Руми. Мұса пайғамбар мен қойшы (ғибрат хикая)
Руми. Мұса пайғамбар мен қойшы (ғибрат хикая)
1 сағат бұрын 106

Мұса пайғамбар (а.с.) мен қойшы

Мұса (а.с.) жолда келе жатып бір қойшыны жолықтырады. Қойшы іштей толқып, былай деп дұға етіп жатқан екен:

– Уа, жомарт, мейірімді Жаратушы Ием! Қайдасың, Сенің алдыңда құл болып, жолыңда құрбан болайын? Шоқайыңды жамап, шашыңды тарап берейін. Киіміңді жуып, биттеріңді теріп берейін. Саған қою сүтімнен құйып ұсынайын, қолыңнан сүйіп, аяғыңды укалайын. Ұйықтар кезіңде төсегіңді сайлап, айналаңды тап-таза қылып сыпырайын. Барлық ешкі-лағым Сенің жолыңда құрбан болсын!

Қойшының бұлай сандырақтап айтқан сөздерін естіген Мұса пайғамбар (а.с.):

– Әй, бауырым, бұл сөйлесіп жатқаның кім? – деп сұрайды.

– Бәрімізді де, мына жер мен көкті де жаратқан Ала тағала! – деп жауап береді қойшы.

– Ойбай-ау, бұның не?! Сөзің мұсылманның сөзіне ұқсамайды ғой, бұл не деген әбестік, не деген күпірлік! Шоқай мен киім – сен сияқты әлсіз пендеге керек нәрсе. Күн сияқты нұр шашқан Аллаға мұның не қажеті бар?! Тәңірдің құдіреті шексіз екенін біле тұра, қалайша мұндай бос сандыраққа жол бересің? Алла тағала мұндай қажеттіліктерден мүлде пәк, оларға мұқтаж емес. Сен мұндай сөздерді кімге айтып тұрсың, ағаң мен апаңа ма?! Өсіп-өнетін тіршілік иесі ғана сүт ішеді, аяғы бар адам ғана шоқай киеді! – дейді Мұса (а.с.).

Бұл сөзден кейін қойшы егіліп жылап:

– Уа, Мұса! Жаным өкініштен өртеніп барады... – деп, үстіндегі киімін жырым-жырым етіп жыртады да, боздап, аһ ұрған күйі шөлге қарай беталды қаша жөнеледі.

Сол сәтте Алла тағала Мұсаға (а.с.) былай деп уахи етеді:

– Ей, Мұса! Құлымды Менен айырдың! Мен әркімге өзіне тән мінез, өзіне тән сөз өнерін (түсінігін) бердім. Оның білдірген бұл сөзі – оның деңгейінде мақтау, ал сенің тарапыңнан – айып. Мен тазадан да, кірден де жоғары тұрған пәк Затпын. Олардың Мені тәмсілмен айтып мадақтағанынан Мен пәк әрі қасиетті болып кетпеймін, бұдан олардың өздері тазарады. Мынаны біл: Мен тіл мен сөзге емес, жүрек пен ниетке караймын. Жүректе шынайы мойынсұну мен кішіпейілділік болса, Мен сол жүрекке назар саламын, құр сөзге емес.

Ей, Мұса! Әдеп сақтағандардың жолы бір басқа, ал жүрегі ғашықтықтан өртенгендердің халы мүлдем басқа!

Мұса пайғамбар (а.с.) Тәңірдің бұл сөгісін естігеннен кейін, бірден қойшының артынан шөлге қарай ұмтылады. Артындағы іздерімен іздеп жүріп, оны ақыры табады да:

– Сүйінші, бауырым! – дейді Мұса (а.с.). – Жаратқаннан саған рұқсат келді. Жүрегің не қаласа, қалай тебіренсең, Оған солай айта бер!

Сонда қойшы мұңайып:

– Уа, Мұса! Мен ол күйден де, ол сөзден де өтіп кеттім. Ендігі медеуім менің қазіргі халім сөзге сыймайды...

Хақ тағаланы канша мақтасаң да, ол мына қойшының лайықсыз мадағы сияқты. Сенің мадағың қойшыныкінен артықтау болып көрінгенімен, Алла тағаланың ұлылығының жанында оның да түкке тұрғысыз болып қалады. Ал Оны зикір етуіңнің қабыл болуы – тек Оның шексіз мейірімінен.


 

"Месневи шерифтен хикаялар". Руми.

 

0 пікір