"Истиғфар" айтудың көптеген пайдалары
"Истиғфар" айтудың көптеген пайдалары
1 ай бұрын 6097

*(Истиғфар – Алладан кешірім тілеу деген сөз. Оның түпнұсқадағы айтылуы – «Астағфируллаһ аль- Азим»ّ).

Құрметті мұсылман!

1) Күнәларыңның кешірілуін және жақсылықтарыңның артуын, әрідесе, дәрежеңнің көтерілуін қалайсың ба? Онда «истиғфарды» көп айтқын.

Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді:

«Кімде-кім бір жаман іс істеп қойса немесе өз-өзіне зұлымдық қылса, кейін ол (истиғфар айтып) Алладан кешірім тілесе, Алла Тағаланың аса кешірімді, ерекше мейірімді екенін көрер еді». («Ниса» сүресі, 110 аят).

2) Сондай-ақ, күш-қуатыңның артқанын қалайсың ба? Онда «истиғфар» айт. Алла Тағала Құранда Һуд пайғамбардың сөзімен былай дейді:  

«"Әй халқым! Раббыларыңнан кешірім тілеңдер. Сонсоң Оған тәубе етіңдер. Сендерге көктен жаңбыр жаудырып, қуаттарыңның үстіне қуат қоссын. Күнәһар болып, бет бұрмаңдар!» «Һуд» сүресі, 52 аят.

3) Мол жаңбыр, адал табыс, жақсы ұрпақ, кең ырзық-несібе қаласаң, истиғфар айт!

"Мен сендерге: «Раббыларыңнан кешірім тілеңдер, Ол өте кешірімді. Сендерге көктен мол жаңбыр жаудырады. Сендерді мал-дүние және бала-шағамен қамдайды. Әрі сендер үшін бақшалар жасап, өзендер ағызады» дедім...".«Нух» сүресі, 10-12 аяттар. 

4) Екі дүниеде де Алланың азабынан аман қалғың келсе, истиғфар айт!

«Алла Тағала оларды «кешірім тілеп жүргендерінше» азаптаушы емес». («Әнфәл» сүресі, 33).

5) Алланың рахымын қаласаң, истиғфар айт!

«Алладан кешірім тілемейсіңдер ме? Мүмкін рахымына бөленерсіңдер». («Нәмл» сүресі, 46 аят).

6) Аллаға жөнеліп, үнемі одан кешірім тілеуге ыждыхат таныт. Шынында истиғфарда сен үшін көңіл қоштығы және уайым қайғыдан, іштегі күйзелістен құтылу бар. Бұған байланысты сахаба Абдулла ибн Аббастан жеткен риуаятта Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген:

«Кім үнемі Алладан кешірім тілеп жүрсе, Алла ол үшін барлық қайғы-мұңнан (арылтып) қуаныш сыйлайды. Барлық күйзелістен шығар жол жаратады. Және де, күтпеген жерден ризықтандырып қояды». (Әбу Дәуід: «Сүнән». №15178).

Истиғфардың түрлері

Истиғфардың түрлері көп. Соның бірі «Истиғфардың төресі» деп аталатын мына истиғфар түрін ерекше атап өтпей кетуге болмайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үйреткен бұл кешірім тілеу дұғасы төмендегідей:  

اللَّهُمَّ أَنْتَ رَبِّي لا إِلَهَ إِلا أَنْتَ خَلَقْتَنِي وَأَنَا عَبْدُكَ وَأَنَا عَلَى عَهْدِكَ وَوَعْدِكَ مَا اسْتَطَعْتُ أَعُوذُ بِكَ مِنْ شَرِّ مَا صَنَعْتُ أَبُوءُ لَكَ بِنِعْمَتِكَ عَلَيَّ وَأَبُوءُ لَكَ بِذَنْبِي فَاغْفِرْ لِي فَإِنَّهُ لا يَغْفِرُ الذُّنُوبَ إِلا أَنْتَ

Транскрипциясы:

«Аллаһумма әнтә рабби! Лә иләһә иллә әнт. Холәқтәни. Уә әнә ъабдукә. Уә әнә алә ъаһдикә уә уәъдикә мәстә-тоъту. Уә әғузу бикә мин шәрри мә сонәъту. Әбу’у ләкә биниъмәтикә аләйиә. Уә әбу’у ләкә бизәнбий. Фәғфир-лий. Фә-иннәһу лә йәғфируз-зунубә иллә әнт!».

Мағынасы:

«Уа, Аллахым! Сен менің Раббымсың. Сенен басқа құдай жоқ. Мені Сен жараттың. Мен - Сенің құлыңмын және Саған берген уәдемде туруға, әрі келісіміме берік болуға күшім жеткенше тырысып бағудамын. (Уә, Аллаһым!) Істеген істерімнің жамандығынан Сенен пана тілеймін. Сенің маған сыйлап жатқан нығметтеріңді (ырыс-несібелеріңді (ешқайсысын) жоққа шығармаймын. Сондай-ақ, күнәмді де жоққа шығармаймын. Мені кешіре гөр! Шынында, күнәларды кешіретін тек Өзіңсің!».

Алла елшісі бұл истиғфардың артықшылығы жөнінде былай деп өтеді:

«Кім оны шын жүректен күндіз айтып, сол күні күн батпай жатып бақилық болып кетсе, ол пейіштік. Және де кім оны түнде шын жүректен айтып, сол түні таң атқанға дейінгі уақытта қайтыс болып кетсе, ол пейіштік». («Сахих Бұхари»).

Тағы бір «истиғфар» дұғасының бірі былай деп келеді:

«Раббиғфирлий уә түб аләйя! Иннәкә әнтәт тәууәбур рахим».

(Раббым мені кешір және тәубемді қабыл ет. Шынында Сен тәубені қабыл етушісің, мейірімдісің»). (Әбу Дәуід: «Сүнән»).

Және бір истиғфар дұғасы былайша:

«Астағфируллаһа әл-ләзий лә иләһә иллә һу. Әл-Хайюль Қайюм. Уә әтубу иләйһ».

Мағынасы: «Одан басқа құдай жоқ Алладан кешірім сұраймын. Ол – тірі, әрі мәңгі. Және оған тәубе етемін».

Былай деп те истиғфар айтуға болады:

«Астағфируллаһа уә әтубу иләйһ».

Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Мен күніне жетпістен көп Алладан кешірім тілеп, оған тәубе қыламын» - делінеді. Осы хадистің арабша нұсқасында истиғфар әлгіндей айтылған.

Ендеше, дәл қазір, истиғфарды шын жүректен бәріміз бірге айталық: Астағфируллаһ... Астағфируллаһ... Астағфируллаһ... Астағфируллаһ... Астағфируллаһ...

«ән-Нәфисә» атты кітаптан. (Араб тілінде).
Араб тілінен аударып дайындаған: А. Қасым.


 

0 пікір