Білім алу мен ғылым қуу — Исламдағы ең ізгі, ең ардақты құндылықтардың бірі. Себебі білім — мұсылманның еңсесін тіктеп, қоғамды өркендетудің, Жаратушыға жақындап, Жер бетін көркейтудің негізгі жолы. Ислам діні «діни білім» мен «дүниелік ғылымды» бір-бірінен бөле-жармай, екеуін тең ұстайды. Шариғат білімі Алланы танып, ғибадатты дұрыс орындауға жол сілтесе, дүниелік ғылымдар адамзат өркениетін құрып, мұсылманның тұрмыс-тіршілігіне қызмет етеді.
Ислам әу баста-ақ адамның санасын тәрбиелеуге, ойлау мен пайымдау, терең пікір жүргізу қабілетін дамытуға ерекше мән берген. Адам баласының Алла жолындағы жауапкершілікті сезінуі де осы сананың өсуіне байланысты. Құран Кәрімде Жаратушы Иеміз әрбір адамға айналасына ғибратпен қарауды бұйырып, былай дейді:
«Айт: Аспандар мен жердегі нәрселерге қараңдар (ой жүгіртіңдер)! Билік пен ескертулер сенбейтін қауымға пайда бермейді» (Юнус сүресі, 101-аят).
«Сендерден бұрын да түрлі заңдылықтар өтті. Жер жүзін аралап, жалаңға шығарушылардың соңы не болғанын көріңдер» (Әли Имран сүресі, 137-аят).
«Айт: Жер жүзін аралап, Жаратқанның жаратылысты қалай бастағанын көріңдер. Сосын Алла екінші қайта жаратуды жүзеге асырады. Шын мәнінде, Алланың әр нәрсеге күші толық жетеді» (Анқабут сүресі, 20-аят).
«(Әй, Мұхаммед!) Саған біз түсірген бұл Киелі Кітап — аяттарын терең ойлансын әрі ақыл иелері ғибрат алсын деп түсірілді» (Сад сүресі, 29-аят).
Ақыл — адамға берілген ең үлкен қуат пен мүмкіндік. Сондықтан Ислам тәрбиесі ақыл-ойды бірінші орынға қояды. Тіпті Алла Тағала шариғат талаптарын орындау жауапкершілігін (шариғи міндетті) де ақылдың саулығымен байланыстырған. Ақылынан адасқан немесе жан ауруына шалдыққан адамнан мұндай жауапкершілік түседі. Құранда бұл туралы:
«Өзің білмейтін нәрсенің соңына түспе! Шын мәнінде, құлақ, көз және жүрек — осылардың барлығы сұраулы» (Исра сүресі, 36-аят).
Білім алу — парыз әрі зор нығмет
Ақыл — адам баласының білімді қабылдап, оны игеруіне берілген Алланың теңдессіз нығметі. Бұл ақылдың ең басты да қасиетті міндеті — білім алу, ғылымға ұмтылу. Кімде-кім ғылым іздемей, сауатсыздық түнегінен шығуға ұмтылмаса, ол Алланың берген бұл ұлы нығметінің обалына қалады. Себебі адамды басқа мақұлықтардан ерекшелеп тұрған да — осы ақыл мен білім. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) Әнес ибн Мәліктен жеткен хадисінде былай делінеді:
«Білім алу — әрбір мұсылманға парыз. Білім ізденуші үшін тіпті судағы балықтарға дейін кешірім тілейді» (Ибн Маджа: 224).
Ислам білімнің адал, қоғамға да, адамның өзіне де пайдалы болуы үшін оның арнайы шарттары мен әдіс-тәсілдерін белгілеп берген.
Ақылды тазарту және ақиқатқа жету жолы
Пайдалы білімге қол жеткізу үшін ең әуелі сананы шайтанның азғыруынан, нәпсінің қалауынан, теріс пиғыл мен теріс ағымдардың ықпалынан тазарту қажет. Сонда гана адам бойындағы табиғи таза болмыс (фитрат) сақталып, ой-өрісі Исламның мақсат-мұраттарына сай қалыптасады. Ақылдың туралығы — дін мен дүние істерінде білімнің қайыр-берекесін көрудің басты шарты. Адамды Жер бетіндегі «Алланың өкілі» (халифа) деген жауапты міндетке дайындайтын да — осы таза ақыл.
Ақиқатты объективті түрде қабылдауға кедергі болатын нәрселерден сананы арылту үшін Ислам мынадай негізгі тәрбиелік ұстанымдарды ұсынады:
1. Бос жорамалдар мен соқыр еліктеушіліктен арылу Ақылды тек жорамалға, күмәнге немесе ата-бабадан қалған ескі әдеттерге соқырша елігуден тыю керек. Құран Кәрім бұдан былай деп сақтандырады:
«Олар тек жорамалға ғана ілеседі. Ал жорамал ақиқаттың орнын баса алмайды» (Нажм сүресі, 28-аят). «Оларға: „Алла түсіргенге ілесіңдер!“ делінсе, олар: „Жоқ, біз ата-бабамызды қай жолда көрсек, соған ілесеміз“ дейді. Егер ата-бабалары ештеңеге ақылы жетпеген әрі тура жолда болмаған болса да ма?» (Бақара сүресі, 170-аят).
2. Әрбір ақпаратты тексеріп, нақтылау! Ақыл әрқашан ақиқатты анықтауға міндетті:
«Әй, иман келтіргендер! Егер сендерге бір бұзық (бұра тартып) хабар әкелсе, оны анықтап алыңдар. Әйтпесе, білмей бір қауымға зиян тигізіп, кейін істегендеріңе өкініп қаласыңдар» (Хужурат сүресі, 6-аят).
3. Әлемнің заңдылықтарына терең ой жүгірту. Ғаламның жаратылысындағы жүйеге үңілу:
«Аспандарды, жерді және екі арасындағыларды тек ақиқатпен (белгілі бір дара ғылыммен) жараттық» (Хижр сүресі, 85-аят).
4. Шариғат үкімдерінің терең даналығын (хикметін) түсіну. Алланың бұйырған ғибадаттары мен әдептерінің, соғыс пен бейбітшіліктегі ережелерінің астарын түсіну адам ақылын толыстырады. Бұл шариғатты өмірде сеніммен қолдануға, жүрекке тыныштық орнатуға мүмкіндік береді. Себебі Ислам заңдары адамның игілігі үшін түсірілген:
«Алла сендерге бәрін түсіндіруді, сендерден бұрынғылардың тура жолына салуды және тәубелеріңді қабыл етуді қалайды... Адам баласы әлсіз болып жаратылған» (Ниса сүресі, 26-28 аяттар).
Ғасырлар бойы Ислам ғалымдары мен фиқһ мамандары осы шариғаттың терең мән-мағынасын зерттеп, адамзатқа үлкен мұра қалдырды. Осы жолды ұстанғандар екі дүниенің де бақытына қол жеткізеді.
5. Тарих сабақтарынан ғибрат алу Өткен халықтар мен мемлекеттердің тарихына көз жүгіртіп, Алланың қоғамдарға қатысты заңдылықтарын түсіну:
«Олар өздерінен бұрын қаншама ұрпақты жойғанымызды көрмеді ме? Оларға Жер бетінде сендерге бермеген мүмкіндіктерді берген едік... Алайда оларды күнәлары үшін жойдық та, артынан басқа ұрпақ өсірдік» (Анғам сүресі, 6-аят).
Ақылды бағыттаудағы Илаһи жүйенің практикалық нәтижелері
Ақылды шамадан тыс пір тұтып, оған лайықтысынан артық баға беріп, адасушылыққа ұрынған талай философтардың кебін кимес үшін Илаһи жүйе (бағдар) осылайша жөн сілтейді. Ал бұл Илаһи бағыттың санаға тигізер нақты (практикалық) пайдасы мен нәтижелері мынадай басты мәселелерден көрсетеді:
Ақылды күмән-күдіктен, сандырақ пен ырым-жырымнан, өтірік пен құрғақ болжамдардан тазарту. Сананы сабырлыққа, әр хабарды анықтап-нақтылауға тәрбиелейді. Бұл адамның асығыстық жасап, өзгеге қиянат келтіруінен және кейін шарасыз өкініште қалуынан сақтайды.
Сананы өзі өмір сүріп жатқан ғаламның шынайы болмысын ұғынуға үйрету. Ақылды ақиқатпен жақыннан әрі нақты сеніммен (яқинмен) танысуға міндеттейді.
Адамды Жаратушы Иенің данышпандығына ой жүгіртуге үндеу. Алланың адамзатқа екі дүниенің де бақытын сыйлау үшін бекіткен жүйесі мен шариғатына зер салу, сондай-ақ адамзат тарихын терең зерделеуге мүмкіндік беру. Тарих дегеніміз — ең үлкен әрі тараулары өте кең кітап. Адам соны оқу арқылы иман мен куфрдың, мүміндердің ізгі істері мен адасқандардың теріс әрекеттерінің арасын анық әрі кесіп сұрыптай алатындай зор ғибрат алады (Махмуд, 1990, 1/487).
Осы айтылған шарттар мен ережелердің аясында ғана ақыл-ойды қоршаған құбылыстар мен оқиғаларға баға бергенде жүйелік адасушылықтан қорғауға болады. Соның нәтижесінде адамның дүниеге көзқарасы құрғақ материалистік немесе пендешілік емес, Илаһи (рухани) деңгейге көтеріледі. Осылайша ол шынайы пайдалы білімді толық игере алады.
Пайдалы білім дегеніміз не?
Жалпы, пайдалы білім — мұсылманның әрі дініне, әрі дүниесіне септігін тигізетін ғылым. Ол — Исламдағы ақиданы, фиқһ негіздерін, ғибадат пен өзара қарым-қатынас ережелерін, үкімдер мен көркем мінезді түсінуге көмектесетін білім. Сонымен бірге, ол — адамның дүниелік істерінде септігін тигізіп, өз заманының ғылыми өрлеуінен қалыс қалмауға, табиғи және қолданбалы ғылымдар бойынша адамзаттың ғылыми дамуына белсенді үлес қосуға мүмкіндік беретін ғылым.
Білімнің осы екі саласы да Ислам үмбетінің қайта өрлеуі, жеңіске жетуі мен еңсесін тіктеуінің басты шарты болып табылады. Сондықтан бұл білімді меңгеру әрі іздену — осы үмбеттің әрбір жеке тұлғасына да, жалпы қоғамға да жүктелген міндет (ас-Саллаби, 2006).
islamonline.net, қазақшалаған islam.kz