"Сағаттың шықылдағы емес ермек...": Уақыттың қадірі жайында
"Сағаттың шықылдағы емес ермек...": Уақыттың қадірі жайында
17 күн бұрын 1239
Асылбек Әуезханұлы

Қолға алған тақырыбын ақиқатына жеткізе жырлаудың қас шебері Абай хакім өлеңдерінің бірінде: 

«Сағаттың шықылдағы емес ермек,

Һәмишә өмір өтпек, ол білдірмек.

Бір минут бір кісінің өміріне ұқсас,

Өтті, өлді, тағдыр жоқ қайта келмек», – деп өмірдегі ең маңызды құндылық уақытты тілге тиек етеді. 

Өлеңінің соңын:

«Күн жиылып ай болды, он екі ай жыл,

Жыл жиылып, қартайып қылғаны бұл.

Сүйенген, сенген дәурен жалған болса,

Жалғаны жоқ бір тәңірім, кеңшілік қыл», – деп түйіндейді. 

Қасиетті Құранда «күн», «ай», «жыл» деген ұғымдардың аталуы тегін емес. Әсіресе, онда күн мәселесіне көбірек орын бөлінген. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірі бір күндік уақытты жүйелі өткізуде қайталанбас үлгі десек артық айтпағандық. Оның бір күнге сыйғызған жұмыстарының көптігіне таң қалмау мүмкін емес. Алла елшісінде (с.ғ.с.) бүгінгі істі ертеңге қалдыру деген атымен жоқ. Әрбір іс қауырттығына қарай міндетті түрде өз уақытында орындалған. 

Пайғамбарымыз үйінде қонақ күткен, өзі де қонаққа барған. Отбасы істеріне ерекше көңіл бөлген, Құран оқыған, егіліп дұға еткен, түні бойы аяғы іскенше намаз оқыған, ауру кісілерді зиярат еткен, жетімдердің басын сипаған, сахабаларын жинап уағыз айтқан. Жаңа Ислам мемлекетінің құрылуына байланысты көптеген мемлекетаралық келіссөздер жүргізген. Осындай мол істердің арасында Алла тағаладан Жәбірейіл періште арқылы уахи түсетін жағдайлар да бар еді. Туыстарын аралап, Ислам дінін түсіндіру, өзге дін өкілдеріне Исламның ақиқаттығын жеткізу секілді істерін тізе берсек, санап тауысу қиын. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) осының бәрін бір күнге шебер сыйдырып, кемшіліксіз атқарып отырған. 

Қасиетті Құранда уақытты тиімді пайдалану жөнінде бұйрық келген бе деген сұрақ тууы мүмкін. Бұл жағынан алғанда, «Аср» сүресінің мәнін дұрыс ұғынуымыз керек. «Заманаға серт! Бүкіл адамдар ұтылыста» деген аяттың астарында Аллаға иман келтірген адам әр күнін өзіне, дініне, иманына, еліне, жұртына пайдалы eтіп өткізсін деген мәнді де байқауға болады. Басқаша айтқанда, уақытты иман мен ізгі істер тұрғысынан дұрыс жүйелей алмаған адам ұтылады. 

Күнделікті уақытымызды жүйеге келтіруде намазды өз уақытында орындаудың маңызы зор. Бес уақыт намаз – уақытты тиімді пайдалану үшін таптырмас мүмкіндік. Бір күнді намаз арқылы бес бөлікке бөліп, сол бес бөліктің арасын күнделікті тіршілігімізге, кәсібімізге, басқа да қажеттіліктерімізге қарай толтырып отыруға тырысу қажет. Бір тәулікті ұқыпты өткізу үшін намаздарды уақыты кірген кезде бірден оқыған абзал. «Ең жақсы іс қандай?» деп пайғамбардан сұралғанда, «Уақыты кіре сала оқылған намаз» деп жауап беруі осының айғағы. Соған сәйкес, істерін «бесіннен кейін жасаймын», «екінтіден соң атқарамын», «құптанға дейін бітіремін» деу арқылы оңай жүйелейді. 

Дінімізде әр нәрсені өз уақытында орындау қажеттілігі өзге құлшылықтардан да көрінеді. Мысалы, құрбандықты Айт намазынан кейін шалу керек. Одан бұрын шалынса, құрбандық емес, жай ет болып қалады. Ораза кезінде уақытында ауыз бекітіп, дәл уақытында ашуға тиіспіз. Белгіленген уақытты өткізіп барып, ауыз бекітсек, ол ораза емес, жай ашжүру болып қалады. Таң намазын күншығып кеткеннен кейін оқысақ, ол намазды орындау емес, қазасын өтеу болып саналады. Бұл екі намаздың Алла құзырындағы құны екі бөлек. 

Әрине, күн мен түнді дұрыс пайдалану ұйқыдан, тынығудан бас тарту деген сөз емес. Хадисшәріптерде адам жүрегінің шаршайтыны, бір ауық дем алуы да керектігі айтылған. Сондай-ақ өздерін толықтай құлшылыққа арнап, дүниеден баз кешіп, өмірін тек намазбен, оразамен өткізгісі келген сахабаларға Алла елшісінің: 

«Сендердің араларыңда Алланы ең жақсы танитын да, Алладан ең көп қорқатын да менмін. Мен ұйықтаймын да, намаз да оқимын. Ораза да тұтамын, ішіп-жеп те жүремін. Әйелдеріммен де бірге боламын. Естеріңде болсын, сендерде әйелдеріңнің де, өздеріңнің де ақыларың бар. Кім сүннетімнен бас тартса, менің үмбетім емес» деген сабағы мәлім. 

Ұйқының адамның жасына қарай өз өлшемі болуы керек. Медицина мамандары ересек адамның тынығуы үшін 5 сағаттық ұйқы жеткілікті екенін айтады. Мүмкіндігі барлар түскі уақытта жарты сағат тынығып алса, күннің қалған уақыттарында береке артатыны мәлім. 

Табиғиндер дәуірінде Амр ибну Абд-ул-қайс деген имам өтіпті. Сол имамға біреу келіп: «Кел, отырып арқа-жарқа әңгіме-дүкен құрайықшы» дегенде: «Сен күнді ұстап, кішкене тоқтата тұршы, сосын әңгіме қылайық» деп ойлантып тастаған екен. 

Адам баласының өмірі де бес бөлікке бөлінген: 

1. Балалық; 2. Жастық; 3. Орта жас; 4. Егделік; 5. Қарттық. 

Бұл жастардың әрқайсысында ескерілуі тиіс, атқарылуы маңызды істер бар. Мысалы, балалық шақта бүлдіршінге уақытты жүйелі пайдалануды үйретуіміз қажет. Сонда оның қалған өмірі берекелі болады. Егер бұл шақта сәбидің жас ағаш секілді бұтақтары қисық бітсе, одан кейін түзеу оңайға соқпайды. Зардабын өмір бойы тартуы мүмкін.

(Автордың "Даналық ойдан дән ізде" атты кітабынан). 

0 пікір