Жақсы ойлаудың маңызы («хусни занн»)
Жақсы ойлаудың маңызы («хусни занн»)
9 күн бұрын 1722
Тұрғын Нұғман

Ислам дінінде «су-и занн» және «хусни занн» деген қос термин бар.

  • Су-и зан - біреу жайында жаман ойлау.
  • Хусни зан - біреу жайында жақсы ойда болу. Немесе ғалымдардың берген анықтамасымен айтқанда: «жақсы ой мен жаман ой қатар келгенде, жақсы ойды таңдау». Мысалы, біреумен кездесер кезде кешігіп жатса, оны кінәламай «мүмкін намаз оқып жатқан шығар немесе бір жағдай болып қалған шығар» деген сияқты жақсы ойда болуды білдіреді.

Су-и зан (жаман ойлау) адамдар арасында дұшпандықты, ренішті, бауырлар арасындағы туыстық байланысты үзуге алып келеді. Сол себепті, дініміз жаман ойлаудан ұзақ туруды кеңес етеді. Ал жақсы ойлау керісінше, адамның жүрегін тыныштандырып, жүйкелеріне пайдалы әрідесе достық, бауырмалдық сезімдерін және ренжімеуге үйретеді, және де, өзгелерге деген дұшпандық сезімін тудырудан ұзақ болады.

Жақсы ойлауды - «Аллаға қарасты жақсы ой» және «адамдарға қарасты жақсы ой» деп бөлуге болады.

Аллаға қарасты жақсы ой

Аллаға қарасты жақсы ойда болу уәжіп болмақ. Сахаба Жәбір (р.а.) жеткізген хадисте ол (р.а.) былай дейді: «Мен пайғамбарымыздың (с.а.у.) қайтыс болуынан үш күн бұрын былай дегенін естідім: «Ешқайсысың Аллаға байланысты жақсы ойда болмай тұрып өлмесін» деді». Алла жайында жақсы ойда болуды ғалымдар былай деп түсіндіреді: «Алла жайында жақсы ойда болуды «пенденің Алла оған мейірімін төгеді, оны кешіреді деп ойлауы». Алла қарасты жаман ойда болу - Алладан үміт үзуге алып келеді, ал Құранда болса "Алланың мейірімінен тек кәпірлер ғана үмітін үзеді" делінген. 

Алла жайында жақсы ойда болу керек жағдайлар

  1. Өлім төсегінде.
  2. Қиын-қыстау кездерде.
  3. Тұрмысы таралғанда. Мысалы, бұл уақытша жағдай, Алла тұрмысымды жақсартады, Ол ризық беруші, бай қылушы деу сияқты.
  4. Қарызына құтыла алмай кеткенде. Бұл кезде де Аллаға сыйынып, оған тәуекел етуі тиіс. Дұғаларынада: «Уә, ием! Қарызымды төлеп бер» десе болады.
  5. Дұға-тілек жасағанда. Дұға-тілек жасап, Алладан бір нәрсе сұрағанда Алла Тағала дұғамды қабыл етеді деген ойда болуы керек.
  6. Тәубе жасағанда. Мұсылман кісі күнә істеп қойғаннан соң, Алла тәубемді қабыл етеді деген үмітпен тәубе етуі тиіс. Ал «Алла бәрібір кешірмейді» деп Алла жайында жаман ойда болуға болмайды. Күнәсін қайталаған пендесін де Алла Тағала кешіреді, егер шын тәубе етіп, ісіне өкініп кешірім тілесе.

Адамдарға қарасты жақсы ойда болу 

Мұсылман адамға өзінің діндас мұсылман бауырлары жайында жақсы ойда болмағы ләзім. Әсіресе, адалдығы мен жақсы жөні басым адамдарға қатысты жақсы ойда болғаны жөн. Соның ішінде өзінің бауырлары мен достары турасында да жақсы ойда болмағы керек. Мүмкіндігінше бауырларына, дін бауырларына бірден кінә артқаннан гөрі, үзір іздеген абзал. Бір істеріне немесе сөздеріне қарап, бірден ренжімей, оған ақтап алар бір себеп іздегені жөн. Шайтанның араласуына жол бермеуі керек. 

Ескілікті даналардың хусни зан жайында айтқан ақылдары

«Үш нәрсеге адам баласы әлсіз. Олар: жаман ырым, жаман ой және көреалмаушылық. Жаман ойдан құтылудың жолы - ол жайында айтпау; көреалмаушылықтан құтылудың жолы - баурыңа жамандық тілемеу; жаман ырымнан құтылудың жолы - оны іске асырмау» - Исмаил ибн Үмия (рахимаһуллаһ).

«Достың досына қатысты төрт түрлі амалы бар. Олар: қуудан бұрын кешіру; кінәлаудан бұрын жақсы ойда болу; сұрамай тұрып, беру; бетіне баспай тұрып, үзір тану». Халил ибн Ахмед.

Қорыта айтқанда, Ислам діні мұсылмандарды адамдарға қатысты жақсы ойда болуды, оларға қатысты жаман ойда болмауды үйретеді, әсіресе, адалдығы мен жақсы жағы басым болған адамдарға қатысты жаман ойда болу күнә болады. Өйткені, адамдардың сырлары мен олардың ішкі жан-дүниелерін бір Алла ғана біледі. Құранда Жаратушы Құдай Тағала былай деген: «Ей, иман еткендер! Көп ойдан ұзақ тұрыңдар. Шынында кейбір ойлар күнә...». («Хужурат» сүресі, 12 аят). Пайғамбарымыз да (с.а.у.) бір сөзінде: «(Жаман) ойдан ұзақ тұрыңдар! Шынында ой ең кәззәб сөз...» деген. («Әдәбуль мүфрад»). Өкінішке орай бүгінгі қоғамда "су-и зан", яғни, біреулер жайында жаман ойда болу құлқы басым. Біреу сүрініп, қателік істесе немесе бір нәрсені қате айтып қойса, ел болып соны сөгіп, сынап, жер жебіріне жетіп жатамыз. Ал оның пенде екендігін және қателесуге қақы бар екендігін ескермейміз. Ал Хусни зан, яғни, жақсы ойда болушылық көбірек болса, адамдар да көбірек кешірімді болар ма еді деген ойдамыз.  

0 пікір