БАТЫЛДЫҚТЫҢ ДІНІМІЗДЕГІ АЛАР ОРНЫ
БАТЫЛДЫҚТЫҢ ДІНІМІЗДЕГІ АЛАР ОРНЫ
4 жыл бұрын 3336

Батылдық сөзі - қаһармандық, ержүректілік, батырлық, ерлік, жүректің тұрақтылығы, қиыншылық пен қауіп-қатер кезінде төтеп беру сияқты мағыналарға келеді. Бұл ұғым адамдағы ашу-ыза сезімі мен осының қарама-қарсы мағынасы болып табылатын «қорқақтық» сезімінің арасындағы орта жол болып саналады.

Батылдық негізі Аллаһ Тағаланың белгілеп берген тағдырына разы болып, мойынсұну деген сөз. Сондықтан да, тағдырға иман келтіріп, тәуекел еткен мұсылманға қорқақтық пен қорлық жараспайды.

Сәубаннан (радиаллаһу анһу) риуаят етілген хадис бойынша Расулуллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) былай деген:

«Сізге шабуыл жасау мақсатында бөтен қауымдардың бейнебір тамаққа жүгіріп келе жатқан ашқарақтардай бір-бірлерін шақыратын уақыт таяп қалды». Сонда бір сахаба:

– Ол күні санымыз аз болғандықтан осындай халге түсеміз бе, уа, Расулаллаһ? – деп сұрайды. 

Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) былай айтты:

– Жоқ. Керісінше, ол күні сан жағынан көп боласыздар. Бірақ сіздер бір су ағызып бара жатқан шөп-шалаң сияқты, ешқандай салмағы жоқ адамдардай боласыздар. Аллаһ дұшпандырыңыздың жүрегінен сіздерден қорқу сезімін алып қояды, ал сіздердің жүректеріңізге болса даафты  (әлсіздікті) орнықтырады! 

Ол жердегілер:

– Дааф не деген сөз, уа, Расулаллаһ? - десті. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм):

- Дүниені жақсы көру әрі өліп қалудан қорқу! - деп жауап қатты. (Әбу Дәуіт, Мәлаһим, 5/4297).

Демек, жүректерден батылдық пен ерлік кетіп, орнына дүниеқоңыздық, дүниеге берілу мен өліп қалудан қорқу сияқты сезімдер орныққан кезде мүминдер қор бола бастайды. Осылайша, дұшпандарының алдарында ешқандай да қасиеті мен құны қалмайды.

ӨНЕГЕЛІ КӨРІНІСТЕР

Алла Елшісінен (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өткен батыл адамды табу мүмкін емес-ті. Ол әдеттен тыс, күтпеген жағдайларға тап болғанда да, байсалдылық пен шыдамдығын жоғалтпайтын және қорқыныш пен сасқалақтау сезімдеріне бой алдырмайтын, қисынсыз әрекеттерге бар-майтын. Аллаһ Тағала өз елшісіне (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Мәдинаға хижрет ету жайлы әмір еткен кезде бұдан хабардар болған құрайш  мүшріктері Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) үйін қоршап алып, сыртқа шығар-шықпас қылышпен шауып өлтірмекші болды. Расулуллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) еш қорықпастан, есігін ашып, мүшріктердің басына топырақ шашқанда Ясин сүресінің алғашқы аяттарын оқыған бойы араларынан байсалдылықпен өтіп кете барған. (Ибн Сағд І, 227-228).

***

Хазірет Али (радиаллаһу анһу) былай деген:

«Біз Бәдір соғысында Аллаһ Елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) артына тығылдық. Ол күні Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дұшпанға ең жақын жерде жүрген еді, әрі адамдардың да ең батыры, ең мықтысы болатын». (Ахмед І, 86).

Абдуллаһ бин Омар (радиаллаһу анһума):

«Пайғамбарымыздан (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) да жомарт, одан ержүрек, одан мықты ешкімді көрмедім» деген еді. (Ибн Сағд І, 373).

***

Ухудта мүшріктерден бір адам түйемен алаңға шықты да:

– Менімен жекпе-жек шайқасатын біреу бар ма? - деп сұрады. Ол барлығының өзінен қорқып тұрғанын білген соң әлгі сөзін үш рет қайталады. Сол кезде сахаба Зүбәйр ибн Аууам (радиаллаһу анһу) ортаға шықты. Түйеге секіріп мініп, әлгі мүшрікке жабыса кетті. Екеуі түйенің үстінде біраз уақыт алысты. Сонда Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм):

«Төмен қарай тарт, жерге құлат оны» - деді. Көп уақыт өтпей мүшрік жерге құлады. Зүбәйр келіп, оны өлтірді. Осыдан кейін Аллаһ Елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм):

«Егер Зүбәйр шықпағанда, бәрі де артқа шегініп тұрғандықтан, мен ортаға шықпақшы едім» - деді...

***

 Мұхаммад бин Мәсләмә да Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) батырлығы жайлы былай дейді:

Құлақтарыммен естідім, көздеріммен де көрдім, Ухуд соғысында мұсылмандардың кейбіреулері қаша бастаған кезде Аллаһ Елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жалғыз өзі қалса да, олардың артынан:

«Ей, пәленше! Кел бері. Ей, пәленше, мына жаққа кел. Мен Расулуллаһпын ғой» - деп дауыстап жатқан еді. (Уақиди І, 237).

Осы ақиқатты мына бір аят та баяндайды:

«Сол уақытта сіздер соғыс майданынан шапшаң қашып бара жатып, ешкімге де қарамаған едіңдер. Аллаһтың Елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) болса (ешқайда қашпастан, зор ержүректілік танытып), арттарыңыздан сіздерді шақырып жатқан болатын...». (Әли имран сүресі, 153-аят).

***

Хазірет Әнәс (радиаллаһу анһу) былай дейді: Хүнейн күні Һауазин тайпасы мен Ғатафан тайпасы және басқа да тайпалар бала-шағасы мен  түйелерін  алып,  соғыс  орнына  келді.  Ол  күні  Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қасында он мың әскер бар болатын. Меккенің алынуынан кейін  кешіріп  жіберілген  меккеліктер  де  мұсылмандардың сапында болатын. Соғыс енді басталғанда бәрі де қаша бастады. Соңында Аллаһ Елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жалғыз өзі қалды. Аллаһтың Елшісі сол күні екі-ақ рет дауыстады. Осы екі рет дауыстауының арасында ештеңе де сөйлеген жоқ. Яғни, оң жағына бұрылып:

– Ей, Ансар жамағаты! - деді. Ол жердегілер:

– Айта беріңіз, уа, Аллаһтың Елшісі! Тыңдап тұрмыз, - десті. Кейін Расулуллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сол жаққа бұрылып, оларға да:

– Ей, Ансар жамағаты! - деп дауыстады. Ол жердегілер де:

– Ләббәйк, уа, Аллаһтың Елшісі! Біз сізбен біргеміз, - деді.

Пайғамбарымыз ақ түсті бір қашырдың үстінде отырған, содан жерге түсті де:

«Мен Аллаһтың құлы әрі елшісімін ғой» - деді. (Содан  кейін  барлық  мұсылмандар  жиналып,  арнайы  шабуылды бастаған соң) мүшріктер жеңіліске ұшырай берді... (Бұхари, Мәғази 56, Хумус 19, Мәнақиб 14; Мәнақибул Ансар 1; Мүслим, Зекет 135).

***

Әнәс бин Малик (радиаллаһу анһу) былай дейді: Пайғамбарымыз  (саллаллаһу  аләйһи  уә  сәлләм)  адамдардың  ең көріктісі,  ең  жомарты  әрі  ең  ержүрегі  болатын.  Мәдинада  бір  айқай-шу естілсе немесе бір қорқынышты жағдай орын алса, Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дереу Әбу Талханың Мәндуб деген атын аманатқа  алып,  айқай-шу  естілген  жаққа қарай  кететін.  Қай  жерде болмасын, бір айқай дауыс естілсе, Аллаһтың Елшісі сол сәттің өзінде-ақ Мәндубпен міндетті түрде жетіп баратын еді. Сондай түндердің  бірінде  мәдиналықтар  бір  айқай  естіп,  қатты қорқады. Үрейленген күйі сол жаққа қарай барады. Сөйтсе, Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) олардан бұрын ол жаққа барып, жағдайды біліп,  кері  қайтып  келген  екен.  Әбу  Талханың  атына  мініп,  мойнына қылышы ілулі халде сахабаларға: 

«Қорықпаңыздар! Қорықпаңыздар!» деді. Ал аты Мәндубты «Бейне бір сел (топан су) секілді, өте жылдам-ақ!»  деп мақтап жатты. (Ибн Сағд І, 373; Бұхари, Әдеп, 39).

***

Хандақ  соғысы  кезінде  Пайғамбарымыздың әпкесі Хазірет Сафия бинт Абдульмутталиб әйел, бала-шағалармен бірге  Хассан  бин  Сабиттың «Фари» атты қорған сарайын паналайды. Яһудилерден он шақты кісі әлгі қорғанға келіп, оқ жаудыра бастады. Олар ішке кірмекші болды. Солардың ішіндегі біреуі сарайдың айналасын қарап, ашықтау бір жер іздеп жүрген  еді.  Ал  осы  уақытта Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өз сахабаларымен Хандақта дұшпандармен соғысып жатқан болатын. Хазірет  Сафия  (радиаллаһу  анһа)  амал  жоқ, осы тығырықтан шығу үшін (әрі өзін және қасындағы әйел, бала-шағаларды қорғау үшін) өзі амал жасауға көшті. Басын бір орамалмен жақсылап байлап, қолына бір таяқ алды. Сөйтіп, сарайдан төмен қарай түсе бастады. Есікті  ашып,  байқатпастан  әлгі  жүрген  яһудиге  жақындай  бастады. Қолындағы таяғымен оның басынан ұрып өлтірді. Сонда оның өлгенін көрген өзге де яһудилер қатты сасып:

«Бізге  бұл  жердегі  әйелдерді  қорғаштайтын  ешкім  жоқ  деп  еді  ғой» - деді де қорқып, қаша жөнелді. (Хайсәми VІ, 133-134; Уақиди ІІ 462)...

Қорыта  айтқанда,  мүминдер  тек  Аллаһтан  ғана  қорқады  әрі  Оған деген  тәуекелдерінің  арқасында  Одан  өзге  ешкімнен  де,  ешнәрседен де  қорықпайды. Ержүректілікпен және батылдықпен Аллаһтың бұйрықтарын орындайды. Ақылға салып, күш-жігерлерін қайда, қалай жұмсау керектігіне баса назар аударып, соған сай әрекет жасайды. Аллаһ Тағала осы жағдайды бір аятта былайша суреттеген:  

«Ол  пайғамбарлар  (сондай  таңдаулы  пенделер)  –  Аллаһтың әмірлерін  жеткізеді, тек Аллаһтан ғана қорқады, әрі Аллаһтан өзге ешкімнен де қорықпайды...». (Ахзаб сүресі, 39-аят). 

"Өркениет шыңындағы жауһарлар" атты кітаптан.
(Ықшамдалынып алынды).

0 пікір