Шаш тараушы әйел және перғауынның зұлымдығы
Шаш тараушы әйел және перғауынның зұлымдығы
11 ай бұрын 6117

Исра түнінде Пайғамбарымыз (с.а.у.) керемет бір хош иіс сезеді. Сонда қасындағы серігі Жебірейіл періштеден (ғ.с.):

«Уа, Жебірейіл! Мына неткен хош иіс?» - деп сұрайды. Жебірейіл періште оған: «Бұл шаш тараушы әйелдің және оның балалары мен күйеуінің қабірлерінен шыққан хош иіс» - деп жауап береді.

Тарихта есімі «шаш тараушы әйел» деген атпен қалған бір иманды әйелдің оқиғасы баяндалады. Ол әйел Мұса пайғамбар (ғ.с.) заманында өмір сүрген. Өзін құдаймын деп жар салған перғауынның сарайында шаш күтімімен айналысты. Қазіргі заман тілімен айтқанда шаштараз болып қызмет жасады.

Ол кезеңде Мұса пайғамбардың (ғ.с.) халық арасында беделі артып, соңынан ілесушілер қатары көбейе бастаған кез еді. Күннен-күнге перғауынның құдайылығына күмәнмен қараушылар мен бір Жаратушы Аллаға сенушілердің саны көбейе түсіп, перғауынға және оның патшалығына қауіп төндіре бастады.

Перғауын не істерін білмей, қаны басына шығып, тыпыршып бір орнында отыра алмады: Мұсаны не істесем екен, күніге қатары артып жатқан ізбасарларын қайтсем екен, деген сауалдар әбден мезі еткен болатын. Ол «Һаман» есімді уәзірін шақырып, ақылдасады. Уәзірімен ақылдаса келе, Мұса пайғамбардың шақыруына сенген барлық адамдарды тұтқындап, сенімдерінен тайғанша азаптауға байлам жасасады.

Сөйтіп, перғауын әскерлеріне Мұсаның құдайына сенген мүміндерді іздеп тауып, тұтқындауға бұйрық береді. Әскерлер қаланың әр жерін іздестіріп, бір Алла деушілерді топ-тобымен тұтқындап, азаптауға көшеді. Перғауынның сарайы құдды бір, Алла деуші мұсылмандардың мазарына айналғандай еді. Азаптың ауырлығынан шыңғырып, бақырған адамдардың даусы естіген адамды бейжай қалдыра алмайтындай еді. 

Сол кездері перғауынның сарайында бір әйел қызметші болды - жоғарыда сөз еткен шаштараз әйел. Ол сарайда перғауынның қызының шашын тарап, ретке келтіріп беруші қызметін атқаратын. Алайда, бір Аллаға сенетін иманды әйел еді. Перғауынның зұлымдығынан сақтанып, жүрегіндегі иманын жасыруға мәжбүр болып жүрді. Күндердің бірінде әдеттегідей перғауынның қызының шашын тарап отырғанда қолынан тарағы түсіп кетеді де, еңкейіп көтерейін дегенде «бісміллә» деп айтып қалады (бісміллә - Алланың атымен). Онысын естіген ханшайым оған:

- Сен менің әкемді айтып тұрсың ба? - дейді, «бісміллә» сөзінің астарындағы қай Құдайды айтып тұрғандығын білгісі келіп. Әлгі әйел қаймықпай:

- Жоқ. Мен бісміллә деп, сіздің әкеңізге емес, әкеңіздің де, менің де құдайым болған Аллаға сиынып тұрмын, - деп жауап береді. Қызметшісінің жауабы шамына тиген хан қызы, оның ол дөрекілігі жазасыз қалмайтындығын, әкесіне жеткізетіндігін білдіреді. Алайда, бұл шаш тараушы әйелді қорқытпаған еді.

Қыз жүгіріп, әкесіне барады да болған жайытты баяндап береді. Әкесі ашуға мініп, оның сазайын тарттыратындығына уәде береді. Бір өзін ғана емес, балаларын да жазалайтынын айтады. Әйелді құзырына шақыртып:

- Менен басқа құдайың бар ма? - деп ақырады. Әйел:

- Иә. Менің де, сенің де құдайың - Алла! - деп айтады.

Қызметшісінің жауабы одан бетер перғауынды жындандырады. Жендеттеріне мыстан жасалған үлкен қазанды әкелгізіп, ішін отынмен толтыртып, жақтырады. Сөйтеді де, әйел мен оның кішкене балаларын қазанның ішіне тастауды бұйырады. Сол сәтте әйел перғауынға:

- Менің сізден өтінер соңғы тілегім бар, - дейді.

- Тілегіңді айт, - дейді перғауын.

- Біз өлгеннен кейін, менің және балаларымның сүйектерін бір матаға жинап көмсеңіз деген тілегім бар, - деп соңғы тілегін айтады. Перғауын тілегін орындайтындығын білдіреді.

Сосын әуелі кішкене балаларын бір-бірлеп отқа лақтыртады. Әйел бейшара, бауыр еттерінің отқа оранып, азапталып жатқан күйлерін көріп қатты қиналады, бірақ сабырлығын жоғалтпайды. Балаларының көз алдында бірінен соң бірі өртеніп, азапталып, көз жұмып жатқандығы кімге болса да жеңіл тимесі анық. Алайда не шара? Қолдан келер ештеңе жоқ. Дейтұрғанмен, қанша мойымаймын десе де, отқа қақталып, шыңғырып жатқан балаларын көргенде ана жүрек шыдай алмайтындығын түсінеді, бірақ сол сәтте Алла Тағала оның әлі тасталып үлгермеген құндақтағы нәрестесіне тіл бітіріп, нәресте анасына:

 - Уа, анашым! Сабыр ет. Сен ақиқат жолындасың! - дейді. Нәрестесінің Құдайдың құдіретімен сөйлеп, анасына басу айтқаны анасының иманын одан бетер арттырып, жігеріне жігер қосады. Сөйтіп, Алла Тағаладан оның оған деген сенімін қабыл етуін жалбарынған күйі өзі де отқа тасталады.

Осылайша, қаншама мың жыл өтсе де бұл қарапайым шаштараз әйел, яқин иманның символы ретінде бір Құдай дейтін мүміндер үшін үлкен өнеге болып қала бермек. Оның Алла Тағаланы жүрекпен танып, Құдай жолында, иман жолында сабыр етуі, тиранға қасқая қарсы тұруы, өзінің және балаларының қатты азабқа дұшар етілгеніне қарамастан, Құдайдың рахымынан үміт үзбей, мойымай, сенімінде берік болуы, қай жағынан да үлгі аларлық екендігі сөзсіз.

Қарапайым ғана шаш тараушы әйел, бірақ рухы үлкен үмітті көксеген еді - Құдайдың ризалығы мен пейішті. 

Алла Тағала кәпірлер қауымына қарсы жәрдем етсін! 

 Абдусамат Қасым

0 пікір