Әбу Мұса әл-Әшғари: Мәдина төрін тербеткен Жәннат үні
Әбу Мұса әл-Әшғари: Мәдина төрін тербеткен Жәннат үні
1 сағат бұрын 105

Авторы: Абдулла Сәлім

Мәдина қаласының түнгі самалымен бірге есіп, айналаны мамыражай күйге бөлейтін, тыңдаған жанның жүрегін баурап, рухын иманға ұйытатын бір ғажайып үн бар еді. Ол – сахаба Әбу Мұса әл-Әшғаридың (р.а.) дауысы болатын. Алла Елшісінің ﷺ өзі бұл ғажайып дауысқа құлақ түріп, толқып, сүйсінгені сонша, оған: «Саған Дәуіт пайғамбардың әулетіне берілген әуезді үндердің бірі нәсіп болыпты», – деген еді. Мүміндердің аналары түн ішінде тұрып, оның Құран оқығанын тыңдайтын. Ал Мәдина халқы Әшғариліктердің келгенін өздерін көрмей тұрып-ақ, түнде оқыған Құран үнінен танитын еді.

Тегі мен дүниеге келуі

Толық аты-жөні – Абдулла ибн Қайс ибн Салим ибн Харб ибн Амир ибн әл-Әшғар. Көбіне Әбу Мұса әл-Әшғари деген куньясымен танымал. Ол – Пайғамбарымыздың ﷺ ұлы сахабасы, үлкен имам. Анасы Ғабйа бинт Уахб исламды қабылдап, Мәдина шаһарында дүние салған.

Әбу Мұса әл-Әшғари (р.а.) сирақтары жіңішке, шағын денелі, сирек сақалды кісі еді. Ол – Алла Елшісі ﷺ ерекше жақсы көрген елдің өкілі. «Алла Тағала Өзі жақсы көретін әрі Өзін де жақсы көретін бір қауымды әкеледі» («Әл-Маида» сүресі, 54-аят) деген аят түскенде, Пайғамбарымыз ﷺ қолымен Әбу Мұсаны нұсқап: «Олар – сенің елің, еи, Әбу Мұса!» – деген еді.

Иман жолы және һижрет

Әбу Мұса (р.а.) Меккеде исламның алғашқы кезеңінде-ақ иман келтіріп, кейін өз еліне дағуат айтуға оралды. Алла Елшісінің ﷺ Мәдинаға һижрет жасағанын естігенде, ол екі бауыры Әбу Бурда, Әбу Рухм және елуден астам отандасымен бірге жолға шықты. Алайда теңіздегі қатты жел олардың кемесін Ефиопияға (Хабшастанға) ығыстырып әкетіп, онда Джағфар ибн Әбу Талибпен және оның серіктерімен кезігеді. Кейін Хайбар шайқасы тұсында Пайғамбарымызға ﷺ келіп қосылды. Олардың жүректері сағыныштан лүпілдеп, тілдері: «Эй, ертең сүйіктіміз Мұхаммедпен және оның серіктерімен қауышамыз!» – деп шырқап келген еді.

Сахабалар арасында Алла Елшісімен ﷺ қауышқандағы шексіз қуаныштан ең алғаш болып қол алысып амандасу (қолтабысу) салтын енгізген – осы Әшғариліктер деседі.

Тәңір сыйлаған әуез

Алла Тағала Әбу Мұсаға Құран оқығанда ерекше баурап алатын әуезді де жұмсақ үн сыйлаған. Алла Елшісінің ﷺ өзі оған: «Саған Дәуіт пайғамбардың әулетіне берілген әуезді үндердің бірі нәсіп болыпты», – деп баға берген. Бірде Пайғамбарымыз ﷺ бен Айша анамыз оның үйінің жанынан өтіп бара жатып, Құран оқып жатқан үнін естіп, аялдап тыңдайды. Таңертең Алла Елшісі ﷺ бұл жайтты айтқанда, Әбу Мұса: «Егер Сіздің тыңдап тұрғаныңызды білгенімде, дауысымды бұдан да бетер құбылтып, құлпырта түсер едім», – деген екен.

Ал Абу Осман ән-Нахди: «Әбу Мұса әл-Әшғаридың дауысынан асқан әуезді сыбызғыны да, шекті аспапты да, сырнайды да естімедім. Ол бізге намаз оқытқанда, көркем дауысына елтігеніміз сонша, 'Бақара' сүресін бастан-аяқ оқыса екен деп тілейтін едік», – дейді.

Қасиеттері мен артықшылықтары

Әбу Мұса – Алла Елшісінің ﷺ арнайы дұғасына бөленген жан. Пайғамбарымыз ﷺ: «Уа, Аллам! Абдулла ибн Қайстың күнәларын кешіре көр және оны Қиямет күні ардақты орынға кіргізе көр!» – деп дұға еткен. Оның елі туралы: «Әшғариліктер жорықта азықсыз қалса немесе Мәдинада отбасыларының тамағы азайса, қолында барын бір матаның үстіне жинап, кейін оны бір ыдыспен бәріне теңдей бөліп береді. Олар – менен, мен – оларданмын», – деп мақтау айтқан.

Хасан әл-Байри: «Басра халқы үшін Әбу Мұса әл-Әшғаридан артық қайырлы атты кісі келген емес», – десе, Пайғамбарымыз ﷺ: «Әшғариліктердің түнде елді мекенге кіргенін, күндіз қай жерге түскенін көрмесем де, түнде оқыған Құран үндерінен-ақ қай үйде отырғандарын жазбай танимын», – деген.

Білімі мен фиқһы

Әш-Шағби былай дейді: «Ғылым алты адамнан алынады: Омар ибн әл-Хаттаб, Абдулла ибн Масғуд, Зайд ибн Сабит (олардың білімі бір-біріне ұқсас еді); сондай-ақ Әли ибн Әбу Талиб, Убай ибн Кағб және Әбу Мұса әл-Әшғари (олардың да білімдері өзара өзектес, бір-бірінен нәр алатын)».

Әбу Мұса 360 хадис жеткізген. Оның 49-ы «Екі Сахих хадис жинағында» (Бұхари мен Муслимде) бар. Имам Бұхари одан оңаша 4 хадис, ал Имам Муслим 15 хадис келтіреді. Ол – Алла Елшісінен ﷺ тікелей Құран үйреніп, сауат ашқан сахабалардың бірі. Басра халқына Құран үйретіп, дін ғылымын меңгерртті. Одан Хиттан ибн Абдулла әр-Рақаши мен Әбу Раджа әл-Атаруди сияқты ғалымдар сабақ алған.

Әбу Исхақ Асвад ибн Йазидтің: «Куфада Әли мен Әбу Мұсадан асқан білімді адамды көрмедім», – дегенін естігенін айтады. Ал Масрук: «Сахабалар арасында үкім айту, қазылық ету алты адамға жүктелген еді: Омар, Әли, Ибн Масғуд, Убай, Зайд және Әбу Мұса», – дейді.

Дана қазы

Ибн Сағдтың Қатададан жеткізген хабарында Әбу Мұса: «Қазыға күн мен түндей ақиқаттың жүзі ашылмайынша, үкімет айтуға болмайды», – деген екен. Бұл сөз Омар ибн әл-Хаттабқа жеткенде: «Әбу Мұса тура айтқан», – деп құптаған.

Әбу Кинана айтады: «Әбу Мұса әл-Әшғари (р.а.) Құранды жатқа білетін ішінде үш жүзге жуық адамды жинап, Құранның ұлылығын насихаттады. Ол: 'Бұл Құран сіздер үшін сауап та, жүк (жауапкершілік) те болуы мүмкін. Құранның соңынан еріңіздер, Құранды өз соңдарыңыздан ертпеңіздер. Кім Құранның артынан ерсе, Ол оны Жәннат бақтарына жетелейді. Ал кім Құранды артына қалдырса, Ол оны желкесінен итеріп, Тозаққа лақтырады', – деді».

Ғибадаты мен зұхды (тақуалығы)

Әбу Мұса көп ораза ұстайтын, дүниеге қызықпайтын заһид, құлшылыққа берік адам еді. Ол бойына ғылымды, амалды, жиһадты және жүрек тазалығын тоғыстырған.

Масрук ибн әл-Аждағ айтады: «Әбу Мұсамен (р.а.) бірге жорыққа шығып, түнді бір бақта өткіздік. Әбу Мұса түнде тұрып намаз оқыды. Оның оқыған көркем Құранын естідік. Намазда ол: 'Уа, Аллам! Сен Муминсің (сенім берушісің), мүміндерді жақсы көресің. Сен Мухайминсің (қорғаушысың), қорғаушыларды жақсы көресің. Сен Саламсың (бейбітшілік иесісің), бейбітшілікті жақсы көресің', – деп дұға етті».

Әкім әрі қолбасшы

Әбу Мұса әл-Әшғари (р.а.) Пайғамбарымыздың ﷺ тұсында Йемендегі Забид, Аден және теңіз жағалауындағы аймақтарға әкім болып тағайындалды. Алла Елшісі ﷺ дүниеден өткен соң Мәдинаға оралып, Шамды басып алу жорықтарына және Әбу Убайданың жаназасына қатысты.

Омар (р.а.) әл-Муғираны қызметтен босатқан соң, Әбу Мұсаны Басраның әкімі етіп тағайындады. Ол Ахваз пен Исфахан аймақтарын мұсылмандардың жеріне қосты. Халифа Осман (р.а.) заманында оны біраз уақыт орнында қалдырып, кейін орнына Абдулла ибн Амирді қойды. Осыдан соң Әбу Мұса Куфаға қоныс аударып, ондағы халыққа дін үйретті. Кейіннен Осман (р.а.) Сағид ибн әл-Асты орнынан босатқан соң, Куфаға қайта әкім етіп тағайындады.

Дүниеден өтуі

Әбу Мұса әл-Әшғари (р.а.) Куфа қаласында дүние салды. Кейбір деректерде оның Меккеде, һижраның 42 немесе 44 жылы, 63 жасында қайтыс болғаны айтылады.

Мұса әл-Талхидың айтуынша, Әбу Мұса өлімі таяғанда ғибадатқа қатты берілгені сонша, айналасындағылар: «Өзіңізге аздап дем беріп, жаныңызды күтсеңізші?» – депті. Сонда ол: «Сәйгүліктер мәреге жақындағанда бар пәрменімен шабады. Ал менің өмірімнен қалған уақыт – сол мәренің аз-ақ сәті», – деп жауап берген екен.

...Әбу Мұса әл-Әшғари (р.а.) осылайша артына құлақ құрышын қандырған әуезді үнін, жүректерге иман нұрын құйған тәлімін қалдырды. Ол – білім мен амалды ұштастырған, ізбасарларға шамшырақ болған ардақты сахаба. Алла Тағала оған разы болғай және оның өнегелі өмірін бізге үлгі еткей!


islamonline.net, мақаланың түпнұсқасы араб тілінде: "أبو موسى الأشعري: صوت من الجنة في رحاب المدينة" . Қазақшалаған: islam.kz

 

 

0 пікір