. Мешіттің айналасындағы ғимараттар қиратылды. Қираған ғимараттар арасында «Имам Ағзам Әбу Ханифа қауымдастығының» ғимараты да бар.


Имам Ағзам мешітінің мұнарасы. 2015 жыл.

Сол жағдайдан кейін бір рет жұма намазы оқылмады. Жергілікті тұрғындар мешітті тазалап, Әбу Ханифа медресесі мен мазаратын ұры-қарылардан, бұзғыншылардан қорғады. Келесі жұма намазы әдеттегідей мешітте оқылды. 2003 жылдан бері мешіт пен кесене жөнделіп, «ағзамия» сағаты мұнараға қайта тағылды. Бүгінде де мешіт пен оған қарасты жерлер жаңаланып, қайта қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда[1].

 
Әбу Ханифа мешіт-медресесіндегі мұнараға тағылған «Ағзамия сағаты». 


[1] Суреттер мен мәліметтің басым бөлігі ar wikipediaorg/wiki/جامع_الإمام_الأعظم ғаламтор дереккөзінен алынды (араб тілінде).  

0 пікір