Сауаптың миллиардері болғыңыз келе ме?
Сауаптың миллиардері болғыңыз келе ме?
12 күн бұрын 2727
А. Қасым

Аллаға зікір-тәспихат айтып, Оны еске алудың сауаптылығы орасан зор екендігі баршаға аян. Бірақ зікірдің ең ұлығы – Құран оқу екендігін біріміз білсек, біріміз білмеуіміз мүмкін. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (ғалейһис саләту уә сәлләм) Құран оқудың қаншалықты сауапты екендігін мына бір хадис шәрифінде былай деп білдіріп өткен:

مَن قرأَ حرفًا من كتابِ اللَّهِ فلَهُ بِهِ حسنةٌ، والحسنةُ بعشرِ أمثالِها، لا أقولُ آلم حرفٌ، ولَكِن ألِفٌ حرفٌ وميمٌ حرفٌ

«Кімде-кім Алланың кітабынан бір әріп оқыса, ол үшін оған сауап бар. Әрбір сауап он есеге дейін еселенеді. Мен «Әлиф-Ләм-Мим»-ді бір әріп деп тұрғаным жоқ. Әлиф – (өз алдына) бір әріп, Ләм – (өз алдына) бір әріп және Мим – (өз алдына) бір әріп»[1].   

Аталмыш хадис шәрифке қарағанда, Құран оқыған адамға Құранның әрбір әріпіне он сауаптан беріліп отырады екен. Көз мөлшермен есептеп қараған кісіге, аз емес.

Мұны басқаша айтып көрелік. Мәселен, Құранның әрбір әріпіне берілетін "сауапты", бір сәтке "теңге" деп елестетіп көрейік. Әрине, сауаптың құнын ақшамен өлшеу мүмкін емес. Дегенмен, ұғыныңқы болу үшін мысал ретінде теңге деп елестетіп көрсек, бір беттің өзінен қаншама ақша түсіп отыр?!  

Мысалы, «Бисмилләһир рахманир рахим» сөйлемі - 24 әріптен тұрады (арабшасы 22 әріп). Егер, әрбір әріпіне он теңгеден берілер болса, ол дегеніміз, 240 теңге деген сөз. Яғни, егер теңгемен тұспалдап қарағанда, бір тек «бисмилләны» оқығанның өзінен 240 теңге пайда түспек. Ал, енді, осылай бір беттегі әріптерді есептеп көріңіз, қаншама сауап!

Міне, жоғарыдағы хадисте Құран оқитын болсақ, Құранның әрбір әріпіне он есе сауап алып отыратынымызды Алла Тағала пайғамбары арқылы біздерге хабардар етіп тұр. Басқа бір хадисте: Бір амал үшін - он сауаптан, жеті жүз есеге дейін сауап берілетіндігі баяндалған[2]. Яғни, бір ізгі іске он еседен, жеті жүз есеге дейін сауап бар. Сонда, Құранның әрбір әріпі үшін ең азы – 10 сауап, ал ең көбі – жеті жүз есеге дейін сауап беріледі деген сөз. Және де бұл бір мәрте ғана берілетін нәрсе емес, оқыған сайын, әр аятты қайталаған сайын беріліп отырады. Қиналып, ежелеп оқып жүргендердің сауабы одан да көп. Өйткені, қиналған сайын сауабы еселене түспек.

Осыншама сауабы бола тұра неге Құран кітабын аз оқимыз? Ойлап қараңызшы, егер сізге әлдебір жомарт адам «Құранның әрбір әріпіне он теңгеден беріп тұрамын» десе, күніне қанша сағат Құран оқитын едіңіз? Меніңше Құраннан бас көтермес едік. Ендеше, сауапты да теңге деп елестетіп оқып көріңізші. «Амал дәптер» деп аталатын ақыреттік шотыңызға Құранның әр бір әріпі үшін "он теңгеден", "жетіз жүз теңгеге" дейін түсіп отыр. Не деген қазына! Бір хатым Құран түсірсеңіз, миллиардер болып шыға келесіз. Ақшаның емес, сауаптың миллиардері. Сондықтан да, сауаптың миллиардері боламын десеңіз, Құран оқыңыз!


[1] Имам Тирмизи: «Сүнән». №2910 хадис. Сахих. Абдулла ибн Мәсъудтан жеткен.
[2] Имам Мүслім: «Сахих Мүслім». №1151 хадис.

0 пікір