Шариғат пен ақиқат (суфизм)
Шариғат пен ақиқат (суфизм)
28 күн бұрын 2136

Шариғат деген, құлшылықтың керек еттірер тәңірлік міндеттемелер мен жауапкершіліктерді толығымен жүзеге асыру деген сөз. Ақиқат деген, Құдайылық құдіретті (Рубубият) жүрекпен көру деген сөз (басқаша айтқанда, құдайылық сырға қанық болу)1.

Ақиқатпен сүйемелденбеген «шариғат» - қабыл етілмейді және шариғатпен сүйемелденбеген (яғни, шариғатсыз, шариғи білімсіз) «ақиқат» - пайдасыз (нәтижесіз).

Шариғат – Жаратушының адамдарға жүктеген жауапкершіліктерін таныту. Ақиқат болса, Хақтың істерінен хабар беру.

Шариғат – Оған табыну. Ақиқат – оны (Алланы жүрек көзімен) көру.

Шариғат – Алланың бұйырғанын орындау. Ақиқат – жазмыш пен жазымды (тағдыр мен қазаны) және көрнеу мен көместі көру.

Ұстаз Әбу Әли әд-Даққақтың (Алла оны рахымына бөлесін) былай дегенін естігенмін. Ол (р.а.) айтады:

«Фәтиха сүресіндегі «Саған ғана құлшылық қыламыз» деген аяттың үзіндісі – шариғатты қорғау. Ал «Сенен ғана жәрдем тілейміз» деген жері – ақиқатты растау».

Біліп қойыңыз, негізінде шариғат Құдайдың бұйрығымен міндеттелген болуы жөнінен алғанда, ол да «ақиқаттың» бір түрі. Сондай-ақ, ақиқат кемшіліктен пәк Алланы тану болғандықтан, ол да құдайдың бұйрығы. Осы жөнінен алғанда ақиқат та, негізінде, шариғаттың өзі2. (Ақиқат пен шариғат бір бүтін, бірі екіншісінен ажырамайды). 


1(Басқаша айтқанда, шариғат – Алла Тағалаға апарар жолды білу, тану. Хақиқат – Алла Тағалаға жүрек көзімен әрдайым назар салу. Тариқат – шариғат жолымен жүру, яғни, шариғатты амалға асыру).
2Әбільқасым әл-Құшайрия: «Рисәләтуль Құшайрия фи илмиттасууф».

Қазақшалаған А. Қасым
 
0 пікір