ДІНДЕ ӨЗАРА СЫЙЛЫҚ АЛЫП-БЕРІСУ
ДІНДЕ ӨЗАРА СЫЙЛЫҚ АЛЫП-БЕРІСУ
2 жыл бұрын 3417

Өзара сыйлық тарту, ішкі жан сарайы бай мүминдердің бір-біріне сый ұсынып, қуанышқа бөленетін ізгі істердің бірі болып табылады. Шын пейілмен жасалған сыйлықтар адамдар арасындағы махаббат пен бауырмалдық сезімдерін арттыра түсері даусыз. Сонымен қатар, сыйлық беру арқылы Аллаһ Тағаланың разылығына қол жеткізуге болады.

Ғаламның мақтанышы Пайғамбарымыз (с.а.у.):

«Бір-біріңе сый тарту етіңдер! Арадағы сүйіспеншіліктерің арта түседі», - деп сый тартудың маңыздылығын көрсетеді (Муатта, Хуснул-Хулқ 16; Бұхари, әл-Әдебул-Муфрад 594; Мунауи III, 271).

Басқа хадис-шәріпте Пайғамбарымыз (с.а.у.): 

«Бір-біріңе сыйлық беріңдер! Көңілдеріңдегі кірбің кетеді», - дейді (Тирмизи, Уәла 6/2130).

Әнәс ибн Мәлік (р.а.):

«Балаларым! Бір-біріңе сый тарту етіңдер! Өйткені ол, араларыңдағы сүйіспеншілікті арттыратын ең күшті дәнекер», - деп өзара сый алып-берісудің маңыздылығын атап айтқан. (Бұхари, әл-Әдәбул-Муфрад 595).

Сыйлық тарту ету жомарттықтың, нышаны. Әрі көркем ахлақтың белгісі. Мұсылман ішкі жан сарайы бай, жомарт жан болғандықтан сыйлық тарту еткенде үлкен ләззат алады. Бір кісіні сүйіндіріп, дұғасын алу ол үшін үлкен қуаныш болып табылады.

Аллаһ елшісі (с.а.у.) өзара сый тартысуды құптайтын. қолына мүмкіндік тиген сәтте-ақ сыйлық тарту ететін. Әрі өзі тарту етілген сыйлықты қабыл ететін. Бұған Айша анамыздың (р.а.): «Аллаһ елшісі (с.а.у.) сыйлық қабыл ететін. Әрі қарымта ретінде сый тарту ететін», - деген риуаяты айғақ бола алады. (Бұхари, Хиба 11).

Адамзаттың асылы Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзіне берілген нәрсенің сыйлық яки садақа екендігін сұрастырып жүретін. егер садақа болса, сахабаларының пақырларына үлестіріп беретін. Өйткені садақаны игілігіне жарату Аллаһ елшісіне (с.а.у.) харам етілген болатын. Ал берілген нәрсе, сыйлық болып шықса һәм өзі алатын һәм сахабаларының мұқтаждарына беретін (Бұхари, Хиба 5; Мүслим, Зекет 175).

Сый тарту ету, берілген сыйлықты алу кісіні бағалаудың нышаны. Терең сүйіспеншіліктің белгісі. Сол себепті сыйлықтың құндылығы емес, онымен бірге келген мән-мағына маңызды. Демек сыйлықтың үлкендігі яки кішкенелігі маңызды емес кең пейілділік, ықылас маңызды. Пайғамбарымыз (с.а.у.):

«Уа, мұсылман әйелдер! Ешбір әйел қойдың сирағы болса да, көршісіне беретін сыйлығын аз көріп, бермей қоймасын», - дейді. (Бұхари, Хиба 1, Әдеп 30; Мүслим, Зекет 90).

Басқа хадис-шәріпте Аллаһ елшісі (с.а.у.):

«Егер мен, сирақ яки жауырынмен (пісірілген) асқа шақырылсам дереу барамын. Ал егер маған, жауырын немесе сирақ сыйға берілсе, (ойланбастан) қабыл аламын», - дейді (Бұхари, Хиба 2, Неке 73; Мүслим, Неке 104).

Құлдар да қолындағы барымен арпа нанға Аллаһ елшісін (с.а.у.) қонаққа шақыратын. Ол оны аз көрмей қонаққа баратын (Хайсами IX, 20). Демек, тарту еткенде немесе қабыл алғанда сыйлықтың үлкендігіне, кішілігіне мән бермеу қажет. Өйткені материалдық жағдайға қарай, сыйлық беру әдептілік қағидасына кіреді. Берілген сыйлыққа, қолдағы мүмкіндікке қарай қарымта беру ләзім.

Бірақ қатты шығынға батудың да қажеті жоқ. Бұл жайлы хадис-шәріпте былай делінген:

«Сендерге біреу сыйлық тарту етсе, қарымта сыйлық беріңдер! Беретін нәрселерің болмаса, оған дұға етіңдер!» (Ахмед II, 96).

Сыйлық тарту еткенде әуелі жақын көршіден, туыстан бастау қажет. Қолдағы мүмкіндікке қарай һәм жақынға һәм алысқа сыйлық беріледі.

Хазірет Айша анамыз (р.а.): «Уа, Аллаһтың елшісі! екі көршім бар. қайсысына сыйлық тарту етейін?» - деп Аллаһ елшісінен (с.а.у.) сұрадым дейді. Сонда Пайғамбарымыз маған қарап: «Есігі саған жақынырақ болғанға бер», - деді (Бұхари, Шұфға 3, һиба 16, Әдеп 32).

Сыйлық тарту еткенде қандай да бір пайда күтпеу қажет. Тек Аллаһ Тағала разылығы үшін берілуі керек. Пайғамбарымыз (с.а.у.) шынайы ықыласпен берілмеген сыйлықты алуға тыйым салған. Бұл жайлы хадистерде былай делінген:

«Кез келген біреу бауырының ісін жүргізуге септігін тигізіп, бауыры оның (көрсеткен бұл қызметіне) сый тарту етті (делік). Егер ол сыйлықты қабыл алса, өсім есіктерінің біріне кіргенімен тең (өсім жегенмен тең)» (Әбу Дәуіт, Буюғ 82/3541).

"Араларыңдағы біреу, бауырына қарызға ақша берді (делік). қарызға ақша алған жан, қарыз бергенге сыйлық тарту етсе, қабыл етпесін! Яки көлігіне отырғызғысы келсе, көлігіне отырмасын! Бірақ бұрыннан араларында бір-біріне сый тарту, жәрдем беру болса, ол басқа әңгіме, бұған кірмейді" (ибн Мәжә, Садақат 19).

Абдуррахман ибн Сағд (р.а.) былай деп әңгімелейді:

«Аллаһ елшісі (с.а.у.) Әзд руының ибн Лұтбия деп аталатын кісісін, зекет жинау қызметіне тағайындады. Осы кісі қызметін толықтай атқарып Аллаһ елшісінің құзырына келіп: «Мына дүние-мүлік сендердікі, ал мыналар маған сыйлық ретінде тарту етілді», - деді.

Мұны естіген Аллаһ елшісі (с.а.у.) мінберге шықты. Аллаһ Тағала мадақ айтып, былай деп хұтпасын бастап кетті:

«Аллаһ Тағаланың менің билігіме берген істердің біріне, араларыңнан біреуді тағайындаймын. Кейін ол маған келіп: «Мына дүние-мүлік сендердікі, ал мыналар маған сыйлық ретінде тарту етілді», - дейді. Егер айтқан сөзі шын болса, неге әкесінің яки шешесінің үйінде отырғанда оған сыйлық тарту етілмейді?! Аллаһқа ант етейін! Араларыңдағы кез келген жан (заңсыз) бір нәрсе алса, сол алған нәрсесімен бірге Хақ Тағаланың құзырына шығады». Аллаһ елшісі (с.а.у.) артынша қолын көкке көтеріп: «Уа, Аллаһым! Тәблиғ еттім бе (жеткіздім бе)?» - деді (Бұхари, Хиял 15, Зекет 3, Хиба, 17, Жиһад, 189, Айман 3, Ахкам, 24; Мүслим, имара 26-27).

Ислам дінінде кез келген қызметтегі қызметкердің, қызмет бабын өз пайдасына қолдану ықтималы болғандықтан, оның қандай да бір сыйлық алуына тыйым салынған. Тіпті мемлекеттің зекет және салық қызметкерлерінің сыйлық алуына да тыйым салынған. Бұл үкім басқа да қызметтердегі жандарға жүреді. Өйткені үкімі харам болып табылатын пара алуды, нәпсінің айдауына көніп сыйлық ретінде қабыл алу, үлкен күнә.

Абдулла ибн Амр: «Аллаһ елшісі (с.а.у.) пара бергенді де, пара алғанды да лағнеттеді», - дейді.

Өзара сыйлық берісудегі маңызды нәрселердің бірі, берген сыйлықты қайтып алмау болып табылады. ғаламның мақтанышы (с.а.у.):

«Кез келген жанның сыйлық тарту етіп, оны кері қайтып алуы адал емес. Тек әке, баласына жасаған тартуын қайтып ала алады», - дейді (Әбу Дәуіт, Буюғ 81/3539).

Шынымен-ақ мұндай әрекет адамшылыққа жатпайды. Өйткені мұсылман баласы жасаған игілігіне өкінбейді. Әрі кез келген ісінің, Аллаһ Тағаланың разылығына сай болуына үлкен мән береді. Бір-бірімізге сыйлық тарту еткенде төмендегі мына әдеп қағидаларын біліп жүруіміз қажет:

  1. Адал жолмен келген, сыйға ұсынылған сыйлықты қабыл ету керек.
  2. Харам жолмен табылғандығы белгілі болған сыйлықты қабыл етпеу керек. Өйткені харам дүние-мүліктің зекеті де алынбайды. Бірақ сыйлық арқылы, ол кісіге тура жолды насихат ету мүмкіндігі туып жатса, сыйлықты қабыл етіп, сауап алуға үміттенбестен мұқтаж кісіге беру жөн болады.
  3. Қандай жолмен табылғандығы белгісіз сыйлықты, тарту еткен кісінің көңілін қалдырмау үшін қабыл етуге болады. Сонымен қатар оның қандай жолмен табылғандығын іздестірудің қажеті жоқ[1].

[1] Осман Нұри Топпаш: «Өркениет шыңындағы жауһарлар». «Хикмет» бапса үйі. Алматы-2011 ж. 

 

0 пікір