Пайғамбарымыздың (с.а.у.) Сәудә анамызбен үйленуі
Пайғамбарымыздың (с.а.у.) Сәудә анамызбен үйленуі
2 жыл бұрын 2948

Тұрмыстық тауқыметі күннен-күнге ауырлай түсті. Оның үстіне аяулы жары хазірет Хадиша өмірден озып, қыздарымен жападан жалғыз қалды. Оның осы халін алыстан бақылап, өзінше пайым жасаған Осман ибн Мағзунның әйелі хазірет Хаулә бинт Хаким Пайғамбарымызға келіп, өзіне сүйеніш болатын бір әйелмен некелесуі керектігін айтты. Өзі ұсынатын жандардың есімдерін де айтты. Олар Сәудә бинт Зәма және Айша бинт Әбу Бәкір болатын.

Ұсынысты қабылдау дұрыс шешім болар еді, өйткені бір жақтан мүшріктердің қысымы күшейсе, екінші жақтан хазірет Хадишаның көзіндей болып артта қалған қыздарына қарап, ана орнына ана болатын адам керек еді. Ұсынылған есімдердің екеуі де өте жақын танитын адамдары. Пайғамбарымыз үнсіз отырып қалды, бұл үнсіздікті келісімін берді деп қабылдаған хазірет Хаулә дереу сол екі адаммен сөйлесуге бел буды.

Алдымен Сәудә бинт Зәмаға келді. Хәзірет Сәудә күйеуі Сәкран ибн Амрмен бірге Хабашистанға хижрет етіп, күйеуі сол жерде қайтыс болғаннан кейін Меккеге қайтып оралған еді. Жасы ұлғайған, байсалды, сенімді әйел. Өмірінде көп қиындық көргеніне қарамастан дінінен бас тартпаған қайсар әйел, ақыретте көретін игіліктерін осы өмірде түгесуді қаламайтындықтан басына түскен түрлі қиындықты мойымай көтеруге бел буған еді.

Енді міне, күтпеген жерден «мүминдердің анасы» болу бақыты бұйырылғалы отыр. Бұл Сәудә анамыз үшін жападан жалғыз жесір болып қалмаудың әрі сүйікті Пайғамбарымызға өмірінің ең қиын кезеңінде сүйенуш болудың сәтін салған ұсыныс болды. Күйеуінің қайғысы әлі де болса жүрегінен кеткен емес, дегенмен мына ұсыныс сол қайғының жарасын жазатын мүмкіндік тәрізді көрінді. Мұндай ұсыныстан бас тартуға болмас еді, дегенмен шешімді жалғыз өзі қабылдай алмасы тағы белгілі, сондықтан алдымен хазірет Хауләні қарт әкесіне жіберді.

Хазірет Хаулә Сәудә анамыздың әкесіне келіп сәлем берді. Қария:

- Бұл кім? - деп сұрады. Хазіреті Хаулә:

-Хаулә бинт Хаким боламын, - деп жауап берді.

Қарт:

- Келген шаруаңды айта бер?

- Мен Абдуллаһтың ұлы Мұхаммед жіберді. Ол Сәудәмен некелескісі келеді.

- Жақсы адам, өз теңі ғой! Ал құрбың не дейді бұған?

- Ол да қарсы емес!

- Оны осы жерге шақыра ғой онда! - деді қарт. Қарттың бұл сөзі келісімін бергендігінің белгісі еді. Сәлден кейін хазірет Сәудә әкесінің жанына келді. Әкесі одан:

- Мына әйел Абдуллаһтың ұлы Мұхаммедтің сенімен некелескісі келетінін айтты. Оны жақсы білемін, жақсы адам. Өзің Мұхаммедпен үйленуді қалайсың ба? - деп сұрады. Хазірет Сәудә ойланбастан:

- Иә, - деді. Осылайша Пайғамбарымыз шақырылып, туысқандар жиналып, екеуі некелесті.

Неке қиылған кезде қалада болмаған Сәудәның ағасы Абдулла ибн Зәма бірнеше күннен кейін Меккеге оралады. Ол келгенде қарындасының Мұхаммед-Әминмен тұрмыс құрғанын естіп ашуланады. (Кейіннен Абдулла ибн Зәма да мұсылман болып, сол күні жасаған осы әрекеті үшін үнемі өкініп жүруші еді. Табарани, «Мұғжәмуль Кәбир», 24/30).

Мұнымен қоса хазірет Сәкранның інісі, күн сайын бір туысы Пайғамбарымызды мойындап жатқан Сухайл ибн Амр да осы некеге қарсы шығып, ашу-ызасын өлеңмен айтып жүрген. Сол күнге дейін інілері Сәлит, Хатыб және Сәкраннан басқа, қызы Үмму Гүлсүм мен күйеу баласы Әбу Сәбра да мұсылмандардың қатарына қосылған болатын. Мұнымен қоймай ұлы Абдуллаһ та мұсылмандықты қабылдады. Оны өзіне қайтарамын деп жүргенде кіші баласы Әбу Жәндәлдан де айырылып қала жаздайды. Күннен күнге жақындары өзінен алыстап, бар сүйеніші жанынан айырыла бастаған еді, сондықтан Сәуда анамыз бен Пайғамбарымыздың некелесуі Сухайлдің де ызасын келтірді. Осыған қарамастан Алла елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Сухайлдің інісі Хатыб ибн Амрдың өкілдігімен Рамазан айының бір кешінде хазірет Сәудә анамызбен үйленді. (Ибн Сағыд, Табақат, 8/53)1.


1  Ғалымбек Тобашев, «Жүрек төрінен орын алған теңдесіз тұлға Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уә сәлләм)», 1 том. «Көкжиек» баспасы, 2012 ж.

0 пікір