Араб нәсілді Александр Пушкиннің Алтын балық туралы інжу-маржандай әдемі ертегі бар. Балықшының ауына Алтын балық түспей ме, сөйтсе, Алтын балыққа тіл бітіп, балықшы шалға:
– Мені босат, не тілейсің, соның бәрін орындаймын, – дейді ғой.
Балықшы:
– Кемпірімнің кір жуатын ағаш астауы жарылып қалып еді... – дейді.
Алтын балық:
– Үйіңе қайта бер, тілегің орындалады, – дейді ғой.
Кемпір шалына риза болудың орнына, бас салып ұрсады. Араны ашылып кетеді. Жердің бетін қойып, су астының патшасы болғысы келеді. Ең соңында баяғы жарық астаудың қасында қалады.
Тойымсыздық.
Бұл да бір кем дүние.
Әттең, қанағаттың келтесі-ай
Құладын деген құс бар. Жыртқыштар әулетіне жатады. Бірақ өзінің аталас туыстарына қарағанда салақтау ма, әлде олақтау ма, әйтеуір, қопал құс. Оның қасында кіп-кішкентай тұрымтай, жағалтайлар әлдеқайда пысық. Қырғи, қаршыға, лашынның шаңына да ілесе алмайды.
Бірақ Құдайдың оған шақтап берген несібесі бар. Сонымен күнөлтөді. Тышқан аулайды, шүре, тары піскенде, бөдене аулайды. Тіпті кейде асыранды тауықтардың балапандарына да түсетін кездері бар.
Сондай бір мезгілде үйдің маңайында балапандарын ертіп, құрқылдап, балапандарын шегіртке, шыбын-шіркейлерді ұстауға баулып жүрген шұбар тауық байқамай қалып, бір балапанын құладын іліп алып кетеді. Шұбар тауық байқұс бір дауыспен ойбай салып, әлгі құладынды қуып жетпекші болып, аспанға атылып барып, қайтадан қара жерге топ ете түскен. Қанаттары қысқа, ұшуға жаратылмаған. Әттең, қанаттың келтесі-ай...
Бір кем дүние.
Мұндай да,
Құйрығы жоқ, жалы жоқ,
Құлан қайтіп күн көрер,
Аяғы жоқ, қолы жоқ,
Жылан қайтіп күн көрер, –
деген мұңды өлең еске түседі.
Бұл да бір кем дүние.
Шерхан Мұртаза, "Бір кем дүние".