"Ислам деп қазағымның айтсам дінін..."
"Ислам деп қазағымның айтсам дінін..."
3 жыл бұрын 4663
Сұлтанмахмұт Торайғыров

Ислам деп қазағымның айтсам дінін,
Дос тұрсын, дұшпан таппас оның мінін.
Негізі ақылменен сонша үйлесер,
Мін іздеп қозғай алмас ешкім тілін.
Мақсаты: адам ұлын бақты қылмақ,
Дінімнің байқасаңыз ішкі сырын:
Бұйырған пенделерге әділ бол деп,
Әділдік бақыт үшін жалғыз жол деп;
Қажы менен жұманы парыз қылған,
Жиылып бір ынтымақ қылған оң деп.
Зекет бер, нашарларға көзің сал деп,
Ғылымды қайдан болса сонан ал деп.
Ешкімге өзің тиме, біреу тисе,
Өзіңді қорғау үшін қарсы бар деп.
Зекет бер дегеннің білсең мәнін -
Қырық жылда нашарға бер малдың бәрін.
Деген сөз бір есептен ойласаңыз,
Социалист емес пе пайғамбарым.
«Адамға еш нәрсе жоқ тектен тегін,
Орарсың бейнеттеніп ексең егін:
Адам ұлы - патшасы жер жүзінің,
Еңбегің сал, пайдалан, шығар кенін».
Ішті, тысты таза қыл дегені ғой,
Ойласаң дәрет, намаз дегендерін.
Әуелі бір аллаға иманды айтқан,
Сорлысың деп, болмаса бір сенгенін.
Осындай бақыт жолы - дін ислам,
Сұрасаң наныс жақтан сүйенгенім:
«Адам болсаң, басқаға пайдаңды шаш,
Көмілден соңға қалма, ілгері бас;
Жоғарыла құдайлыққа жеткеніңше,
Қартаймайтын, өлмейтін есікті аш!»

("Айтыс" дастанынан үзінді")

0 пікір