Әбу Ханифаның ұстазы Хәммәд ибн Әбу Сүлеймен (рахимаһуллаһ) жайында
Әбу Ханифаның ұстазы Хәммәд ибн Әбу Сүлеймен (рахимаһуллаһ) жайында
2 жыл бұрын 2814

Хәммәд ибн Әбу Сүлеймен - сахаба көрген тәбиғин, дін ілімінде имам (көшбасшы) болған ғұлама және Ирак өңірінің фиқһ майталманы. Толық аты - Әбу Исмаъил Хәммәд ибн Мүслім әл-Куфи. Қайтыс болған жылы - Хижри 120 жыл / Миләди 737 ж. Туған жылы белгісіз. Әкесінің шыққан жері - Исфахан қаласы. Әкесі Әбу Сүлеймен Мүслім - сахаба Мұса әл-Әшъаридің (р.а.) азатты құлы болған. «Хәммәдтың әкесі Әбу Сүлеймен - сахаба Әбу Мұса әл-Әшъаридің (радияллаһу анһ) азаттысы еді» - дейді Мұхаммед ибн Абдулла ибн Нумәйр.

Хәммәд ибн Сүлеймен сахаба Әнәс ибн Мәликтің көзін көрген, одан хадис естіп, оны өзінен басқаларға риуаят еткен. Фиқһ ілімін - Ибраһим ән-Нәхаъиден үйренді. Ибраһим ән-Нәхәъи - тәбиғиндердің ішіндегі фиқһ саласының ең білгірі болды. Ол оның (Ибраһим ән-Нәхаъидің) шәкірттерінің арасындағы - ең тектісі, ең зерегі, ең фақиһы (терең түсінікке иесі), ойы ең қисындысы, әрі ең өткір пікірлісі еді. 

Сондай-ақ, Ол - Әбу Уә’иль, Зәйд ибн Уәһәб, Сәъид ибн Мүсәйяб, Ъамир әш-Шәъби сынды хадис риуаятында өзіндік орны бар бір топ атақты тәбиғиндерден хадис риуаят еткен. Дегенмен, ол көп хадис риуаят етпегендердің бірі. Олай болуының себебін, ғалымдар оның «риуаят дәуірінен» бұрын қайтыс болғандығымен байланыстырады. 

Оның ең үлкен шейхы (ұстазы) - Сахаба Әнәс ибн Мәлик болды (радияллаһу анһ). Хәммәд ибн Әбу Сүлеймен - соңғы буын кіші тәбиғиндердің бірі. 

Хәммәд ибн Әбу Сүлейменнен - шәкірті Әбу Ханифа (рахимаһуллаһ), ұлы Исмәъил ибн Хәммәд, одан жасы үлкен әл-Хәкәм ибн Ъутәйбә әл-Кинди, әл-Әъмәш (Сүлеймен әл-Әъмәш), Зәйд ибн Әбу Әнисә, Мұғира, Һишәм әд-Дәстәуә’и (هِشَامٌ الدَّسْتَوَائِيُّ), Мұхаммед ибн Әбән әл-Жәъфи, Хәмзә әз-Зәйят (Хәмзә ибн Хәбиб), Мисъәр ибн Кидәм ( مِسْعَرُ بْنُ كِدَامٍ ), Сүфиян әс-Сәури, Шуъбә ин әл-Хәжжәж, Хәммәд ибн Сәләмә, Әбу Бәкір ән-Нәһшәли ( أبو بكر النَّهْشَلي) сынды ұлы тәбиғиндер мен хадис саласында өзіндік орны бар атақты хадис риуаятшылар хадис риуаят еткен. 

Хәммәд ибн Әбу Сүлейменнің риуаят еткен хадистері "Сүнәндарда" (Хадис жинақтары) орын алған. Имам Мүслім мен Имам Бұхаридің хадис жинақтарында да Хәммәдтың есімі аталған. Мысалы, Имам Бұхари өзінің «Сахихында» Хәммәдтан жеткен бір пәтуаны былай деп тілге алады: «Хәммәд айтты: Егер қазының алдында бір рет мойындаса, тас боран етіледі, яғни зинашы мойындаса (оған тас боран ету үкімі беріледі)». Имам Бұхари «Әдәб» бөлімінде де Хәммәдтан жеткен мәліметті беріп өткен. 

Замандас дін ғалымдарының ол жайында айтқан жылы лебіздері

Куфалық атақты хадис риуатшылардың бірі Ибн Идрис, Әбу Исхақ әш-Шәйбәнидің, ол болса, Абдульмәлик ибн Иәс әш-Шәйбәниден мына ақпаратты жеткізеді:

«Мен Ибраһим ән-Нәхәъиға: «Сізден кейін кімнен сұрап тұрайық?» - дегенімде, Ол: «Хәммәдтан» деп жауап берді»«әш-Шәйбәни Хәммәдті еске алса, тек мақтауын ғана еститінмін» дейді Ибн Идрис.

Ибн Ъуяйнә былай дейді:

«Маъмәр айтушы еді: «Олардың ішінен Зуһриден, Хәммәдтан және Қатәдан терең ойлысын (әфқаһа, фиқһты терең меңгергенін) көрмедім» - деп». 

Әбу Бәкір ибн Ъайяш, Мұғираның былай дегенін жеткізген:

«Ибраһим ән-Нәхәъи көрінбей кеткен кезде, біз оның жағдайын сұрап бардық. Сонда ол бізге: «(Бір мәселе сұрайтын кезде) Хәммәдқа барыңдар. Шынында ол менен адамдардың сұрайтын мәселелерді сұрап алған» деді»

- дейді Мұғира.

Тәбиғин Шуъбә: «Хәммәд пен Мұғира, Хәкәмнан сенімдірек еді», десе, Яхя ибн Сәъид: «Мен үшін Хәммәд, Мұғирадан сүйікімдірек» деген.

Жомарттығы

Хәммәд ибн Әбу Сүлеймен - өте зерек ғұлама болуымен бірге, өте жомарт та болатын. Ол бай-бақуатты болуымен қатар, өте қарапайым, өте сыпайы жан болды.

Хәммәд ибн Әбу Сүлеймен бай-бақуатты тұрды. Рамазан айында бір кезінде бес жүз адамға ауыз ашар беретін. Және де Ораза айтында олардың әрқайсысына жүз дирхам күміс ақшадан тарататын. Әр күні елу адамға ауыз ашар беріп тұратын болған. 

Дәуід ат-Тои оның жомарттығы жайында былай деген:

«Хәммәд ибн Әбу Сүлеймен ас беруде кең пейілді, ал динар мен дирхам беруде болса, қолы ең ашық жан болатын». 

Солт ибн Бистом деген кісі әкесінің былай дегендігін жеткізген:

«Хәммәд ибн Әбу Сүлеймен маған зияраттап қонаққа келуші еді. Күндіз біраз уақыт менде қонақ болатын. Кетер кезінде маған: «Жастықтың астын қарашы. Ондағыны оларға (мұқтаждарға) апарарсың, пайдалансын» дейтін. Барып қарағанымда жастық астында көп мөлшерде күміс ақша жататын».

Куфа фиқһ мектебінінің іргесін Әзіреті Әли мен Әзіреті Абдулла ибн Мәсъуд қалаған десек, Хәммәд ибн Әбу Сүлеймен сол мектептің ұлы өкілдерінің бірі болды. Хәммәд ибн Әбу Сүлеймен, жалқылай айтқанда Куфа фиқһ мектебінде, жалпылай айтқанда - Ислам фиқһ саласында әрі хадис саласында өзіндік орны бар ұлы ғұлама. Сондай ұлы ғұламадан Имам Ағзам Әбу Ханифа секілді ұлы ғұлама тәрбиеленіп шыққан. Имам Ағзам Әбу Ханифа Хәммәд ибн Сүлейменнің қолында 18 жылдан астам уақыт оқыды.    

Куфа фиқһ мектебі жайында Имам Зәһәби былай деген:

«Куфа халқының ең фақиһы (фиқһ білгірі) - Әзіреті Әли мен Абдулла ибн Мәсъуд болды. Ол екеуінің шәкірттерінің ішіндегі ең білгірі - Ъалқама. Ъалқаманың шәкірттерінің ішіндегі ең білгірі - Ибраһим (ән-Нәхаъи). Ибраһимнің ең білгір шәкірті - Хәммәд. Хәммәдтің ең білгір шәкірті - Әбу Ханифа. Әбу Ханифаның ең білгір шәкірті - Әбу Юсуф. Кейін Әбу Юсуфтың шәкірттері жер-жерге тарады. Олардың арасындағы ең білгірі - Мұхаммед (Имам Мұхаммед). Имам Мұхаммедтің ең білгір шәкірті - Әбу Абдулла әш-Шәфиғи (яғни, Имам Шәфиғи), Алла олардың бәрінен разы болып, рахымына бөлесін!».

Хәммәд ибн Әбу Сүлеймен хижри жыл санауы бойынша 120 жылы қайтыс болды1. Жатқан жері жәннат болсын! 


1 Дереккөз: Шәмсуддин Мұхаммед ибн Ахмед ибн Осман әз-Зәһәби: «Сияру Әъләмин Нүбәлә» - Үшінші табақа: Хәммәд ибн Сүлеймен (р.а.). Араб тілінде. (Ықшамдап алынды).

Дайындаған: islam.kz

0 пікір