Күнәнің кешірілуіне себеп болатын іс-амалдар
Күнәнің кешірілуіне себеп болатын іс-амалдар
1 ай бұрын 3730

Күнәлар - пендені рухани тоқыратып, оның адами болмысын өзгертеді. Күнә көп істейтін кісінің хайуани сипаты басым болып, нәпсісі мен құмарлығына еріп кетеді. Сондықтан да, күнәдан барынша ұзақ тұрған жөн. Ал күнә істеп қойған пенде, оның кешірілу жолын іздеп көргені дұрыс. Ол жолдар келесідегідей: 

1) Нәсух тәубе. Тәубе – күнәлардың кешірілуіне үлкен септігін тигізеді, тіпті үлкен күнә болса да, шын жүрекпен тәубе етіп, өкінген пендесінің ол күнәсі кешіріледі. Алла тәубе жасаушы пендесін жақсы көреді. Құранда: «Тәубеге келіп, иман еткен және ізгі іс істеген кісі басқа, Алла олардың жамандықтарын жақсылыққа ауыстырып қояды». («Фұрқан», 70 аят). Тәубе деген - өткен ісіне өкініп, Аллаға қайту деген сөз. Тәубе – Құдай Тағаланың пенделеріне сыйлаған үлкен сыйлығы. Тәубе – күнәдан пәк қылу. Тәубе – қайта туылу іспетті. Тәубе жүректегі кірлерді тазартып, жылтыратар амал. Тәубенің шарты – өкіну, істеген күнәдан ұзақтау және енді гәрі ол күнәға оралмауға белді бекем буу.

Тәубе жасайтын кісі дәрет алып, екі рәкәғат тәубе намазын оқиды, кейін артынан Құдайдан күнәсі үшін истиғфар айтып, кешірім тілейді. Бұл жайында Алла елшісі (с.а.у.): «Егер бір пенде күнә істеп қойып, артынан жақсылап тұрып дәрет алса, кейін намазға тұрып екі рәкәғат намаз оқыса, артынан Алладан кешірім сұраса, Алла Тағала оның күнәсін міндетті түрде кешіреді» деген1

2) «Истиғфар»айту. Истиғфар деген, Құдайдан кешірім тілеу, күнәсін кешіруді сұрау. Ол – итағаттардың ең ұлығы. Истиғфар дегеннің тілдік мағынасы – «Құдайдан кешірім сұрау» дегендік. Яғни, «астағфирулла» деген адам: «Раббым Алла, күнәмді кешір!» деген болады. Құранда: «Олар сондай, бір арсыз іс істеп қойса немесе өз-өздеріне зұлымдық жасаса, Алланы еске алып, күнәлары үшін кешірім сұрайды...» - деп истиғфар айтушыларды мақтаған. («Әли Имран», 136). Истиғфардың ең абзалы – истиғфар айтылғаннан соң күнәні қойып кеткені. Пайғамбарымыз (с.а.у.) әйелдер қауымына қатысты: «Ей, әйелдер қауымы! Садақа беріп тұрыңдар және истиғфар айтуды көбейтіңдер. Шынында, мен тозақтағылардың көбі әйелдер екендігін көрдім» - деп бұйырған2. Басқа бір асыл сөзінде: «Кім амал дәптерінің оны қуантқанын қаласа, оған истиғфарды көбейту керек» - деген.

3) Ізгі іс істеу. Күнәні жуып-шаятын тағы бір амал, ол – ізгі іс. Құранда: «Шынында, жақсылықтар – жамандықтарды кетіреді...» - делінген3. Пайғамбарымыз да бір сөзінде: «Бір жамандықтың артынан жақсылық жаса, ол оны өшірсін» деген болатын4. Бірде Пайғамбарымызға (с.а.у.) бір ер адам келіп: «Уа, Расулалла! Мен үлкен күнә жасап қойдым. Маған тәубе бар ма?» - дейді. Сонда Алла елшісі: «Анаң бар ма?» деп сұрайды. Ол: «Жоқ» деп жауап береді. «Нағашы әпкең бар ма?» деп сұрайды Пайғамбарымы. Ол: «Иә» деп жауап береді. «Оған игілік жаса» деп айтады Алла елшісі (с.а.у.)5

4) Өзгенің дұғасы. Мүмін-мұсылмандардың сізге жасаған дұғалары және сіз үшін тілеген жарылқаулары күнәңіздің кешірілуіне бірден-бір себеп. Кісі қайтыс болып кеткеннен кейін де, ол үшін тірілер дұға жасап, тілек білдірсе, мархұмның күнәсін Алла кешіреді. Егер қабір азабында жатса, достарының жасаған дұға-тілектері мен оның атынан таратқан садақалары, азабын жеңілдетуіне үлкен септігін тигізеді. Сондай-ақ, біреудің алғысын алған болса, ол оған дұға тілеп, Құдайдан жақсылығын тілесе, Алла дұға етушінің дұғасын қабыл етіп, сіздің күнәңізді кешіреді. Сондықтан да, ескілікті ғалымдар, әулиелер «артыңнан, сен жоқ кезде саған дұға жасап тұратын кісілерің болсын» деген. 

5) Ауру-сырқаулар мен сынақтар. Адамның басына келетін қиындықтар мен сырқаттықтар – күнәсіна кәфәрат болады. Ал сабыр етуі – сауап. Құранда: «Шынында сабыр етушілерге есепсіз сауап беріледі» - делінеді6. Қиындықтардың күнәні кешіретіндігі жайында Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген: «Әлдебір мұсылманның басына бір жайсыздық келсе, Алла Тағала оның күнәларын, құдды ағаштың жапырақтары төгілгендей, төгеді»7. 

6) Алла елшісінің (с.а.у.) қиямет күні шапағат етуі. Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) қиямет күні ауыр күнә істеп келген пенделер үшін араша түсіп, олардың күнәсінің кешірілуіне септігін тигізеді. Бұған қатысты Алла елшісі: «Әрбір пайғамбардың осы дүниеде бұлжытпастан қабыл болатын тілегі бар (немесе дұғасы бар). Мен өзімнің тілегімді қиямет күніне үмбетіме шапағат ретінде қолданайын деп қалдырдым» - деген. Пайғамбар үмбетінің ішіндегі ауыр күнә істеп, тәубе етпей өліп кеткен пенделерге араша түсіп, күнәларын кешірілуін тілейді. Алла Тағала тілегін қабыл етіп, оларды тозақтан шығарып, пейішке кіргізеді.

Алла Тағала біздерді жарылқап, күнәларымызды кешірсін!


1Имам Тирмизи: «Сүнән».
2 Ибн Мәжә: «Сүнән».
3Һуд сүресі, 114 аят.
4Имам Тирмизи: «Сүнән».
5Имам Тирмизи: «Сүнән».
6) Зүмәр, 10 аят.
7Сахих Бұхари.

 

0 пікір