ЖҰМА НАМАЗЫН ОҚЫҒАН АДАМҒА ЕКІ ЖҮЗ ЖЫЛДЫҚ ҒИБАДАТТЫҢ САУАБЫ БЕРІЛЕДІ
ЖҰМА НАМАЗЫН ОҚЫҒАН АДАМҒА ЕКІ ЖҮЗ ЖЫЛДЫҚ ҒИБАДАТТЫҢ САУАБЫ БЕРІЛЕДІ
10 сағаттан соң 127
islam.kz

Хадис тағылымы 

قال رسولُ الله صلّى الله تعالى عليه وآله وسلّم: «مَن اِغتَسَلَ يومَ الجمعةِ غُفِرَتْ ذُنُوبُهُ وخَطايَاهُ، فإذا أخَذَ في الْمَشْيِ إلى الجمعةِ كان لَهُ بكُلِّ خُطْوَةٍ عَمَلُ عِشرِينَ سَنَةً، فإذا فَرَغَ مِن صَلاةِ الجمعةِ أُجِيزَ  بعَمَلِ مِئَتَي سَنَةٍ»

Хадистің казақша аудармасы

Алла елшісі (саллаллаһу тағала алейхи уа алихи уа саллам) былай деді: «Кімде-кім жұма күні ғұсыл (толық шомылу) алса, оның күнәлары мен қателіктері кешіріледі. Ал жұмаға қарай жаяу адымдай бастағанда, оған әрбір басқан қадамы үшін жиырма жылдық амалдың сауабы жазылады. Жұма намазын аяқтаған кезде, оған екі жүз жылдық амалдың (ғибадаттың) сауабы сыйға беріледі». (Табарани, "әл-Муъжәмуль Әусат").

Адам баласының өмірі белгілі бір өлшеммен, аздаған уақытпен шектелген. Сол шектеулі өмірде шексіз сауапқа кенеліп, Жаратқанның ризашылығына бөлену – әрбір мұсылманның арманы. Өзінің үмбетіне деген шексіз мейірімінің көрінісі ретінде Алла Тағала кейбір уақыттар мен амалдардың берекесін арттырып, аз ғана ғибадатқа ұшан-теңіз сауап уәде еткен. Солардың ішіндегі ең ұлық әрі берекелі уақыт – аптаның сұлтаны болған қасиетті Жұма күні.

Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейхи уа саллам) жоғарыда келтірілген хадисі мұсылман баласына Жұма күнгі амалдардың салмағы мен оның артында жатқан ұлы рухани мәнді тереңірек ұғуға мүмкіндік береді. Хадисте көрсетілген үш негізгі қадам – тазалық, мешітке қарай ұмтылу және намазды толық орындау – мұсылманның рухани дәрежесін биіктететін басты тұғырлар болып табылады.

1. Ғұсыл алу

Хадистің басы «Кімде-кім жұма күні ғұсыл алса, оның күнәлары мен қателіктері кешіріледі» деп басталады. Ислам – физикалық және рухани тазалықты қатар қоятын дін. Жұма күні шомылып, денесін тазартқан мұсылман сыртқы кірден арылып қана қоймай, ішкі күнәларынан да тазарады. Ғұсыл суының ағуымен бірге пенденің кішігірім күнәлары мен қателіктері де жуылып кетеді. Бұл – мешітке, яғни Алланың үйіне қарай қадам басуға жасалаған алғашқы әрі ең маңызды дайындық.

2. Мешітке адымдау

Хадистің келесі бөлігінде: «Ал жұмаға қарай жаяу адымдай бастағанда, оған әрбір басқан қадамы үшін жиырма жылдық амалдың сауабы жазылады» делінген.

Бұл жердегі әрбір қадам – Жаратушыға деген сүйіспеншілік пен құлшыныстың белгісі. Заманауи қарбалас өмірде мешітке қарай жүру, асықпай жүрекпен ниет ету – адамды дүниелік уайымдардан арылтып, намазға дайындайды. Нәтижесінде, әрбір басқан адымы үшін адам баласы жиырма жыл бойы үзіліссіз құлшылық еткендей зор сауапқа кенеледі. Бұл – Жаратушының пендесіне деген шексіз жомарттығы.

3. Жұма намазы - екі жүз жылдық амалдың сауабына пара-пар.

Хадистің түйіні: «Жұма намазын аяқтаған кезде, оған екі жүз жылдық амалдың сауабы сыйға беріледі».

Ғұсылмен тазарып, әр қадамын сауапқа балап мешітке жеткен мұсылман жамағатпен бірге сапқа тұрып, Жұма намазын оқиды. Осы ұлық намаз аяқталғанда, пендеге адам баласының бір өміріне де сыймайтын екі жүз жылдық ғибадаттың сауабы нәсіп болады. Адамның орташа жасы 80-90 жыл екенін ескерсек, бір ғана Жұма күнгі тиянақты құлшылық бірнеше ғұмырдың ғибадатына тең келмекн

Қорытынды

Бұл хадис бізге қарапайым көрінетін амалдардың артында қаншалықты ұшан-теңіз сауап жатқанын ескертеді. Жұма намазын ғибадаттардың бірі ғана деп емес, Алланың ерекше мейірімі төгілетін, күнәлар кешіріліп, дәрежелер көтерілетін ұлы мүмкіндік деп қараумыз керек.

Әрбір мұсылман бұл қасиетті күнді:

  • Ерте тұрып, денесін тазартып (ғұсыл алып),

  • Жақсы киімдерін киіп, хош иіс жағынып,

  • Мешітке ертерек шығып,

  • Уағыз-насихатты ұйып тыңдап, намазды шын ықыласпен орындауға ұмтылғаны абзал.

Алла Тағала бәрімізге Жұма күнінің берекесін толықтай сезініп, осы хадисте сүйіншіленген екі жүз жылдық ғибадаттың сауабына кенелуді нәсіп етсін! Амин.

0 пікір