Алла пендеге күші жетпейтін нәрсені міндеттеуі мүмкін бе?
Алла пендеге күші жетпейтін нәрсені міндеттеуі мүмкін бе?
4 жыл бұрын 4487
Абдусамат Қасым

Имам Сабуни былай дейді: 

Біздің жолдастарымыз (Мәтуриди мәзхабындағылар) Алла оларды рахымына бөлесін айтқан: «Пенделер тарапынан жүзеге асырылуы мүмкін емес нәрсені Алла Тағаланың оларға міндеттеуі мүмкін емес» - деген. Бұл - Әшғария мәзхабындағылардың пікіріне қайшы.

Неге десеңіз, күші жетпейтін әлсізге (күші жетпейтін нәрсені) тапсыруы – Алланың даналығына сай емес. Мысалы, зағип жанға көруді және жүре алмайтын мүгедек кісіге жүруді міндеттеуі – аса дана болып табылатын Құдай Тағаланың даналығына тән іс емес.

Тарқатып айтар болсақ, міндеттеу (тәклиф) деген – бір нәрсені бұйыру деген сөз. Бұйыру арқылы Алла Тағала істеушіге сынақ ретінде ол нәрсенің істелуін тапсыруда. Егер, орындаса сауапқа кенеледі, ал істемесе жазаланады. Ал, енді, бұйрықты орындау – тек пенденің күші жеткен нәрселерде ғана жүзеге асуы мүмкін, пенденің күші жетпейтін нәрседе емес.

Осы тұрғыда былай делінсе:

«Алла Тағала Құран Кәрімде: «Раббымыз бізге күшіміз жетпейтін нәрсені жүктеме» деген дұғаны үйреткен. Егер пендесіне күші жетпейтін нәрсені міндеттеуі мүмкін емес болса, онда (бұл дұғаны айтып), Алладан күшіміз жетпейтін нәрсені жүктемеуін сұраудың не пайдасы бар?» 

Оған айтарымыз:

«Аяттағы күші жетпейтін нәрсені жүктемеуін сұрау, ол – Алла Тағаланың пендені күші жетпейтін нәрсені (яғни, сынақты) жүктемеуін (яғни, сынамауын) білдіріп тұр. Діни міндеттемені емес.

Біздің ойымызша, Алла Тағала пендеге тауды немесе үйдің қабырғасын мойнына жүктеп, пенде болса оны көтере алмай жан тәсілім етуі мүмкін нәрсе (яғни, мысалы, тау құлап не қабырға құлап, пенде оның астында қалып қойып жан тәсілім етуі мүмкін). Бірақ, Алла Тағала пендені "істесе сауап болады, істемесе жазаланады" деген ұғымда тауды немесе үйдің қабырғасын көтеруін міндеттеуі мүмкін емес. Өйткені, бұл нәрсе алдын айтып өткеніміздей, Алланың даналығына сай келмейді... ("әл-Бидая фи Усулиддин". Ықшамдап алынды).

Қорыта келе, іс жүзіне келгенде Алла Тағаланың пенделеріне күштері жетпейтін нәрсені міндеттемейтіні даусыз, мұны барлық Ислам ғұламалары бір ауыздан мақұлдаған. Өйткені, Құран Кәрімде ашық түрде: «Алла ешбір пендеге шамасы жетпейтін нәрсені міндеттемейді», - делінеді. Ендеше, талас не нәрседе болып отыр?

Талас – ақылмен ойлап қарағанда, ондай міндеттеменің болуы мүмкін бе, әлде мүмкін емесе пе? дегенде болып отыр. Ислам ғұламаларының бір бөлігі: Алла қаласа болуы мүмкін дейді, яғни, олардың ойынша, Алла қаласа пенденің орындай алмайтын істі оған бұйыра алар еді деп отыр (бірақ, іс жүзінде олай етпеген). Мәтуриди ғалымдары болса, ондай нәрсенің болуы мүмкін емес дейді. Өйткені, пендеге күші жетпейтін нәрсені бұйырып міндеттеп және кейін оны сол себепті жазалауы Құдай Тағаланың даналығына теріс нәрсе дейді олар. 

0 пікір