Көршіге зиян тигізу – ауыр күнә
Көршіге зиян тигізу – ауыр күнә
3 жыл бұрын 4759
Шәмсуддин әз-Зәһәби (рахимаһуллаһ)
Жиырма екінші ауыр күнә – көршіге кесірін тигізу.

Екі «сахих» кітапта («Сахих Бұхари», «Сахих Мүслім») келтірілген риуаятта Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Уаллаһи, иман еткен болмайд! Уаллаһи иман еткен болмайд! Уаллаһи, иман еткен болмайды!» - дейді. «Кім, уа, Расулалла?» деп сұралғанда, Ол (с.а.у.): «Көршісі зиян-кестігінен аман болмаған адам», - дейді».

Алла елшісінен "Алланың құзырында ең үлкен күнә" жайында сұралған кезде, Ол с.а.у.: «Сені жаратқан Алла Тағалаға серік қосуың. Асыңа ортақтасуынан қорқып балаңды өлтіруің. Көршіңнің келіншегімен зина жасауың» - деп жауап берген.

Көршілер үш топқа бөлінеді

Көршілер үш топқа бөлінеді: 1. Туыстығы бар мұсылман көрші. Оның үш ақысы бар: Көрші ақысы, мұсылмандық ақысы және туыстық ақысы. 2. Туыстығы жоқ мұсылман көрші. Оның екі ақысы бар: көрші ақысы және мұсылмандық ақысы. 3. Кәпір көрші. Оның бір ақысы бар: көрші ақысы.

Әзіреті Омардың ұлы Абдулланың (ол екеуінен Алла разы болсын) йәһуди дініндегі көршісі бар еді. Қашан мал соятын болса, ол (Абдулла ибн Омар): «Йәһуди көршімізге де еттен апарып беріңдер» дейді екен.

Көршіңнің тигізген зиянына сабыр сақтау

Көршінің зияны тиіп жатса, сабыр сақтап, онысын көтере білу – бұл да, көршіге жасаған ізгіліктен болып саналады. БІр күні бір кісі Пайғамбарымызға келіп (с.а.у.): «Уа, Расулалла! Мені пейішке кіргізетін амал көрсетші» - дейді. Сонда Алла елшісі (с.а.у.) оған: «Жақсы адам бол» - деп жауап береді. Әлгі адам: «Уа, Расулалла! Мен өзімнің жақсы екенімді қалай білемін?» - деп сұрайды. Алла елшісі (с.а.у.) оған: «Көршіңнен сұра. Егер, олар сен жақсысың десе, демек сен жақсысың. Ал егер сен жамансың десе, демек сен жаман адамсың» -  деген екен. Бұл хадисті Әбу Һурайрадан Имам Бәйһақи риуаят еткен.

Әбу Дәуідтің «Сүнән» кітабында келтірілген риуаятта сахаба Әбу Һурайра мынадай хадис жеткізген:

«Бір ер адам Пайғамбарымызға (с.а.у.) келіп, көршісін шағымданады. Алла елшісі (с.а.у.) оған: «Бар. Сабыр ет» деп қайтарып жібереді. Ол адам екі-үш рет келеді. Кейін Алла елшісі ол адамға: «Бар да, жолға заттарыңды лақтырып таста» деп айтады. Әлгі адам солай істейді. Адамдар ол заттың қасынан өтіп жатып, заттың иесі жайында сұрастырады. Білетіндер оның көршісінен көрген зәбірін айтады. Сонда адамдар ол көршісіне қарғыс айтып, оны даттайды: «Оның істегенің Алла оған істесін» деп, теріс бата береді адамдар. Мұны естіген көршісі әлгі адамға келіп: «Ей, бауырым. Үйіңе оралшы. Менен енді ешқашан жамандық көрмейсің» деп айтады».

Көршің өзге дін өкілі болса да зияндығына сабыр ету

Риуаяттарға қарағанда, «Сәһл ибн Абдулла әт-Тустаридің» мәжуси (зороастризм) дініндегі бір көршісі болыпты. Бір күні көршісінің әжетханасының құбыры жарылып, Сәһлдің үйіне қарай бір тесік пайда болады. Сәһл күнде сол тесіктің астына бір ыдыс қойып, көршісінің әжетханасынан бері ағып келетін кірлі, нәжісті заттарды соған жинайды екен де, түнде ешкім көрмейтін кезде апарып төгіп тұрады екен. Осылай біраз уақыт жалғасады. Күндердің күнінде Сәһл қатты ауырып, өлім төсегінде жатқанда көршісін шақыртып:

- Анау бөлмеге кіріп көрші! – деп айтады.

Көршісі кіріп қараса, үйінің қабырғасынан тесік пайда болып, сол тесіктен бері қарай ыдысқа нәжістер түсіп тұр екен. Ол түсінбей:

- Мен не көріп тұрмын? – деп Сәһлден сұрайды.

- Бұл көптен бері сенің үйіңнен осында түсіп тұр. Мен күндіз оны ыдысқа тосып аламын. Түнде апарып төгемін. Менің ажалым жақындамағанда, саған айтпас едім. Менен басқасының ахлақы бұған кеңшілік жасай алмас деп қорқамын (яғни, менен басқасы бұған шыдай алмайды). Ал, енді, бұдан ендігісін өзің қара, - деп көршісіне мән жайды түсіндіріп беріпті.

Мұны естіген Мәжуси дініндегі көршісі таң қалып:

-Уа, ақсақал! Сен менің кәпір екендігіме қарамастан маған ұзақ уақыт бойы осындай мәміле жасап келдің бе? Әкел қолыңды. Мен Алладан басқа тәңір жоқ екендігіне және Мұхаммед оның пайғамбары екендігіне күәлік етемін!» - депті де тілін кәлимаға келтіріп, мұсылман болған екен. Одан кейін Сәһл дүниеден өтіпті.

Алла Тағаладан біздерді және сіздерді көргем әдепке, көркем іске және көркем сөз сөйлеуге бастасын деп сұраймыз. Және ақырымызды көркем етсін деп тілейміз. Шынында Ол – кеңшілік иесі, кәрім және кешірімді, рахымды[1].

Араб тілінен аударып, дайындаған: А. Қасым.


[1] Әл-Хафиз Шәмсуддин әз-Зәһәби: «әл-Кәбәир» (ауыр күнәлар).

0 пікір