Күмәнді ой да - күнә!
Күмәнді ой да - күнә!
1 ай бұрын 2106
Асылбек Әуезханұлы

Көп адамның бойында кездесетін рухани кеселдердің бірі өзгелер жайлы жаман ойлау. Кейде айналада болып жатқан істерді тек жамандыққа жоритын, өзгелерден тек жамандық күтетін, ақиқатын анық білмесе де, жалған жорамалдар жасап, айналасындағы адамдарды өзінен-өзі жек көріп жүретін сұрқия мінездерді көзіміз шалады.

Бар ойын өзгелер жайлы күмән-күдік торлаған адам сөйлемей тұрмайды. Ал ақиқатқа теріс жаман ойдан не өтірік не өсек шығады. Сөйтіп кейбіреулер жаман ойлап қана қоймай, сол жаман ойын жұртқа өсек қылып таратып та жүреді. Қаншама адам сондай ғайбат сөзге сеніп те қалады. Екі ортада жазықсыз жандар сорлайды. Нақақтан нақақ біреудің қарғысына ұшырайды. Осыған қатысты хадис шәріптердің бірінде Алланың елшісі (с.ғ.с.):

«Жаман ойлаудан аулақ болыңдар. Өйткені жаман ойлау – сөздердің ең өтірігі» деген.

Демек, бір адамның екінші адам жайлы жаман ойлауының артында қаншама ауыр күнәлар жатыр. Бұл жайлы Құран кәрімде:

«Әй мүміндер! Көп күмәннан аулақ болыңдар. Шындығында, күмәнды ойдың кейбірі күнә» - деген анық аят бар («Хужарат» сүресі, 12-аят).

Аятта өзгелер жайлы күмән ойлауда күнә бар екені айтылған. Ендеше, адам кейбір жаман ойлары үшін бұл дүниеде немесе ақыретте ауыр азапқа ұшырауы ықтимал. Алла бетін аулақ қылсын. Жаман ойлау көбінесе кеудесі тар, ақылы келте, білімі жоқ, өмірден түйген-білген өнегесі аз, сауатсыз, надан адамдардың бойынан көрінеді. Қазақтың «Жаман баста жаман ой» деуі содан болса керек. Себебі өзінің кеудесінде жақсылық болмаған соң, өзгелер жайлы жақсылық қайдан пайда болсын. Сондай-ақ адам өзіндегі ұнамсыз қылықтар өзгелерде де міндетті түрде бар деп қателесуі мүмкін. Міне, осындай өзі танымайтын адам туралы өзіндік пікір айтатындар бар. Бір кісі екінші кісімен бірге өмір сүрмесе, бірге жұмыс істемесе, бір-бірімен көрші немесе жақын туыс болмаса, бір-бірі туралы күмәнды ойлар айтуы дұрыс емес. Күнделікті араласып жүрген күнде де істің ақиқатын білмесек, ол жайлы тіс жарып сөз айту үлкен қателік.

Әркімнің істеріне қарап ішкі сенімі туралы үкім айту да жаман ойға жатады. Мысалы, бір кісі арақ ішіп жүрсе, оны дінсіз, кәпір деп атап, ешқашан емделмейтіндей көру дұрыс емес. Жүрегінің түбінде кімнің мұсылман, кімнің басқа екенін бір Алладан өзге ешкім білмейді. Сол секілді адамдар бір іс жасағанда, олардың ішінде қандай ниет бар екенін де Алладан басқа ешкім білмейді. Мұсылман адам айналасындағы әрбір істі жақсылыққа жорып отырғаны дұрыс. Сонда қателік те аз болады. Осы тұста сахабалардың дәуірінен бір өнеге келтіре кетелік:

Әбу Бәкірдің (р.а.) халифалығы кезінде бірде Мәдина қаласында қуаңшылық белең алды. Халық бір үзім нанға зар болды. Осыдан кейін Мәдинаның барлық саудагерлері қолындағы бар қаржысын бидай алып, оны үстеме бағамен сатуға жұмсады. Хазірет Оспан да осы кезде Шамға адамдарын жіберіп, жүз түйеге бидай артып әкелдіреді. Бұл Мәдина халқының басым көпшілігіне жететін астық болатын. Осыны естіген кейбір саудагерлер дереу хазірет Оспанға барып, сол бидайды сатып алмақ болды. Олар бидайдың шамамен бес келісіне төрт дирхам бермек болып ұсыныс жасады. Бірақ хазірет Оспан саудагерлердің бұл бағасын аз көріп:

«Сендерден де артық беруші бар» деп қарсылық білдірді. Саудагерлер бағаны көтеріп көріп еді, ол тағы да: «Сендерден де артық беруші бар» деп келіспей қойды. Саудагерлер бағаны жеті дирхамға дейін көтеріп көрді. Алайда ол тағы да әлгі сөзін қайталап: «Сендерден де артық беруші бар» деп жауап қайырады. Кейбіреулер оның қарсылығын «мынау қысылтаяң шақты пайдаланып көп олжа таппақ болып тұрғанға» жорыды. Халық аш жатқанда мынаның бұл тірлігі ақылға сыйымсыз, бұнысы несі деп түсіне алмады.

Ақырында олар мәселені Халифа Әбу Бәкірге жеткізді. Ол: «Меніңше, бұнда бір сыр жатыр. Шамасы, сендер оны түсіне алмағансыңдар. Ол – Аллаһ елшісінің күйеу баласы һәм жаннаттық серігі. Елдің аштығын пайдаланып олжа табар адам ол емес. Оның бұл ісінде сөзсіз даналық жатыр. Ал, кәне, бәріміз бірге барып істің мәнін жеке өзінен сұралық»,– дейді.

Олар осылайша бірге хазірет Оспанға барады. Халифа оған саудагерлердің шағымын айтып, неге айтылған бағаға сатпағанын сұрайды. Хазірет Оспан сонда былай деп жауап береді: «Әй, Аллаһ елшісінің халифасы! Бұлар бидайды жеті дирхамнан беруді сұрады. Яғни, бірге жеті есе бермек болды. Бірақ мен оны бірге жет жүз есе беретін біреуге сатқым келіп отыр. Аллаһ тағала әрбір жақсылыққа жеті жүз есе сауап беремін деп уәде еткен жоқ па?! Мұндай мол табыс тұрғанда мен неге затымды оларға арзан бағаға берейін?!».

Хазірет Оспанның мына жауабына саудагерлер таңырқап, терең ойға батты. Ол жайлы жаман ойлағандарына ұялды. Хазірет Оспан осыдан кейін жүз түйелі бидайдың бәрін Мәдина халқына садақа етіп тегін таратты. Кедей мен жоқ-жітіктерді қуанышқа бөледі. Пайғамбарымызбен қатар барлық сахабалар да бізге теңдессіз өнеге. Сол себепті хазірет Оспанның мына ісі қашан да көкірек көзі ашық адамдарға ғибраты мол өнеге болып қала бермек.

Сөз соңында айтарымыз, жаман ойлау адамдарды еш уақытта жақсылыққа апармаған. Ал жаман ой, өтірік сөз, жалған өсектің кесірінен елдің басына небір зұлмат замандар орнаған. Сондықтан туған-туыстарымыз, көршілеріміз, басшыларымыз, діндес бауырларымыз, достарымыз жайлы тек қана жақсылық ойлап, жақсы сөздер айтуға тырысқанымыз дұрыс.

(Авторыдң «Жанұя жарасымы» атты кітабынан).

 

                                

0 пікір